Денсаулық сақтау

Орталықтың ғимараты тарлық етеді

Орталықтың ғимараты тарлық етеді


Психотропты және ағзаға өте күшті әсері бар дәрілер үшін дәріханалар мен арнайы сегіз кабинет қажет, – дейді Семейдегі консультативті-диагностикалық орталықтың дәрігерлері.

Қалалық қоғамдық кеңесте осы және басқа да көптеген проблемалар талқыланды. Әсіресе, Семейдегі диагностикалық орталық көрсететін медициналық қызметтің сапасы туралы көп айтылды. Жиынға қала әкімі жанынан құрылған қоғамдық кеңес төрағасының орынбасары Жанна Жибраева, консультативті-диагностикалық орталықтың директоры Жанат Молдағалиева, Семей қалалық денсаулық сақтау саласы ардагерлері кеңесінің төрайымы Ника Гладышева қатысты.

Жанат Молдағалиеваның айтуынша, Семей қаласының консультативті-диагностикалық орталығында жалпы тәжірибедегі дәрігерлік қызмет бар, оларға 28 150 адам тіркелген.

-28 150 адам 18 учаске бойынша тіркеліп, медициналық қызметті толығымен пайдаланып отыр, – деді Жанат Молдағалиева, – дәрігерлер бір ауысымда 100-120 адамды қабылдайды. Бізге күніне 360 адам келіп қаралады, ем-шараларын алады. 2016 жылы бізге қосымша ғимарат керек болды. Себебі, халық саны көбейіп кетті. Біз қасымыздағы кітапхананың жарты ғимаратын сұрап алдық. Бұған учаскелік дәрігерлер кабинеттері орналасты, қосымша тағы да үш участок, әйел және ер адамдарды жеке қабылдайтын бөлмелер аштық. Фтизиатр қызметі, әлеуметтік-психологиялық қызмет және тұрғындарға аса қажетті дәріхананы ашып, іске қостық.

Қоғамдық кеңес төрағасының орынбасары Жанна Жағфарқызының айтуынша, «2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын орындау үшін дәрігерлерге жағдай жасалуы керек. Қанша десек те, бүгінде учаскелік дәрігерлерге артылатын жүктеме ауыр. Оны азайту қажет.
-Бізге қосымша педиатр кабинеті керек, – дейді диагностикалық орталық директоры Жанат Молдағалиева, – тіркеліп жатқан халық көп. Жан-жақтан көшіп келіп жатқандар үшін екі қосымша учаске ашып, дәрігер мамандар ұстағанымыз жөн. Медицина қызметкерлері үшін жұмыс кабинеттер жетіспей жатыр. Оларға санитарлық, тұрмыстық жағдай жасалмаған. Бұны да ескеру қажет.

«Денсаулық мектебі» бағдарламасы орындалуы үшін герантологиялық қызметті және тағы басқа да аса қажетті бөлімдердің жұмысын бастау керектігі де үлкен проблема екен.

Міне, осылардың барлығын мысалға келтірген консультативті-диагностикалық орталықтың әкімшілігі қоғамдық кеңестен өздері жартылай орналасқан кітапхана ғимаратының қалған жарты бөлігін де беруге көмектесулерін сұрады. Бұл диагностикалық орталыққа осыдан біраз бұрын балалар кітапханасының жарты ғимараты қосымша берілген еді. Жалпы диагностикалық орталықтың негізгі ғимараты қаланың көрікті жерінде орналасқан. Соңғы кезде тіркелген халықтың саны да көбейіп кетті. Медицина қызметкерлері ғимараттарын әлі де кеңейтуді өтініп отыр.

Раушан Нұғманбекова
Семей.

Осы айдарда

Back to top button