Қоғам

ОРНЫ БӨЛЕК 10 ЖЫЛ

ОРНЫ  БӨЛЕК  10  ЖЫЛ

(Суретте: солдан оңға: отырғандар – М.Әбуғалиев, мәскеулік ақын мейман М.Львов, В.Бабин (\”Знамя коммунизма\” гәзетінің редакторы); тұрғандар – Б.Әбілдинов, Қ.Мақаметжанов, П.Гладышев (\”ЗК\” гәзеті редакциясының жауапты хатшысы), Р.Назмутдинов (\”ЗК\” гәзеті редакциясының бөлім меңгерушісі), ақын М.Чистяков, Ғ.Қабышев, Т.Қызықбаев, М.Мусин. 1962 жыл)

Әлбетте, тойымызға ұжымды, Бейсекеңді бас етіп, түгел шақырдық. Корректорлар бюросындағы төрт қыз-келіншектен басқа үш-ақ кісі келді: бойдақ ақын жігіт Айтқазы Нұрбеков және редакцияның шаруашылық қызметкері зейнеткер Сағит Мамаев бәйбішесімен. Әке-шешемнің, туыстарымың алдында бетіммен жер бастым. Өзге жолдас-жораларымның келмеу себебін ертеңінде білдім. Асғат аға: «Ғаббас, айналайын, сен мына отырған бізге ренжуге хақылысың, бірақ бізді түсінгейсің. Бейсекеңнің алақұйын мінезін білесің ғой, оны айтысып-тартысып жеңе алмайсың. Кеше түсте бәрімізді жиып алды да: «Қабышевтың тойына барушы болмаңдар! Барғандарың содан кейін өкініп жүрмеңдер!» деді. Ешқайсысымыздың сөзімізді тыңдамай қойды. Не істейсің, оны білесің ғой, кешір, жарай ма? Біз ертеңдер барып, аға-жеңгемізді келінді болғандарымен құттықтап шығамыз», – дегенді қинала айтты. «Мейілдеріңіз» дей салдым. Иә, ертеңінде: Асекең, Мұқан, хабар бөлімінің меңгерушісі Қапан Сапарғалиев келіншектерімен келді. Құтты болсынды бастап сөйлеген Асекең әке-шешеме, туыстарыма: – Кеше келе алмағанымыз үшін сіздердің барлықтарыңыздан кешірім сұраймыз. Келмегеніміз Ғаббас пен Әсиләні сыйламайтындығымыз емес, біз бәріміз бұл екеуін ініміздей, қарындасымыздай жақсы көреміз, бізге сеніңіздер! Бірақ бір қиын жағдай болды да, келе алмадық, оны Ғаббасқа айттық, Ғаббас түсінді, ренжіген жоқ» деп жуып-шайды. Кешіміз жақсы өтті.

…Бейсенғали Тәйкіманов редактор болып келгеніне бір апта өте бере ұжымды түгел жиып:
– Үлкен-кіші жолдастар, бұнымыз өзара ашық бейресми әңгіме болсын, тұрмыстарыңыз, жұмыстарыңыз жайында не айтқыларыңыз келсе, соны қорғанбай, бірақ тоқ етерін айтыңыздар. Мұқан, сен айтылғанның бәрін бірер сөйлем ғана етіп қағазға түсіріп отыр да, соңында маған бер, – деді. Мұқан Бейсекеңнің қосымша үстелі басына отырды да, қағаз-қаламын сайлады. Әңгіме басталды. Сол сағатта естігендерім есіме түссе, бүгін де бетім дуылдап, құлағым шыңылдап кетеді. Ұжымдағы отыз шақты адамның қызметке келгенінің алдына жиырма жыл, соңына – мен сияқты жастарға бес жыл болған екен. Балалы-шағалы он екі адам үйсіз-күйсіз жүр! Балаларын бақшаға орналастырудан үміт үзгендер қаншама?! Ал облпартком, облатком, қалалық партком мен атком редактор Бейсек Исабековтен бастап журналшы атаулыны атқосшыға айналдырып жіберген-ді. Ол ұйымдардың кез келгені бізді ойларына келген жаққа жұмсай береді. Лездеме (летучка) жүргізіп отырған редакторымыздың жоғарыдан телефон соғылған сәтте, бөлім меңгерушісі немесе нұсқаушы соқса да: «Хорошо, хорошо, сейчас, сейчас!» деп тұра жөнелгенін талай көрдім.

Әрқайсысымыз хал-ахуалымызды қысқаша айтып бердік. Бейсекең ұмсына отырып мұқият тыңдады. Кейде көзәйнегін қозғап қояды, кейде басын ақырын шайқайды. Сақал-мұрты жоқ болса да, анда-санда сақалын сауғандай ишара жасайды. Сондай әдеті барын кейін білдік. Ешкімнің сөзін бөлген жоқ. Әңгіме аяқталған соң, еңсесін тез көтеріп, көзәйнегін үстелге тастай салып, «Қазбек» папиросын тез тұтатты да, екі-үш рет қатты сорып-сорып, күлсалғышына тастады. Қараторы өңі қошқыл тартқан. Содан кейін бізге жағалата қарап алып:
– Орыстың «шарашкина контора» дейтіні бар, айналайындар-ау, сендер сондай бірдеңе болып кетіпсіңдер ғой?! Сырттарыңнан қарағанда, «сен тұр, мен атайын!» дейтін жігіттерсіңдер, не қарап жүрдіңдер? Партия, кәсіподақ, комсомол ұйымдарың бар, сонда бірде-бірің редакторларыңның бетіне тура қарай алмағандарың қалай? Ауылдың: «құдайдың көзі түзу болсын» дейтін қауқарсыз кемпір-шалдарынша мүлгіп, мылқиып отыра бергенсіңдер ме? – деді. Сонан соң төте телефонының тұтқасын көтеріп, табағын айналдыруға кірісті. Қайыра жауап келгенінше иегін бір сауып алып, тамағын кенеді. Арғы жақ үн қатты. Бейсекең сөйлеп кетті:
– Товарищ Неклюдов, здравствуйте! Вас беспокоит Тайкыманов, как ваше здоровье, настроение?.. Хорошо. У меня, товарищ Неклюдов, большая просьба к вам вот какого характера: работники обкома партии, облисполкома, горкома, горисполкома, именно завотделами, их заместители, даже инструкторы, оказывается, превратили журналистов нашей редакции в мальчики на побегушках, вызывают когда хотят, посылают куда хотят, понимаете. Это, по-моему, безобразие. А вот вчера товарищ Белявский через своего заместителя вызывает меня к себе, потом сам звонит, и сердито говорит: «Товарищ Тайкуманов, почему не приходите, когда вас обком партии вызывает!». Товарищ Неклюдов, вы меня слушаете? Хорошо. Тогда я ему ответил так: «Товарищ Белявский, вы – не обком партии, а только завотделом обкома. Вы член бюро, я тоже член бюро, у нас равные права, нас утверждает и освобождает бюро. До свидания!» – сказал я ему. Товарищ Неклюдов, вы меня поняли?.. Хорошо, спасибо!.. А?.. Мы, журналисты, умеем уважать всех, кто нас уважает. А?.. Спасибо!.. Всего вам доброго! – деп сөзін бітірді де, бізге қарап: – Бұдан былай, жігіттер, ешқашан «атқа жеңіл телпекбай» болмайсыңдар, менсіз тырп етпейсіңдер, ұқтыңдар ма? – деді.
Біз жаңа басшымыздың батылдығына таңғалып, сүйініп тарадық. Обкомның бірінші секретарымен олайша сөйлесуге болады, сөйлесе алады деп кім ойлаған?! Неклюдов Алексей Ивановичтің бірінші секретарь болғанына он шақты жыл. Жұрт оны байсалды, мәдениетті, іскер деп сипаттайтын. Бейсекеңнің сөзін бөлмей тыңдады.
Сол күннен бастап біз жоғарыдағы құдайсымақтардың құрығынан құтылдық. Ал арада жыл өтер-өтпесте бәріміз пәтерге жарыдық.

