Технология

Өрмекші экскаватор

Ынтымақ ТОЛҚЫН

 Қолайсыз ауа райында, кез келген жерде еркін жұмыс істеуге қабілетті техника туралы естуіңіз бар ма? Лихтенштейннің Kaiser AG Fahrzeugwerk компаниясы алғашқылардың бірі болып өрмекші экскаваторды жасап шығарды.

Өрмекші деген атына қарап бұл техниканы кинодан алынған қияли дүние деп түсініп қалмаңыз. Оның атауы жұмысқа қабілеттілігіне байланысты қойылған. Kaiser S12 экскаваторын алғаш рет құрылыс техникасы мен жабдықтарына арналған көрмеде Kaiser AG Fahrzeugwerk компаниясы ұсынды. Бұл компания осындай техникалардың алғашқы легін 70-шы жылдардың соңында шығара бастаған.

Ал бүгінгі таңда ұсынып отырған Kaiser S12 – заманның озық технологиясымен жабдықталған бірегей машина. Жер қазу, арықтар мен тоғандар, тіпті пойыз жолының рельстерін салу сынды күрделі жұмыстарды атқаруға қауқарлы. Ал экскаватордың жебесіне жалпы саны 15 түрлі қосалқы бөлшектерді тіркеуге болады. Осылайша оның жұмыс тиімділігі өзге техникалардан анағұрлым артқан.

Өрмекші экскаваторға 175 аттың күшіне тең Perkins дизельді қозғалтқышы орнатылған. Сонымен қатар аталмыш техниканың дөңгелектері бір-бірінен тәуелсіз. P-Vation жүйесі жаңа генерацияланған өрмекші экскаваторға барлық дөңгелектердің көлденең және тік реттелуін қамтамасыз етеді. Оның үстіне олар ұзарып, қысқарады да экскаватродың тиімділігін арттырады. Kaiser S12 әсіресе ойлы-қыратты жерлерде еркін қозғала алады.

Экскаваторда жүргізушінің қауіпсіздігі мен жайлылығы да басты назарға алынған. Оператордың кабинасы ауыр заттар құлап кеткенде қорғайтын арнайы қорғаныштармен жабдықталған. Сонымен қатар өрмекші машина шу мен дірілден жоғары деңгейде қорғалған. Ал кабина толықтай әйнекпен қапталғандықтан жүргізуші қай жақтан болмасын жұмыс алаңын толықтай бақылауға алады.

Өрмекші экскаватордың қазу күші – 69 кН. Машинаның айналу радиусы – 7600 миллиметр, қосымша жабдықсыз салмағы – 12,3 тонна. Қала мен дала құрылысы қарқынды жүріп жатқан біздің уақытта өрмекші экскаватордың пайдасы көп болып тұр. Өзге техникалардың кез келгені атқара алмайтын жұмыстар қазір осы ғажайып машинаның мойнында.

Айта кетелік, аталмыш компаниядан бөлек осындай көліктерді Швейцарияның және Қытайдың компаниялары жасауда. Олардың Menzi Muck және XCMG ЕТ110 маркалы өрмекші экскаваторлары да үлкен сұранысқа ие.

Осы айдарда

Back to top button