Орталық басқа ғимаратқа көшеді
Биыл Өскемендегіжұмыспен қамту орталығы өз орнын ауыстырмақ. Аталмыш мекеме орын тепкен қазіргі ғимарат мүмкіндігі шектеулі жандардың талабына сай келмейді дейді мамандар.
Кеше аймақ басшысы Даниал Ахметов Өскемендегі жұмыспен қамту орталығына барып, ғимарат дәліздерінің тарлығына, әсіресе мүгедектер үшін тым қолайсыздығына көз жеткізіп қайтты. Енді аталған мекеме бұрынғы Жедел медициналық жәрдем ауруханасының бос тұрған бір ғимаратына көшірілетін болады. Бұл туралы облыс әкімі тиісті сала басшыларына арнайы тапсырма берді.
– Жұмыспен қамту орталығына барып, мекеменің жай-күйімен таныстым. Сондағы келуші тұрғындармен әңгімелесіп, олардың талап-тілектерін білдім. Орталық аса маңызды мемлекеттік мекеме болғандықтан, мұнда азаматтар үшін барлық жайлы жағдайлар жасалуы қажет. Келушілерге сапалы қызмет көрсетіліп, олардың ыңғайлылығы жан-жақты ойластырылуы тиіс, – деді аймақ басшысы.
Бұрынғы аурухана ғимаратын толықтай жөндеуге қаражат алдағы уақытта бөлінетін болады. Ал құрылыс жұмыстары наурыз айында басталып кетпек. Оларды жүргізуге шамамен 4-5 ай кетеді деп жоспарлануда.
Облыс әкімі Өскемендегі бұрынғы жедел медициналық жәрдем ауруханасының бос тұрған ғимараттарын да қарап шықты.
– Ғимараттың іргесі, қабырғалары жақсы жағдайда, бөлмелерін кеңейтіп, іші-сыртын толықтай заманға сай етіп жөндеп шығу қажет. Келушілерге арналған күту орны кең болсын, қолайлылық жағын барынша қарастырыңыздар, – деп тапсырды ол сала мамандарына.
Нысандарды аралау барысында әлеуметтік қолдау саласының басшыларына бірқатар маңызды тапсырмалар жүктеді. Соның бірі – ақпан айынан бастап өскемендік мүгедектерге қажет жаялықшалар мен қозғалыс құралдарын үйлеріне дейін жеткізу. Қазір аталмыш санаттағы тұрғындар осы заттардың бәрін жұмыспен қамту орталығына өздері барып алып жүр.
Қазір осы істі жүзеге асыруға дайындық жүріп жатыр. Келер айдан бастап Өскемен қаласындағы 358 мүгедекке аталмыш қажетті заттар тікелей үйлеріне дейін жеткізілмек.
Сондай-ақ аймақ басшысы Даниал Ахметов Д. Серікбаев атындағы ШҚМТУ-да болып, оқу орнының ғылыми-зерттеу жұмыстарымен танысты.
Ержан Әбіш