Бейсекеңнің енді бір ғажап ісі: жасы алпысқа толған күні (егер жаңылыспасам, 1965 жылдың жазы) таңертең бәрімізді жиып алып, хал-жағдайымызды сұрай әңгіме бастап, арқа-жарқа болып сөйлесіп, жұмыс барысында бастан өткен қызық жәйттерді еске ала әзілдесіп отырды да, «Қазбегінің» түтінін езуінен шығара бізге басын сәл қисайта қарап:
-Айналайындар, біз бірде алай, бірде былай болса да, бес жылды бірге өткіздік. Мен бәріңе ризамын. Кеше обкомның бірінші секретарында болып, өтінішімді беріп, қызметтен босауға, пенсияға шығуыма келістік, жастарға орын беру керек қой, – дегенінде біз:
-Бейсеке, ол қалай?!
-Аға!
-Бейсеке, пенсияңыз не?!
-Обкомға айтамыз, босаттырмаймыз!
-Ешқайда кетпеңіз! – деп жамырай сөйледік. Тосын жаңалыққа қарсы өре түрегелдік. Бейсекең жымия бас шайқады да:
-Дәп қазір кеткелі отырған жоқпын, бюроның шешімі шыққанша әлі осында боламын, жарайды, жақсы, барыңдар, жұмыс күтіп қалды, – деп үстелінің суырмасын ашып үңіліп, әлденені іздей бастады. Өзінің де көңілі босағанын сездім.
Екі аптадан кейін редакцияға обкомның екінші хатшысы келіп, ұжымға бюроның шешімін оқып беріп, обкомның атынан Бейсекеңе алғыс айтты. Жаңа редакторымыз Мұқан Әбуғалиев болды. Оның ертеңінде Мұқан ұжымды жиып, бәріміздің атымыздан Бейсекеңе ыстық лебіз білдіріп:
-Бейсеке, орныңызға мені ұсынып, сенім көрсеткеніңізге рахмет! Сіз редакцияның да, әрқайсысымыздың да шаңырағымызды биіктеттіңіз, береке ұялаттыңыз, аман-есен жүріп, жүз жасаңыз! – деген сәтте біздің ду қолшапалағымыз кабинетті керіп кете жаздаған шығар. Ортамызда отырған Бейсекең түрегеліп, басын изеп, оң қолын жүрек тұсына басты да, орнына отырды. Мұқан сөзін жалғап: – Бейсекең екеуіміз ақылдастық, менің орныма Ғаббас жауапты хатшы болады, обком келісті. Ал ендігі жаңалық: Бейсекең әзірше осында, өзімізде, мәдениет және тұрмыс бөлімінің әдеби қызметкері болады! – дегенде, Бейсекеңнің құрметіне ду қолшапалақтадық.
Әлбетте, Бейсекеңнің алпыс жылдығын атап өттік.
Төрт-бес айдан кейін Қарағанды қаласына көшкен Бейсекеңмен қимай қоштастық…

ОРНЫ  БӨЛЕК  10  ЖЫЛ

(Суретте: солдан оңға қарай Рамазан Сағымбеков (газеттің жауапты хатшысы, Бейсенғали Тәйкіманов (\”Коммунизм туы\” газетінің бас редакторы), Мұқан Әбуғалиев (редактордың орынбасары)

Бейсекең есіме түскен сайын мына бір жәйт қоса қабаттасады:
Есігіміздің қоңырауы есі шыға шар-шұр ете қалды. Үйді көшіріп әкетердей екпіндеп барады. Жылы төсегімнен жылжып түспесіме қоймады. Ұшып тұра жүгірердей шама менде жоқ. Көзім ілінгелі оншама көп болмаған. «Түн ортасында шақырған ол қай тауық?!» деп әкем гүр етті. «Байқа, мас біреу болып жүрмесін», деп шешем күңк етті. Екеуі де еріксіз оянып, елегізіп жатыр. «Бұлар қайтер екен?» дегендей бір сәт «ішін тарта» қалған қоңырау қайтадан қиқулады. Үстел шамымды жағып, аяғыма шәркейімді іліп алып «жолға шықтым». Есікке жетіп: «Бұл кім?!» дедім, дауысымды қоңыраудан асырып. «Ғаббас, бұл мен ғой, жүр, редактор күтіп отыр» дейді қоңыраушым. Редакцияның шофері Насыр. Сағат таңғы төрт! Түсіндім.
Баспахана ғимаратының корректорлар бөлмесіне кіріп барсам, үстел басында тонға оранған Бейсекең отыр, малақайын баса киіп.
-Мынауың тағы не пәлең?! – деді, көзәйнегінің үстінен қарап. Алдында жатқан гәзетті маған қарай ысыра салды. Атақты шопанның (аты-жөні есімде қалмапты) кеуде суретінің кіндік тұсында «Шартараптан» тұр, шақырайып. Шетелдік хабарлар топтамамыздың шекесіне қойылатын тұрақты клишеміз (темірден жасалған айдар). О, сұм-ай!

-Мен басуға рұқсат деп қол қойғанда, бұл жоқ болатын, – дедім.
-Енді қайдан пайда болды?!
-Цехтағы мастерлер шығар…
-«Шығар»! Бар, ендеше, достарыңа барып кел!
-Сіз қол қойған бет пе? Мен алып келейін, – деді, шетірек отырған курьер әйел.
-Өзім барамын, – деп жөнеле бердім.
-Өзі барсын, – деді редактор, өкпелеген кісіше күңк етіп.

Жаңа, 1961 жылға, арнап шығарылатын гәзетке сол күні кезекші редактор болғанмын. Гәзеттің «сигнальный» деп аталатын әуелгі екі данасын кезекші редактор мұқият тексеріп шығып, ешқандай қате болмаса, гәзет таралымын – тиражын басатын ротация цехының шеберлеріне бояу сапасына, т. б. ұсақ-түйекке қатысты ескертуін айтып, «В печать» деп қол қояды да, үйіне кете береді. Оның ескертулерін оңдаған соң, шеберлер гәзет санын екі дана етіп басып, редакторға жібереді. Редактор оқығысы келген материалды оқиды, немесе әрбір беттің техникалық түр-түсінің сапасын қарап, бәрі дұрыс болса, «В свет» деп қол қояды да, гәзет таралымы басылады. Сол күні көке мылжың Н.Хрущевтің бір мәжілісте сөйлеген сөзінің мазмұндамасы гәзеттің екі бетіне әрең сыйып, жаңажылдық санымызға қосымша (вкладыш) салып, түнгі сағат үште ғана «уһ» дегенбіз. «Уһтің» ақыры енді бақырысқа айналмақ.
Цехқа барсам, кезекші екі шебер – Федя мен Рақым көкала түтіннің арасында карта соғып отыр.

