Денсаулық сақтау

Орталық тәулігіне 212 адамды қабылдады

Орталық тәулігіне 212 адамды қабылдады
Өскемендегі Күленов кентіндегі Халықтар достығы көшесі, №1 ғимаратта орналасқан отбасылық денсаулығы орталығы (№2 емхананың филиалы) салтанатты түрде ашылды.
Ашылу рәсіміне облыс әкімі Даниал Ахметов қатысып, кент тұрғындарын осынау айшықты оқиғамен құттықтады. Тұңғыш Президент күні қарсаңында ашылып отырған медициналық мекеме осы шағын аудан тұрғындарына қызмет көрсетпек.
– Елбасымыздың денсаулық сақтау саласына жіті мән беретіні белгілі. Осы орайда біз мереке қарсаңында облыс орталығында жаңартылған емхананы ашып отырмыз. Қызметкерлерге табысты жұмыс тілейміз, емхана заманға сай жабдықталған, – деді аймақ басшысы.
Медициналық мекеме тәулігіне 212 адамды қабылдауға шақталған. Бос тұрған ғимаратты қайта құру жұмыстары біраз созылып кеткен болатын. Тапсыру мерзімі үш рет шегерілген. Қараша айының басында осында келген Даниал Ахметов олқылықтарды түзетуге 20 күн уақыт берген-ді. Енді Күленов, Жыланды және Сол жағалау кенттерінің 12 мыңнан астам тұрғыны Жібек маталар комбинаты ықшам ауданындағы солжағалаулық емханаға қатынамай, бастапқы медициналық-санитарлық емді жақын маңнан алатын болды.
Аймақ басшысы емхананың кабинеттері мен құрал-жабдықтарын қарап шықты.
– Емхана қызмет көрсетуге әзір. Көп уақыт бұл ғимарат бос жатқан болатын. Бір жарым жылдың ішінде оны қалпына келтірдік. Іші жылы, ең бастысы, құралдармен жарақтану деңгейі қуантты, – деп түйіндеді аймақ басшысы.
Жиналған жұртшылық облыс әкіміне осы игі ісі үшін алғыстарын жаудырды. Атап өтерлігі, жөндеу жұмыстарына қазынадан 571,9 миллион теңге, ал құрал-жабдықтарды алуға 301,7 миллион теңге жұмсалған.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button