Экология

Өскеменнің өкпесі қысылып тұр…

Қаңтар айында облыс орталығы – Өскеменде жиырма төрт күн қолайсыз метеожағдай тіркелінген. Тұманды көк түтін басып, қала тұрғындарының тымырсық ауадан дем ала алмай, деміккен күндері ақпан айында да аз болған жоқ.

Өскеменнің өкпесі қысылып тұр...Өскемендегі «Экологиялық қауіпсіздік орталығының» директоры, қала экология-сының сарапшылар комиссиясының төрағасы Геннадий Корешковтың айтуынша, былтыр қала бойынша қоршаған ортаны, экологиялық жағдайды оңалтуға орай барлық деңгейдегі қаржы көздерінен төрт миллиардтан астам қаражат бөлініпті. Бірақ оның бәрі тікелей қала ауасының тазаруына жұмсалмаған.

– Сол себепті қоршаған ортаны қорғау шараларына бөлініп отырған қаржы жыл сайын артып келе жатқанымен, облыс орталығының экологиясы, атмосфералық ауасы әлі жақсарған жоқ. Қала ауасының тазарып, экологиясының оңалуы үшін аса көп қаржы қажет. Біз қаланың экологиялық жағдайын жақсартудың жобасын, оған қанша ақша керектігін даярлап, жасап қойдық. Енді Үкіметтен келетін комиссияны күтіп отырмыз. Комиссия таяу күндері келу керек. Комиссияның ішінде осы салаға қатысы бар министрліктер мен ведомстволардан, Қаржы министрлігінен де өкілдер болады деген үміттеміз, – дейді орталықтың директоры.

Үкіметтік комиссия қарауына орталықтың, сарапшылар комиссиясының әзірлеп отырған ұсыныстары мен жоспарлары көп. Олардың бәрінің қаншалықты қолдау тауып, жүзеге асырылатынын алдағы уақыт көрсетеді. Ал экологиялық қауіпсіздік орталығының биылғы атқарар басты шаруаларының бірі – қалаға ағаш көшеттерін отырғызуды көбейтіп, су шашып, көшелердің шаң-тозаңын басу және экологияны жақсарту жөнінде халыққа ақпараттық үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу.

Қала ауасын ластап жатқан негізгі өнеркәсіптік газдар күкірт диоксиді мен азот диоксидінің шығарындылары «Қазцинктің» өндірісінен, Согра, Өскемен жылу-электр орталықтары қазандықтарынан шығарылып жатыр. Биыл іске қосылғалы отырған «Қазцинктегі» жаңа қорғасын өндірісі технологиясы ауадағы күкірт диоксидінің мөлшерін жыл сайын шығарылып келе жатқан отыз мың тонна мөлшерінен он бес мың тоннаға дейін азайтып, бір ШРК (шектеулі рауалды концентрат) дейін түсірмек. Қазір оның деңгейі бір жарым ШРК-нің айналасында. Қала ауасын өнеркәсіптік газдардан қорғау мақсатында «Қазцинк» компаниясы мен ЖЭО-ларда біршама экологиялық қауіпсіздік шаралары атқарылып жатыр. Осыдан он жыл бұрын «Қазцинктің» қорғасын өндірісінен атмосфералық ауаға шығарыл-ған күкірт диоксидінің көлемі жүз жетпіс тоғыз мың тонна болса, жыл өткен сайын азайып, былтыр отыз төрт мың тоннаға түскен.

Бүгінгі бұл көрсеткіштің өзі де көңіл көншітпейді. Өйткені зиянды шығарын-дылардың әсерін әрбір қалалық сезіп, зардабын тартып отыр. Қала тұрғындары қыс демей, жаз демей тыныс алу жолдары ауруларымен ауырып келеді. Кейбір ғалымдар экологияның адам денсаулығына тигізер әсері екіден жиырма пайызға дейін дегенімен, облыс орталығы тұрғындарының көпшілігі өнеркәсіпті қаланың зиянын тартып келе жатқаны өтірік емес.

Экологиялық қауіпсіздік орталығы директоры биылдан бастап қаладағы негізгі ластаушы кәсіпорындардың өнеркәсіптік мұржаларына шығарынды газдардың мөл-шерін анықтайтын есептегіш құралдар орнатылатынын айтады. Сөйтіп, шығарын-дыларды арнайы қойылған бақылаушы постарда ғана емес, тікелей өндірістік көздің өзінде анықтап, шынайы ахуалды айқындауға мүмкіндік тумақ.

Өскеменде қала ауасының ластануына «үлес» қосып жатқан басқа да кәсіпорындар жетеді. «Әділ», «Май», «Өскемен конденсатор» зауыттарының, қаланың ортасында тұрған сыра зауытының қазандықтарынан шығатын шығарындылардың да халықтың денсаулығына тигізіп отырған зияны көп. Оның үстіне оларда улы газдарды тұтып қалатын, тазартатын заманауи құрылғылар орнатылмаған.

Қаланың Абай, Ворошилов, Мыза сияқты орталық көшелерінің қақ ортасында орналасқан жанармай құю стансаларының да зияны, қаупі көп болса да жұмыстарын емін-еркін жалғастырып жатыр.

Бәрінен бұрын экологтар қаладағы алпыс мың мөлшеріндегі автокөліктер, қара түтінімен көшені көміп кетіп жатқан автобус-тар ауаны аяусыз ластап жатқанын, олардың техникалық жағдайын қадағалауды, олардың пайдаланып жүрген жанар-жағармайының сапасына тексеруді күшейту қажеттігін айтуда.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button