-Мынау немене? Қайсыңның «өнерің»? – дедім гәзетті алдарына тастай салып.
-Что, пожар? – деді Федя. Тілі күрмеліңкі.
-Да, пожар! Иди, потуши!
-Не боп қалыпты? – деді Рақым. Оның тілі де «түзу емес».
-Новый год же, – деп Федя түрегелді.
-Поздравляю! Пошли! Жүр! – дедім. Бет құймалары бар айналмалы станокқа бардық. Атақты шопанның суреті тұрған тұсқа үңілсем, «Шартараптан» жапсырылулы!
-Федя, это твой новогодний подарок читателям? – дедім. Ол клишені сыпырып алды:
-Вот бля… – «ашуының аяғын» жұтып қойды.
-Әй, Рақым! Редактор корректорлардың бөлмесінде тосып отыр, қол қоюына дереу алып кел! – деп шығып кеттім.
-Иә, не пәле екен? – деді Бейсекең мырс етіп.
-Клише деген пәле жапсырылып қалыпты.

-Шопанның шекесіне жапсырылмай… де Голльдің клишесінен гөрі ақылды екен, ә? – деп кеңк-кеңк күлді.
Бейсекеңнің «де Голльдің клишесі» дегені пәленің көкесі болған. Мынадан үш ай шамасы бұрын Франция президентінің Совет Одағына келу құрметіне берілген өмірбаяны мен суреті гәзеттің бірінші бетіне жарияланғанда, генералдың кеудесіне «Плакат-бет» деген клишеміз қиғаш жабысқан күйі шығып кетіп, он төрт мың оқырманның алдында масқара болғанбыз. Облыстық партия комитетіндегі у-шудың ақыры баспахана директорына қатаң сөгіс берумен, цехтың екі шеберін жұмыстан қуып тастаумен тынған. Ол екеуінің тілдері сол күні де «түзу» болмапты. Зейнет жасы жақындап қалған Бейсекеңе «байқамай қалғаны үшін» қатаң ескерту ғана жасалған.
-«Де Голльдің клишесін» ақымақ еткен өзіңіз ғой, – деп іліп қалдым. Бейсекең маған бағжия бір қарап, қарқылдап күліп жіберді…

Мұқан, әрине, «өзіміздің редактор» болды. Еңбек жолын редакция кеңсесінің пешін жағушыдан бастап, редакторлыққа жетті. Мінезі қызық, ашуы тез, жоқ жерде лап ете қалады, бірақ зіл сақтауы жоқ: «Бағана түсініспей қалдық па, чепуха!» деп күле бастайды да, сәлден соң ол да, біз де ақ моншадан шыққандай жадырап отырамыз. Ал Мұқанның жұмысқа берілгені ғажап, редакцияны өрге сүйреуден жалыққан, шаршаған емес. Екеуіміз кейде майқан мылжың Хрущевтан «есемізді алып» та жүрдік. «Көсемнің» көбік сөзін телеграфта маман қызметкеріміз Мәрия Мұқашева қабылдайды, шофер әкеліп тұрады. Орысша мен қазақша мәтіндерін Мұқан екеуіміз салыстырып оқып шығып, баспаханаға жібереміз. Ал қазақша аудармасы тым кешігіп, әбден қалжырай бастағанымызда Мұқан Раяға телефон соғып оятып, мәшінді жіберіп алдырады да, орысша нұсқадан аударуға кіріседі. «Мұқа, ертең біреу-міреу біліп қалып, пәле болып жүрмесін?» дедім әуелде. «Абзацтың қай сөзбен басталып, қай сөзбен аяқталуынан жаңылмасақ болды, чепуха! Кім оқып жатыр?!» дейді.

ҚазТАГ-ты сөйтіп «алдап» қоятын Мұқанды мен бір «алдадым-ау»! Тағы сол хрущевтік көбік сөзді тостық бірде. ҚазТАГ көлемі гәзеттің төрт беті болар деп ескерткен. Анығында бес бет болды. Амал жоқ, алты бет етіп шығару керек. Қалған бір бетке материалдарды запастан алып беттеттім. Сол әредікте ҚазТАГ әрқашанғыларынша түзету жіберді. Бұл жолғы түзету ересен екен, «көсемнің» сөзі алты беттен үш жүз сексен жол асып кетті. Гәзетті беттеуші Маша Сүтішева деген татар келіншек еді, маған бағжия қарап: «Тағы сегіз бет жасайсың ба, бұл не болды?» – деп ренжіді. Сағат түнгі 3 шамасы. Бәріміз де шаршағанбыз. «Жеті бет жасаймыз, сегізінші бетті аппақ қалпында қалдырамыз, мынаны оқыған жұрт ол бетке пікірлерін жазып жібереді» дедім. «Қылжақтамашы, материалдарды іріктеші!» деді. «Маша апай, келіңіз, екеуіміз құпия шарт жасасайық!» дедім. «Ол не шарт?» деді таңданыңқырап. «Бірінші беттен бастап негізгі, қосымша тақырыптардың бәрін кішірек әріппен қайта терейік!» дедім. «Ты что?!. Алты бетке бәрібір сыймайды». «Ендеше сегіз бет шығарамыз». Маша беттерді шолып, мөлшерлеп тұрды да: «Соның өзінде екі жүз жолдай сыймайды» деді. «Оны қысқартамын!». «Ты что?!.». Дауысы ышқына шыққан. «О не, беттеу бітті ме?» – деді сол сәтте жанымызға келе қалған Жүніс Ыбыраев. Ол кезекші редактор еді. Корректорлар бөлмесінде дем алып келгені. Оған жағдайды жасырмай айттым да: «Үштік одақ боламыз», – деп әзілдедім. Жүніс – редактордың орынбасары. Сабырлы да сақ жігіт. Менің «жаңалық ұсынысымды» ой таразысына салып тұрды да, жан-жағына қарап алып, жымиып: «Мұқанмен келісу керек шығар?» деді. «Мұқан келіспейді, осы үшеуіміз білеміз де, қоямыз» дедім. Жүніс тағы ойланып алды да: «Мен ештеңе естіген жоқпын, сен өз жауапкершілігіңе ал да, істей бер» деп тағы жымиып, бұрылып кете барды. Маша маған дүдәмәл пішінде қарап тұр. «Маша апай, поехали!» – дедім. Кішірейтетін тақырыптарды кішірейтіп, мүмкіндігінше сығымдай беттеп болғанымызда, тура 180 жол сыймай қалды. Соңғы екі беттің гранкаларын алып үстелге жайғастым да, қысқартуға кірістім. Мұқанның абзацтың бірінші сөзі мен соңғы сөзінен жаңылмау жайындағы «қағидасы» есімде, әрбір абзацтың ортасынан «артық» болып тұрған сөйлемдерді тауып, белгілеп, санап отырып, 180 жолды жоқ қылдым. «Ертеңдер біреулер оқығанда біліп қойып, пәле болып жүрмесін?!» – дейді Маша әлі де жүрексініп. «Түуһ, апай-ай, көке мылжыңның сөзін кім түгел оқиды дейсіз? Пәле бола қалса, «мен қысқарттым» деп мойындаймын да, түрмеге кете барам, сіздер тамақты уақтылы әкеліп тұрсаңыздар болды!» – деп едім, Маша: «Жаман сөзді айтпашы! – деп қабақ шытты.

