Денсаулық сақтау

Ортопедтер жаңа технологияны меңгерді

Облыстық ауруханадаНұр-Сұлтан қаласындағы Ортопедия және травматология ғылыми-зерттеу институты ортопедия бөлімінің меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты, жоғары санатты хирург Нағмет Мурсаловшығысқазақстандық ортопедтерге шеберлік оқуын өткізді. Мамандар жамбас сүйегіне жасалатын отаның жаңа технологияларын меңгеруге мүмкіндік алды.
Операция столындағы 23 жастағы жігіттің жағдайы өте күрделі деп саналады. Миы шайқалып, кеуде қуысы жарақаттанған жігіттің омыртқасы, жамбас сүйегі сынған, құйымшақ сүйегі жарықшақтанған, көп қан жоғалтыпты. Осыдан екі апта бұрын Шемонайхада жол апатына түскен зардап шегушіге алдымен орталық аудандық ауруханада ота жасалды. Оның сынған сүйектерін сырт жағынан құрсап тұратын аппарат орнатылды, бұл пациентті тасымалдауға мүмкіндік берді. Жансақтау бөлімшесінде интенсивті терапия алған пациент енді міне, санавиацияның көмегімен облыстық ауруханаға жеткізіліп отыр.
–Бірақ біз уақыт жоғалтқан жоқпыз. Алдымен шемонайхалық әріптестеріміз науқасты ескі әдістердің бірі – скелеттік созу аппаратына жатқызды. Жамбас сүйегі сынған кезде көп қан жоғалтады. Әріптестеріміз оны да тоқтатып, кеуде жарақатынан ауа жетіспеушілігі болғандықтан, дренаж орнатып, алғашқы көмекті көрсеткен, – деді облыстық аурухананың ортопедия бөлімшесінің меңгерушісі, облыстың бас травматологы Сергей Карасёв. –Ал біздің салалық ғылыми-зерттеу институтында бұл бағытта үнемі жаңа технологиялар қолданылып жатады. Жаңа әдістер ота кезінде көп қан жоғалтпауға, пациенттің операциядан кейін асқынусыз, тезірек оңалуына мүмкіндік береді. Сол себепті астаналық әріптестердің көмегіне жүгіндік.
Ортопедтер келешекте жас жігіттің сүйектері жетіліп, буындары тезірек қалпына келуі үшін операцияны төрт сағаттай жасады.
Жалпы, мұндай бірлескен операциялар өңірде тұңғыш рет өткізіліп тұрған жоқ. Өткен жылыаудандық ортопед-дәрігерлергежамбас сүйектерінің жарақаты бойынша ғылыми-практикалық конференция өткізілген. Мәскеуден, Германиядан, алыс шетелден келген ғалым-дәрігерлер өз тәжірибелерімен бөліскен болатын.
-Біз шығысқазақстандық ортопед-травматологтармен үнемі байланыстамыз. Бұл бізге аудандарда осы бағыттағы тәжірибені жетілдіре түсуге, кейбір жоғары технологиялы операцияларға қол жеткізуге мүмкіндік береді. Бүгін мен әріптестеріммен соңғы шыққан мәліметтермен бөлісіп, операция уақытын қысқартуға, көп қан жоғалтпауға мүмкіндік беретін соңғы технологиялармен, жаңа өзгерістермен таныстырдым.Облыс басшылығының денсаулық сақтау саласына көп көңіл бөлетінінен хабардармын. Өңірде заманауи жабдықталған, жоғары технологиялық медициналық орталықтар ашылған, сіздердің дәрігерлер шетелде білімдерін жетілдіруде. Бұл тәжірибенің барлығы өзінің тамаша нәтижелерін беретін болады,— дедіОртопедия және травматология ғылыми-зерттеу институты ортопедия бөлімінің меңгерушісі, жоғары санатты хирург Нағмет Мурсалов.
Төрт сағатқа созылған ота сәтті аяқталды. Операция кезінде біздің ортопед-хирургтер астаналық ғалымның әр қимылын қалт жібермей, жаңа технологияларды меңгеріп алды.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button