Ауыл шаруашылығы

Орманшы болу оңай ма?

Үлкен Нарын орман шаруашылығына қарасты Новоберезовка орманшылығында болып, сала мамандарының бір күндік жұмысымен таныстық. Жалпы, Үлкен Нарын орманшылығының тарихына аз-кем көз жүгіртсек, Большенарым орманшылығы өткен ғасырдың сонау елуінші жылдарының ортасында, анығында, 1956 жылы ҚазКСР Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығы негізінде Катонқарағай мен Черневинский орманшылықтарын қайта ұйымдастыру есебінен құрылған. Нарын орманшылығының шекарасы түгелдей қалпына келтіріледі (Көктерек және Новоберезовка орманшылықтары). 

Бүгінде  Үлкен Нарындағы бас мекеме үш орманшылық (Сенное, Көктерек, Новоберезовка) пен 20 айналымға бөлінген. Оның  иелігінде барлығы 87 780 гектар орман шаруашылығы жерлері бар. Оның ішінде 33 335 гектар орманды алқапқа жатады.  Орманшылықтың барлық аумағы таулы орманды болып келеді.  Түгелдей алғанда, мұнда 50-ге жуық қана адам қызмет етеді. Соның ішінде 35 адам тікелей орман қорғау саласында еңбек етеді. Осындай үлкен аумаққа жауапты орманшылық құрамында осыншама қызметкердің ғана еңбек етуі аздық ететінін орманшылық өкілдерінің өздері де жасырмайды.

Аумағы 38 827 гектарды құрайтын Новоберезовка орманшылығы бір жағы Көкбастаудағы Айбата тауынан басталып, Өрнектің маңайындағы Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің шектесетін жеріне дейін жалғасады. Орманшылықтағы 13 638  гектар  жер орманды алқап санатына кіреді.

– Тоқсаныншы жылдары орманшылықтар қызметі тұралап қалды. Кейіннен 2000 жылдардың ортасында қызметіміз қайта жанданды. Сол кезде қайтадан қызметкерлерге штат ашылды. Ол уақытта мен мұнда орманшы-қорықшы болып еңбек еткем. Кейіннен орман шебері, ал 2011 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін орманшылық басшысы ретінде қызмет етемін. Орманшылық қызметінің мақсаты – орман шаруашылығын дамыту, орманды молықтыру, өрттен, заңсыз ағаш кесуден, мал жаю, шабындық жерлерді шабудан қорғау. Орманшылық қызметі қайта жанданған алғашқы жылдары қатарымыз сейілген жоқ, сол 10-12 адам болып еңбек етіп келеміз. Жұмыс ауыр, еншіміздегі қорғалатын аумақ та үлкен, шындап келгенде, айналдырған он бір адам осыншама жерге бас-көз болып, уақыт санаспай үнемі ат үстінде жүру – оңай шаруа емес. Мәселен, орманшылық аумағын аралау үшін қызметкерлер бірнеше аймақтарға бөлінген. Ең азы 3400 гектарды, ал ең көп аймақ 6272 гектарды құрайды. Осының бәрін қызметкерлер өздерінің жекеменшік аттарымен аралайды, – деді орманшылық басшысы Марат Байболов.

Новоберезовкалық орманшылық қызметкерлерінің әрбірі өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарады. Мұнда М.Байболовпен бірге Ермек Исаханов, Дөрбітхан Дүзбаев, Еркін Жапарбаев, Батырхан Тайболдин, Руслан Кәсенов, Нұржан Кәрменов, Бауыржан Бұтабаев, Қонақбай Исаханов сынды білікті мамандар еңбек етеді. Біліктілік демекші, орманшылық қызметкерлері екі-үш жылда бір рет Үлкен Нарындағы орталық кеңседе, одан қалса, Риддердегі агротехникалық колледжден біліктілікті арттыру курстарынан өтіп, сертификаттарын алып, кәсіби шеберліктерін шыңдап отырады.

– Ұжымымыз ұйымшыл. Қызметкерлер тәжірибелі, өз істерінің білгірі. Көбіміз орта жастан асып, зейнеткерлікке жақындап қалдық. Арамызға жастар келіп қосылса дейміз. Қызметкерлердің жалақылары қазір көтерілді. Кезінде, жасырын емес, аз болатын. Сол себепті де бізге жұмысқа адамдар көп келе бермейтін. Десе де, қазірдің өзінде қызметкерлер жетіспейді, – дейді Марат Байболов.

Иә, жұмысы ауыр, жауапкершілігі жоғары,  қауіп пен қатерге басын тігетін орманшылардың мәселелері де шаш етектен. Табиғат жанашырлары еңбек ететін шаруашылықта материалдық-техникалық базаның әлеуеті сын көтермейді. Әуелі, орманшыларда қызметтік аттары жоқ, әркім өзінікімен аралайды аумақты. Күн-түн демей, иен далада жүрген орман қызметкерлерінде заңбұзушылармен күресте тіпті қызметтік қару да жоқ. Орманшылық орналасқан қызметтік үй де тозыпты. Саманнан салынған үйдің ішінде қыстың күні отыру мүмкін емес. Бір қыста 10 тонна көмір кетеді. Онан бөлек, қызметтік «УАЗ» маркалы автокөлігі әбден тозған. Оны күн сайын жөндеп отырмаса, алыс жолды қойып, ауыл ішінде жүрудің өзі екіталай. Орманшылық иелігінде бұдан басқа екі бірлік шынжыр табанды трактор бар. Оның бірі, Б-10 маркалы тракторын орманшылық облыстық басқарма  арқылы алған. М.Байболовтың айтуынша, келесі жылға жаңадан қызметтік көлік алуға өтініш берілген.

Осы салада он бес жылдан астам еңбек етіп келе жатқан  тәжірибелі орманшы  Ермек Исаханов та әңгімемізге қосылды.

– Орманшылық орманды алқапты қайта қалпына келтіру ісінде Көктерек орманшылығымен етене байланыс орнатқанбыз. Онда тұқым бағы бар. Біз жыл сайын олардан ағаш көшеттерін аламыз. Орманшылықтар арасында көшет отырғызу аумағының ең көбі бізде. Жыл сайын 60 гектарға қайың, сары қарағай, шырша көшеттерін отырғызамыз. Бір гектарға 4000 көшет, жалпы алғанда, 240 мың ағаш егіледі. Биыл, өкінішке қарай, көшеттердің 50 пайзы ауа райының жайсыздығынан өнбей қалды. Келесі жылы тағы да осыншама аумаққа жаңадан ағаштар отырғызып, орман қорын толықтыратын боламыз, – дейді Е.Исаханов.

Осылайша, жарты тәулік ішінде сырт көзге оңай саналатын орманшылардың  қызметіндегі көп жайтқа қанықтық. Қиыны мен қызығы қатар жүрген қызметте жұмысын абыройлы атқарып жүрген азаматтарға сәттілік тілеп, біз де жолға шықтық.

 Тимур Смағұлов

Катонқарағай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button