Гәзет нөмірі беттеліп, оқылып, қатеден тазартылып болған соң, Мұқанға телефон шалып, нөмірді шығаруға рұқсат сұрадық. Редактор шолып шықпайынша кезекші редакторлар қол қоймайтын тәртіп бар-ды. Мұқан телефонға Жүністі шақырды. Жүніс телефон тұтқасын ала беріп: «Не дейін?» дегенді ишаралап иек қақты маған. Мен басбармағымды қайқиттым. «Бәрі жақсы де» дегенім ғой. Жүніс жымың етті де, Мұқанмен сөйлесіп: «Оқып бітірдім, бәрі дұрыс, алты беттен артылған жоқ, өлшегендей тура сыйып тұр… а?.. иә, бәрі дұрыс… осында, міне, жанымда тұр… жақсы… жақсы, – деп тұтқаны орнына қойып, бізге қарап үнсіз күлді де: – Мұқан бұл жолы оқымайтын болды, как говорится, тебе повезло», – деді, енді сылқ-сылқ күліп. Ол «операциямды» Мұқанға айтқан емеспін.

Мына бір қызықты да ұмыта қоймаспын. Балпылдаған Хрущев сілемізді тағы қатырып, түн ортасы ауа Мұқан дем алуға үйіне кеткен. «ҚазТАГ аударманы бере бастағанда хабарласарсың» деген. Мен Мұқанның кабинетіндегі диванда жатырмын. Сағат түнгі екіден асып барады. Бір заматта телефон шылдырлады. Телеграфтан Мәрия шығар деп тұтқаны алдым.

-Сәлеметсіз бе? Бұл Хрущев, – дейді. Әлбетте, орыс тілінде. «Түн күзеткен» кездерде көрші «Рудный Алтай» гәзеті редакциясының кезекшілері бізге, біз оларға басқа біреу болып телефон шалып, дауысымызды өзгерте сөйлеп қылжақтай беретінбіз. Солардың бірі де баяғы.
-Пошел ты, знаешь куда?! – деп тұтқаны қоя салып, диванға қайта жаттым. Сәлден соң телефон тағы шыр етті. Тағы тұрып бардым. Анау:
-Сізді мазалап тұрған Хрущев…
-Пошел ты на…! – деп тұтқаны тағы тастай салдым. «Сіркем су көтеруден» қалған. Бес минөттөй өткенде телефон тағы шақырды. Әй, мына ит!.. Әлде телеграфтан Мәрия ма?..
– Жігітім, Алматыдан хабарласып отырмын. Редакторыңыздың үстел шынысы астында ҚазТАГ аппараты қызметкерлерінің тізімі жатқан болар, соған көз жүгіртіңізші, Хрущев деген фамилия бар ма екен? – дейді анау. Тізімді көрдім. Көз жүгірттім. «Директордың орынбасары Хрущев Павел Петрович» дегенді оқыдым. Әлде Петр Павлович пе еді, анығы қазір есімде жоқ.
-«Хрущев» деген фамилия бар екен, – дедім.
-Ол менмін, – дейді, мырс-мырс күліп.
-Шын айтасыз ба?
-Шын. Мұқан Әбуғалиевич қайда?
-Дем алуға кетті, жарты сағаттай болды.
-Никита Сергеевичтің сөзінің аудармасын толық алдыңыздар ма? Жағдайларыңыз қалай болып жатыр?
-Жағдайымыз нашар. Аударманың әлі жартысын да алған жоқпыз, сарылып тосып отырмыз.
-Рас па?- дейді таңданыңқырап.
-Сіздің Хрущев екеніңіз рас болса, менің мағлұматым да рас.
-Солай ма?- деп күлді.
-Неге күлесіз?
-Фамилиям осылай болғандықтан, кейде анекдотқа бергісіз жәйтке ұшырай беремін. Жарайды, Мұқан Әбуғалиевичке сәлем айтыңыз. Мен қазір мұндағы аудармашылардың құлағын бұраймын, «аударып болдық» деп еді, мені алдаған екен ғой. Ал сау болыңыз! – деді. Мен сәл бөгелуін өтіндім де, сарылған кездерде болатын «ойындарымыз» барын айтып, өзіне әуелде сенбегенім, бөтен сөз айтқаным үшін кешірім сұрадым. Ол күліп:
-Оқасы жоқ. Мен кінәлімін. Сізге әуелі қызмет орнымды айтып, адамша дұрыстап танысуым керек еді, бірақ, жаңа айттым ғой, фамилиям шатақ. Сау болыңыз! Мұқан Әбуғалиевич менімен хабарлассыншы! – деді.
Хрущевім қызметкерлерінің құйрығын дереу бұраған болу керек, он бес минөт өткен шамада телетайптан Мәрия телефон соғып: «Аға, аударма беріле бастады» деді. Дәліздегі диванда ұйықтап жатқан шоферіміз Насырды оятып, телеграфқа, Мұқанға жұмсадым.

Мұқан келген соң, «Хрущев» хикаятымды айттым. Мұқан күліп:
-Ойбай, оның былтыр ма, алдыңғы жылы ма, әйтеуір, бірде Семейге барғаны тіпті қызық, кейін айтып беремін, – деді. Хрущевке телефон шалды. Анау менен қандай «сыбаға алғанын» әзілдеп айтса керек, Мұқан ішек-сілесі қата күлді…
Редакция ұжымы, иә, өте ұйымшыл болды. Қапан Қамбаров Алматыға көшіп, орынбасар Жүніс Ыбыраев болды. Мінезі салмақты, ақкөңіл, кішіпейіл, міндетіне мұқият. Екеуіміздің жасымыз шамалас, әзіл-қалжыңымыз жарасып жүрдік. Мақала, очеркті аз жазса да, мәнді, тартымды етіп жазады. Хат бөлімінің тізгін-шылбырын ұстаған Хадас ағай Наханов та ақжарқын, қушыкеш, әңгімешіл. Редакцияға келіп түскен хаттардың қайсысы қай бөлімде, іске асты ма, авторына жауап қайтарылды ма – ол жағын қадағалауы қатаң. Алайда, кейде әлденеге абыржып, секем алып, күдіктеніп қалатын.
Өнеркәсіп бөлімінің меңгерушісі Биғали аға Мылтықбаев орта бойлы. Қараторы. Қойкөз. Қалың ернінің үстіңгісінен бір езутісі қалайда қылтиып тұратын. Мінезі тұйық, «ішімдегімді тап» деп отыратын. Шылым шеккіш. Ал жұмысы өнегелі. Облыстың ірі кәсіпорындары басшыларымен байланысы тығыз, қайсысымен болсын еркін де қысқа сөйлесіп, мақала жазуға тапсырма береді.

Үгіт және насихат бөлімінің меңгерушісі Шерияздан аға Елеукенов жан-жақты сауатты, алымды, орнықты. Бойшаң. Сопақшалау аққұба өңі жылы. Әлдебір қызық әңгіме бастайтынын қиық көзінің күлімдегенінен байқайтынбыз.
Хабар бөлімінің «қожайыны» Қапан Сапарғалиев шағын денелі, шапшаң қимылды. Қушыкеш. Ауылдың да, қаланың да тірлігінен небір жақсы, жаңалық хабарларды «үйіп тастайтын».
Партия тұрмысы бөлімінің меңгерушісі Болат аға Әбілдинов – жұмбақ жан болып көрінуге тырысатын түсініксіздеу кісі еді. Аласа бойлы. Ортақ бір мәселені сөз ете қалғанымызда, орнына сай пікір айта қоймай, қысық көзі жұмылыңқырап, ешкімге қарамай, анда-санда «хе-хе» деп ақырын күліп отырады. Партия жиналысын ашуы, басқаруы, сөйлеуі де тартымды болмайды.

Ауылшаруашылық бөлімінің меңгерушісі еңгезердей Сәйделен аға Ғабдуллин өзара әңгімеде көпшіл, желпіне күліп сөйлейді. Ал шаруада сыңаржақтау, дойырлау. Сәкеңнің бөлімінде екі ай әдеби қызметкер болғаным бар. Ол өзімнің материалымды да, авторлардың мен қорытқан мақалаларын да бірінші жолынан бастап, ақырғы жолына дейін «түзетіп» шығатын. Көбінесе: «СОКП Орталық Комитеті пленумының шешімдерін басшылыққа алған ұжым еңбеккерлері…», – деп бастайтын. Ол мәнері апталық летучкада (лездемеде) орынды сыналса да, оң қорытынды шығара қоймайтын. Сол «мәнері» ығыр еткен соң, бір күні партия жиналысында оған ашық қарсы шықтым да: «Мен бұл бөлімде енді жұмыс істей алмаймын, мені басқа бөлімге ауыстырыңыз», дедім редакторға. Асғат ағаның қоластына баруым содан кейін.

Жауапты хатшының орынбасары Әскен Нұралин – іскер, оралымды, бірбеткей де әділ, батыл жігіт. Өзінің ісі дұрыс екенін білгенде ілінісіп қалған кісіге алара қарап, қоңқақтау қызғылт мұрынын сұқсаусағымен сипап алып: -А что, слушай!- деп қырылдаған дауысын көтере сөйлеп кететін. Орта бойлы, толықша денелі. Ол бірде мығым бітімді, сары балаң жігітті ертіп келіп, Мұқан арқылы редакторға шығып, редакцияның хабар бөліміне әдеби қызметкер етіп алдыртты. «Анау бала кімің?» дедім, секретариатта екеуіміз ғана отырғанда. «Кеңес пе? Ол – менің немерелес інім. Қайдағы «бала», слушай?! Флотта служить етіп келді. Келешекте жазушы болады, өйткені кітапты көп оқыған, өте білімді!» деді. Болжағаны болды: Кеңес Юсупов – бүгінде белгілі журналшы, жазушы. Үкімет орындарында, бірер гәзет редакциясында, баспаларда қызмет істеді. Астанада тұрады. Зейнеткер.

Гәзеттің аудандардағы тілшілері арасында Зайсан-Тарбағатайдағы Қуанбай Қозыбаев ерекше оралымды еді. Әралуан тақырыпта да, шапшаң да жазатын. Өзінің жазғаны, авторларға тапсырыспен жаздырғаны редакцияның әр бөлімінде қат-қабат жататын. Кемінде 300 жолдың көлеміндегі мақаласы гәзеттің екі нөмірінің бірінде шығатын. «Қуекеңе бір-екі цифр болса жетіп жатыр, подвальный материал дайын!» деп әзілдейтін құрдастары. «Подвальныйы» -гәзет бетінің төменгі жартысы. Ол орын қалайда «беделді» еді…

Ілгерінді-кейінді қызметтес болған: ілтипатты да іскер Рамазан Сағымбеков (кейінде Алматыда, Қазақ радиосында бөлім бастығы, Қарағандыда облыстық гәзеттің редакторы болды, «Қарқаралы» журналын шығарды), білімдар да биязы Уаһап Қыдырханов (кейінде бүгінгі «Егемен Қазақстан» гәзеті редакциясында он жылдан аса бөлім меңгерушісі, Қазақ радиосында бөлім бастығы, халықаралық «Шалқар» гәзетінің бас редакторы болды. «Құран Кәрімді Қазақстанда алғаш қазақшалады. Танымал журналшы, жазушы, тарихшы. Айтпақшы, Рамазан екеуін Алматыдан редакторымыз Бейсенғали Тәйкіманов шақырып алды. Рамазан жауапты хатшы, Уаһап мәдениет бөлімінің меңгерушісі болды. Бірақ екеуі де тұрақтамады, екі жылдан соң Алматыларына қайтты). Ойы-өрісі кең де тілі көркем Жұмағали аға Исмағұлов, артық-ауыссыз қоңырқай мінезді Ақан Мұхамадиев, қазақ, орыс тілдерінің «су төгілмес жорғасы» Меңғали Мусин, әңгімеқұмар Қамза Қасымов, «білмейтіні бит ішінде» Тоқан Берғалиев, кәсіподақ көсемі болуға туғандай қасқабас Қасымхан Малаев, абыр-сабыр Амантай Ілиясов, қызмінез Ғаббас Нәскенов, ешқайда асықпас Мұрат Қашқарбаев, бір «шіңкілдек» те бір «тоңқылдақ» Тоқан Әбуғалиев, өлеңге сырбаз «жалақ ерін» Тоқтарбек Қызықбаев, шаршамас шахматшы Өмірбек Оралбеков, күлегеш дойбышы Мүсілім Құмарбеков, алаң-далаң Талаптан Иманбаев, алқам-салқам Қырықбай Мақаметжанов, машинканың «құлағында ойнайтын» Валя апай мен құрдасым Дәмелі және қарындасым Шолпан, қашанда көңілі көктем апайым Ақшабике Айтықова, жымиып тұратын жайдары Алтын Ыбыраева, тап-тұйнақтай Роза Қасымова, бүгінгі жолын «бадырақкөздер» мектебінен бастаған (жұмысқа алынған жас жүрналшылар үшін күнде кешке баспаханада болып, шығар гәзеттің барлық материалын сол күнгі кезекшілермен бірге оқитын «бадырақкөздердің бір айлық курсы» бар еді), бертінде осы гәзетте он бес жыл редактор болған Жұмаділ Әділбаев…баршасы гәзеттің қызметшісі де, жанашыры да, иесі де болғаны анық.
Бұл «баяндамамда» аты-жөндері аталмаған іні-қарындастарым болса, кешірім өтінемін.
«Коммунизм туының» тарихында Оралхан Бөкейдің де өшпес ізі жатыр.

Редакцияның мәдениет және тұрмыс бөлiмiнде қызмет iстеп жүрген кезiмде Ораштың ауылдан анда-санда жолдап тұратын очеркiн, әңгiмесiн оқып, ең әуелi тiл құнарына қызықтым. Өзiм естiмеген, оқымаған сөздердi ұшырастырып, шын таңдандым. Өзiмнен әлдеқайда кiшi баланың соның бәрiн қайдан бiлетiнiн түсiнбейтiнмiн, кейде тiптi сене алмайтынмын, бiрақ сенбесiме қоймады, қызықтыра, тарта түстi. Орыс арасында өскен мен сияқтыларға таза қазақ ауылындағы Орашша тiлге жүйрiк болу тым қиын екенiн ақырында түйсiндiм, оның жазғандарына қалам тигiзуден тартындым. Алайда, амал не, әңгiмелерi, очеркi де өзiне қайтарылатын болды, біз, жастар, жақтағанмен, бөлім меңгерушілері мақұлдамайды, \”ащы iшекше шұбалтып жазады екен, мұнысы болмайды! Подвалдан асырмай жазсын!\” дейдi. \”Екi нөмiрге бөлiп берелік?!\” десек, шарт-шұрт шамданып: \”Ол, немене, обкомның, облискомның қызметкерi ме едi?!\” деп ажыраяды. Олар облпартком мен облаткомның қызметкерлерiнен басқаның жазғандарын подвалға әсте жолаттырмайтын…

Бірде мен редактордың ық жағынан жақындап: «қаламы ұшқыр жас екен, өзі де елгезек сияқты, деп бипаздап сөйлеп, Орашты «редакцияға жұмысқа шақырсақ?» деген ниет білдірдім.

Қысқасы: Ораш жұмысқа келдi, біздің бөлімде әдеби қызметкер болды, бiрақ үш ай ғана тұрақтады. Редакцияның жетi бөлiмi бар еді де, соның бесеуiн жаттанды сөз-сөйлемге әбден бауыр басып алған \”тәжiрибелiлер\” басқаратын (кадр жетіспейтін кезде не жетіжылдық, не орта мектептен кейін мұғалім болған, басқа да қызмет істегендер, гәзетке оны-мұны жазып жүріп, ақырында журналшыға зәру редакцияға шақырылып келгендер), әне, солар Ораштың жазғандарына мұрын шүйiрiп, тіпті: – Мынау қазақша емес, түсініксіз, иә, қазақ бұлай жазбайды! – десiп күлетiндi шығарды, редактор оларды қостап кеңкiлдейтiн болды. Орашты жақтайтындар азбыз, бiздi кекселер тыңдамайды. \”Әй, шырағым, сен бiзге ақыл айтатын жасқа әлi жеткен жоқсың!\” деп кергидi.

Бiр күнi Ораш: \”Ғаб-аға, мен ауылға қайтамын!\” дедi.
«Шыдай тұрсаң жарар еді, байқайық, көрейiк\” дедiм. Ораш иегiн оң жақ иығына бұрып тастап: \”Құрысын!\” дедi. Не дейін… қала бердім (кейін Алматыда бір үйде сегіз жыл көрші болдық, аға-інідей араластық, сырластық. «Гүл аңсаған бір ғұмыр» хикаятымды оқығандар оның бас кейіпкері аяулы інім Оралхан екенін аңғарған болар).

…Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні. Менің орныма жауапты хатшы болған Қырықбайға үстелімді тапсырып, Мұқанға бардым.

– Қай күні аттанатыныңды айтарсың, жақсылап шығарып саламыз, – деген Мұқанның жұмсарған үнінен жылылықтың лебі анық аңғарылды. Сол әредікте мен отыра кететін оңтайлы орын іздеген қалжыраңқы жаяу жолаушының күйін кештім бе, өне бойым дел-сал бола қалды. Әйтеуір, сондай біртүрлі күйде Мұқанмен қол қысысып, дәлізге шығып, сыртқа ұмтылдым…

Сол бір күйден арылмаған қалпымда Өскеменмен қош айтыстым. Иә, иә, Өскеменмен. Редакциямен емес. Он жыл бойы әй-шәй деспей жұмыс істеген, өзімнің отау үйімдей болып кеткен редакциядағы үлкен-кішімен қоштасуға дәтім жетпеді. Баршасы қыңыр қылықтан, пәтуасыз сөзден аулақ қимастарым еді, шын қимай, көзбе-көз қоштасуға дәтім шын жетпей, сырттай қоштасып, өзім байқамаған оғаш қылығым болса кешірім сұрап та кетіп бара жаттым. Біреуі маған: “Ғаббас-ау, мұның не?!” десе, мен жауапты аузымның сөзімен емес, көзімнің жасымен беретін тәріздендім. Төтелеп Жалғызтөбе теміржол стансасына апаратын автобусқа отырып, Ертістің көпірінен өтіп, енді әудемде қалып бара жатқан Өскеменге терезеден соңғы рет қараған сәтім қазір де көз алдымда және әлі күнге жүрегімді шымырлатады…
Мен – бүгінде «Дидардың» оқырманымын. Компьютерімді интернетке қостырып, гәзеттің сайтын ашқызып алдым. Әрбір санын ақтарып отырамын да, Шығысымды ойша шарлап кетемін. Дос-жолдастарыммен бірге айдынына құлаш ұрған Ертісім, қары мен топырағында ізім жатқан ауыл-қалалар көз алдыма көркем суреттей болып тұра қалады. Қадірлескен аға-інілерімнің, апай-қарындастарымның, құрдастарымның әсем әзіл-қалжыңдарын, қылаусыз күлкілерін естігендей боламын.

«Дидарды» кейде жастардың гәзетіне ұқсатамын: сан алуан тақырыпты қамтыған қысқа да нұсқа мақалалары, жастар өмірін өрнектеген жазбалары, өлең-жырлары, жаңалық, жақсылық атаулыны жарқ еттіруге құштарлықты бірден байқататын хабарлары мол. Өңір-өлке тарихынан сыр тарту, аруақты ардақтау, соғыс және еңбек ардагерлерін, қазіргі тірліктің адал жұмысшы-шаруасын, мәдениет саласының саңлақтарын, өнегелі отбастарын әспеттеу ұстанымы қуантады. Қыруар істегі кемшілік-олқылықты байқап-барлауы, себеп-салдарын аша сын тезіне салуы да орынды.
Бұл гәзет – менің де шығармашылық сапардағы алғашқы баспалдағым; ұзақ өмір жолымның дәм тартқанда ат шалдырып жүрген берекелі бекеті.

Көне атамекеніміз – Алтайдың «Дидары»! Шығыстың ел-жұртына шұғылаң мол бола түссін!

Ғаббас Қабышұлы

Соңы, басы сайтта 15 қазанда жарияланды.

Осы айдарда

Тарих

ОРНЫ БӨЛЕК 10 ЖЫЛ

	ОРНЫ  БӨЛЕК  10  ЖЫЛ

(Суретте: солдан оңға қарай Рамазан Сағымбеков, Уаһап Қыдырханов, Ғаббас Қабышев, Кеңесхан Зәкенев (Алматыдан журналшылық сыннан өтуге келген студент, зайсандық. 1959 жыл)

«Алтай большевигі» – «Коммунизм туы» – «Дидар»… Бұл – бір гәзеттің менің өміріме қатысты үш аты. Журналшы жолымды алғашқысында бастап, екіншісінде жалғап, ұйымшыл ұжымда 10 жыл қызмет істедім.
Бүгінде Совет Одағының Батыры Ізғұтты Айтықов атындағы орта мектеп кәмелеттік аттестат берісімен, 1956 жылғы шілде айының аяқ шенінде:
«Мемлекеттік Қауіпсіздік комитетінің қолтығына кіре қойсам, маңайымызда жай кісілерге көрінбей жүрген атаңа нәлет шпиондарды шетінен шыңғыртып ұстай берсем!» деп, солай қарай жүгіріп едім, ондағылар тоқтатып, ары аунатып, бері аунатып көрді де: «Екі өкпеңнің біреуі ілініп әрең тұр екен, соның түсіп қалмасын десең, бар, емдел, шпиондарда шаруаң болмасын!» – деп дертімді қайырып тастады. Содан соң шамырқанып, мектеп директорымыз Фатихов Жәмел ағайдың ақылымен Алматының Абай атындағы педагогика институтының қазақ тілі мен әдебиеті факультетінен бір-ақ шықтым да, емтиханнан екпіндеп өтіп… далада қалдым. Қабылданғандардың тақтаға ілулі тізімінен өзімді таба алмай, өртеніп кетердей болып деканға жетіп барып едім, ол менің қолымдағы «Емтихан парағымдағы» бағаның «5», ал өзінің қолындағы «Емтихан журналында» бағаның «3» екенін көріп, маған суық қарап: «Бұл мәселені ректор ғана шешеді, басымды қатырма!» деп қолын бір-ақ сілтеді.Әдебиеттен ауызша сынақ алған домалақ ағай мен арық апай «сыйлаған» екі бағаны екі алақаныма салып алып, институттың ректоры, Совет Одағынығ Батыры Мәлік Ғабдуллинге арызданып жетейін. Қабылдау бөлмесіндегі кезекте біржарым сағат отырғанымды қайтейін, көмек болмады. «Е, Алматы, ала-құла тірліктің қаласы екенсің, жә, қош бол!» деп, әрине, қатты күйініп: – Өскемен, қайдасың? – деп тайып тұрдым.
Өскеменде сауда орталығын басқарып тұрған аталас бір ағай қоластына жұмысқа алды. Онда үш ай істеп, қулық-сұмдықтың біразына еріксіз куә болып шошып: «Ауылға қайтамын, әкеме көмектесуім керек» деп босап, бір аптадан кейін «Алтай большевигі» гәзетінің редакциясына бет алдым. Ертістің жағасында, Киров көшесінің ең шетінде, екі қабатты ағаш үйде екен. Шәкірт кезімде оны-мұны хабарларым, тіпті «Ізғұтты Батыр» деген ұзақ өлеңім шыққан мені біреуі керек ететін шығар, көрейін деп тәуекел жасағанмын. Менің хаттарыма «Еңбекшілер хаттарының бөлім меңгерушісі Х.Наханов» деген кісі жауап қайтарып, айтқан ақылын: «жиі жазып тұр» деп жантартып аяқтайтын. Сол жанашырымды іздеп бардым. Тар бөлмеде бес-алты үстел тұр да, сонша кісі отыр. Қатты ыңғайсыздандым. «Наханов ағайға келіп едім» дедім. Төргі үстел басында отырған толықша, аққұба өңді, қысық көз, мұрыны үшкірлеу жігітағасы: «Менмін. Бері кел» деп шақырып, хал-ахуалымды сұрап алып: «Жүр, – деп жол бастап, сыртында «Жауапты секретарь Мұқан Әбуғалиев» деген жазуы бар шағын тақтайша ілінген бөлмені нұсқап, – кір, жасқанба, ол болмаса, әне, редактордың орынбасары Қапан Қамбаровтың кабинеті, соған бар», – деп жол сілтеді.
Сөйтіп, 1956 жылы қаңтар айының 11-і күні: дөңгелек қоңырқай жүзді, қойкөзді, бауырсақ мұрын жігіт Мұқанның, сопақша бетті, қиықкөз, артқа қарай тараған қара шашы сиыр жалағандай жып-жылтыр, қараторы реңді Қапанның, толықша денелі, ақсары өңді, екі шықшыты сәл шығыңқы, қысықкөз, ақ шала бастаған қалың шашты редактор Бейсек Исабековтің алдарынан өтіп, жұмысқа алындым. Шешімді тездетіп жіберуге орынбасарының редакторға: «Ізғұтты батыр» деген балладаны жазған шәкірт осы жігіт екен» дегені себеп болды-ау деймін.
Мұқан Әбуғалиев мені әзірше корректордың көмекшісі-подчитчик деген жұмысқа алатындарын, оның не жұмыс екенін түсіндіріп:
– Бұйрықты «уақытша» деп береміз, бірақ осында түпкілікті қалатын шығарсың, декретный отпускіге бірінен кейін бірі шыққалы жүрген подчитчик, корректор келіншектер бар, олар шығып, қайтып келгенше, кемінде бір жыл өтеді, оған дейін, егер қабілетің болса, литсотрудниктің орны да табылып қалар, – деді.
– «Корректор», «литсотрудник» деген не? – дедім. Мұқан түсіндіріп берді де, сол әредікте бөлмеге кірген орта бойлы, қызыл шырайлы, атжақты, дөңестеу мұрынды жігітке:
– Әскен, мына баланы жұмысқа алдық, подчитчик болады, типографияға апарып таныстырып, тапсырып кел, – деді. Әскен қолын ұсынып:
– Нұралин, – деді жарықшақ үнмен. Ол Мұқанның орынбасары екен.
Сонымен: корректордың көмекшісі, корректор, әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы болып он жылды өткізіп, 1966 жылы көкек айы туа өз өтінішіммен босадым. Әсіресе, Мұқан қатты ренжіді. «Мұқа-ау, жаман-жақсы болсын бірдеңелерді жазып жүрмін ғой, әдеби ортаға барайын, бұдан кейін мұндай қолайлы орын табыла қоя ма, түсінсеңізші! – деп әрең жібіттім. Ертеңінде Алматыға, «Қазақ әдебиеті» гәзетінің редакциясына жол тарттым…
«Алтай большевигі» – «Коммунизм туы» редакциясындағы он жылым қызық-шыжыққа толы болды. Совет Одағының бүкіл билігін көкезу Никита Хрущев иеленіп, аузына келгенді айтып, қолынан келгенді істеп баққан заман. Тың және тыңайған жерді игеру науқаны дүркірете жалғасып жатты. Хрущев дақыл атаулының атасы, дала падишасы – жүгері дегенді шығарып, жер-көкті жүгеріге толтырды; жан басына мал өнімдерін өндіруде Америка Құрама Штаттарын қуып жетіп, басып озамыз деп көкіп, бүкіл елді ашаршылыққа ұрындырды (ет, май, сүт, айран алу үшін таң бозынан дүкенге кезекке жүгірдік; қара нан – бір қолға бір бөлкеден, ал ақ нан дәрігердің «анықтамасы» бойынша асқазаны ауыратындарға ғана берілетін болды); машина-трактор станцияларын таратып, ауыл шаруашылығын шоңқитты. Халық шаруашылығы советі дегенді қайтадан құрды. Коммунистік партияны ауылшаруашылық, өнеркәсіп партиялары етіп екіге бөлді. Біздің гәзет те оның әрбір сөзін алтынға балап, әрбір күлкісін күміске балап, яғни, құптап, мадақтап бақты, басқаша деуге, шындыққа жүгінуге дәті жоқ. Редакция журналшылары «жалпыхалықтық құптаудан», «көсемді» шашбаулаудан жаңылмадық. Гәзеттің уақтылы шығуы сиреді. Күнара ҚазТАГ-тан: Қазір Никита Сергеевич Хрущевтің сөзін жібереміз, көлемі 25-30 восковок, деген хабар келеді. Онысы гәзеттің 1-1,5 беті. Орысша мәтіні алдымен келеді де, қазақшаға аударылғаны 2 сағат мөлшері кешігіп жетеді. Тергізіп, беттетіп бола бергенімізде, ҚазТАГ: Хрущев жолдастың сөзіне түзету болады, тосыңдар, деп тағы да «сүйінші» сұрайды. Мылжың жүгерішіде жаздырып алған сөз мәтінін қоя тұрып, беталды лағып сөйлеп кететін әдет бар-ды және, өзінше тапқырсынып, қайдағы бір анайы мәтелдерді айтатын. Сондай лақпа сөзіне кемінде жарты бет түзету келетін. Сөйтіп, гәзетіміз күнара түн ортасынан кейін, сағат 3-4-те шығады. Секретариаттағы біз, корректорлар, кезекші болғандар қалжырап, сенделіп жүргеніміз.
Әлбетте, ол «шыжықпен» қатар қызықтарымыз да аз болмады: туған күн, түглен жас, үйлену, шілдехана, жаңа пәтер тойы, ресми мейрамдар дегендей, мәре-сәреміз өз алдына. Іссапармен аудандарды аралап, ел көреміз, жер көреміз, ұжым жетістіктері, еңбек озаттары жайында мақала, очерк, ал кемшілік туралы сын мақала жазамыз. Ондай сапарлар мен сияқты жас журналшыларды қанаттандырады, ширатады, ысылдырады.
Он жылда үш редактормен істес болдым. Солардың редакцияға жақсылықты ең көп жасағаны – Бейсенғали Тәйкіманов. Ескі кеңседен Орджоникидзе көшесіндегі жаңа кеңсеге көшірді, жылдап үйсіз-күйсіз жүргендерімізге пәтер алып берді. Гәзеттің қаржысын молайтты. Оның бәрі де редактордың қоластындағыларға қамқоршы бола білу, қашан, қайда болсын сөзін өткізе алатын білгір, батыл, табанды болу қасиетіне байланысты ғой. Оның алдындағы редактор Бейсек Исабековтің тұсында жағдайымыз керісінше болды: кеңсе өте ескі үйде, қызметкерлердің айлықақысы, қаламақысы мардымсыз. Көбі пәтерге зәру. Бір ғана мысал айтайын: редакцияның жауапты хатшысы Мұқан Әбуғалиев шешесін, әйелін, екі баласын жетектеп пәтер жалдаумен жүріпті. Редактор біледі, бірақ көмектесер қауқары жоқ, қылаяғы қалалық атқару комитетіне тілек-талап айта алмайды, «пәтер» деп сөз бастағанымызға: «Горисполкомға бар, өзің бар!» деп зірк етеді.
Тұрмыс тауқыметі қажыта бастаған Рая Қасқанова (Мұқанның әйелі; редакцияда машинкашы) бір күні екі баласының бірін көтеріп, бірін жетектеп алады да, облыстық партия комитетінің бірінші секретары Пазиковтың алдынан бір-ақ шығады. Анау-мынау тосқауыл-кедергіні бұзып-жарып кірген ғой. Ашынған соң, қайтсін! Секретарь шошып кетеді, бірақ бейтаныс әйелге оғаш мінез көрсетпей, Раяның мұңын тыңдап, көмектесуге уәде береді. Содан көп кешікпей Мұқандар орталықтан төрт бөлмелі пәтер алды. Рая жеңгеміз (жарықтықтың жаны жаннатта болсын!) аңқылдап сөйлейтін ер мінез, ақ көңіл адам еді. Қоныс құтты болсын айта барғанымызда: – Обкомның бірінші секретарының кабинетіне басып кіргеніңіз ерлік-ақ! – дегенімде: – Пазиковқа «пәтер бергізгеніңізге дейін осында тұруға келдік» дедім, – деп жайраңдап күлді.
Бейсек ақсақал қоластындағыларға мығым, ал сырттағыларға, мәселен, облыстық партия комитетінің нұсқаушысына да қарсы ештеңе айта алмайтын редактор болды. Бізге көңілі түскенде – көл, көңілі түспегенде – шөл. Өз басымнан кешкен екі жәйтті айтайын. Бірде Марқакөл ауданына бардым. «Боран» совхозының бас инженері Хивричтің үстінен түскен арызды тексердім. Ол басекең қазақ кадрларға қырын қарап, қуғындайды екен. Арыз жазғандармен, басқалармен кездестім, сөйлестім, ақ-қараға көз жеткіздім. Тек Хиврич жоламай қойды. Үйіне кісі жұмсадым, кабинетін күзеттірдім – ұстатпады. Қызметкерлерінің бірі: – Оның инженерлік дипломы жоқ, сонан соң қашқалақтап жүр! – деді. Гәзеттің «Алтай арасы» сықақ бұрышына ол туралы фельетон жаздым. Фельетоным газетте басылған күннің ертеңінде Самар ауданына ұшпаққа әуежайда отыр едім, редактордың шофері Насыр жетіп келіп: – Сені редактор шақырып жатыр, «тез келсін!» деді, – дейді. Себебін сұрасам, білмейді. «Керемет ашулы» деп иығын қужыңдатты. Ұшаққа алған белетімді тапсырдым да қайттым. Редактор сәлемімді алмастан бұрқырап ұрсып ала жөнелді. Оның айтуынша, мен – әдеби қызметкер болуға жарамайтын, корректор ғана бола алатын, фельетоннан хабарым жоқ, фактілердің дұрыс-бұрысын білмейтін біреу екенмін. «Не болып қалды?» десем, ол: «Сөзіңді тыңдамаймын! Айтарыңды обкомға, Васильев жолдасқа барып айт!» деп түтігіп, екі қолын бірдей сермеледі. «Жарайды» деп шығып кеттім де, мәдениет бөліміміздің меңгерушісі Асғат Темірбаевқа бардым. Сол бөлімде әдеби қызметкер едім. Асекең: «Е, Самар қайда?» деп таңданды. Мен редактордың «концертін» айтып бердім. Аскең біртоға, байыпты (шағын денелі, қызылшырайлы, қойкөз, қалқаңқұлақ) адам болатын. Ойланып отырды да: «Бар деген кісісіне барып кел, онысы ауыл шаруашылығы бөлімінің нұсқаушысы ғой. Сөйт, сонан соң сөйлесерміз», деді. Обкомға бардым. Васильевті танымайтынмын, тауып, аты-жөнімді айттым. Ол: «Бейсек Исабековичке өздерің шара қолданыңдар деп едім ғой?» деді де, маған не үшін шара қолданылуы керек екенін айтпастан редакторға телефон шалып, екеуі бірдеңе десті де (ести алмадым), нұсқаушы маған қарап: «Хивричтен телеграмма келді. Сен оны «дипломсыз инженер» депсің. Оның не?» – деді. «Хивричтің кінәсі толық расталды, ал өзімен ашық сөйлесуім керек еді, ол маған жоламай қойды. Қоластындағы қызметкері айтқан соң, соған сеніп, «дипломсыз» деп едім, дипломы бар ма екен?» дедім. Нұсқаушы жымиды да, үстелінің бір суырмасынан телеграмманы алып, маған ұсынды. Хиврич дипломының нөмірін жазып жіберіпті. «Енді не істе дейсіз?» дедім. «Қалай болғанын қысқаша жазып бер», деді. Жаздым. «Негізгі фактілерің шын болса, бұл соншама үлкен қателік емес, бұдан былай көзің көрмегенге сенбе», деді нұсқаушы. «Редакторымызға айтыңыз» дедім. Тағы жымиды да, редакторға тағы телефон шалып: «Қабышев жолдаспен түсіністік, ескерту жасадым» деді. Ал Бейсекең обкомның ескертуін азсынса керек, мені ұжым алдында тағы жүндей түтіп, қатаң сөгіс жариялады. Оны да азсынғаны және бар (екінші жәйтім). Мен бір айдан соң, 1958 жылғы қаңтардың 1-і күні үйлендім. Редакцияда корректор болып істейтін Сембинова Әсилә екеуіміз басқостық (Әскең 1981 жылы қайтыс болды).

Ғаббас Қабышұлы

Жалғасы бар.

Осы айдарда

Back to top button