Қордың қаражаты Ұлттық Банкте сақталады

Тоқсаныншы жылдары енгізілген медициналық сақтандыру жүйесінің сәтсіз аяқталғанын жақсы білетін тұрғындар қазіргі МӘМС жүйесіне, оның қаржысының сақталуына сенімсіздікпен қарайтыны түсінікті. Осы күдіктерді сейілту үшін біз бүгінгі мақаламызда «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының» облыстық филиалы мамандарымен Қорқазіргі таңда немен айналысып жатыр, оның қаражаты қалай жұмсалады, оны кімдер бақылайды деген сияқты өзекті сауалдарға жауап беруге тырыстық.
– МӘМС қоры бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры сияқты жинақтық қор ма?
– Жоқ. Әлеуметтік медициналық қорға аударылған қаражат қайтарымсыз. Алдымен аударып, соңынан оны қайта шешіп алуға болмайды. Сол сияқты оны мұрагерлікке қалдыра алмайсыз. Жыл бойы ешқандай медициналық көмекке жүгінбесеңіз, жыл аяғында барлық төлемдерді қайтарып алу да мүмкін емес. Жиналған қаржы басқа пациенттердің қажеттілігіне жұмсалады. Қорда жинақталған қаражат медициналық көмек сұрап келген жүйенің қатысушыларының ем-домына жұмсалады.
– Қазіргі уақытта Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры немен айналысуда?
– МӘМС жүйесінің басқа да бөлімшелері сияқты біздің облыстық филиал өңірдегі мемлекет кепілдендірген тегін медициналық көмекті көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарын қаржыландырады. Кепілдендірілген тегін көмекті Қазақстанның барлық азаматтары, оралмандар, шетел азаматтары мен елімізде тұрақты тұратын, бірақ азаматтығы жоқ тұлғалар да ала алады. 2020 жылдан бастап Қор міндетті медициналық сақтандыру шеңберінде көрсетілетін қызметтердің қаржы операторы болып саналады.
– 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап сақтандырылған азаматтарға қандай медициналық қызметтер қолжетімді?
– 2020 жылдың 1қаңтарынан 31 наурызға дейін ауыспалы кезең болады. Осы уақыт аралығында МӘМС жүйесіндегі медициналық қызмет түрлері барлық азаматтар үшін, оның ішінде ешқандай төлемдер мен жарна аудармағандар үшін де қолжетімді. Яғни, олар емдеу мекемелерінен дәрігерлік көмекті қазіргідей, еш шектеусіз ала береді.
Ауыспалы кезең біткеннен кейін де сақтандыру жүйесіне қатыспағандар медициналық көмексіз қалмайды. Мысалы, олар кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемінің шеңберінде учаскелік терапевтке көрініп, ең қарапайым анализдерді тапсыра алады. Ал тар шеңберлі мамандарға қаралу және кеңейтілген тексерулер үшін оларға ақы төлеуге тура келеді.
Медициналық сақтандыру қорына кемінде үш ай жарна аударған тұлғалар үшін 2020 жылдың 31 наурызынан тегін көрсетілетін медициналық қызмет түрлері артады. МӘМС жүйесі мемлекет кепілдендірілген тегін медициналық көмектен тысқары қосымша қызмет түрлеріне жол ашады.
– Медициналық қызмет түрлерінің кеңейтілген пакетінің базалық пакеттен қандай артықшылықтары болады?
– Бұл – кеңестік-диагностикалық көмек, оның ішінде КТ, МРТ сияқты қымбат қызметтер, кәсіби тексерулер, тар шеңберлі мамандардың кеңесі, кардиология, кардиохирургия, неврология, нейрохирургия, травматология және ортопедия бағыттары бойынша медициналық оңалту шаралары, жоспарлы түрде стационарға жатқызу, күндізгі стационарда емделу. МӘМС жүйесіне қатысушыға осы қызметтердің барлығы ақысыз көрсетіледі.
– Медициналық қызметтерді көрсететін ұйымдар қалай таңдап алынады?
– Медициналық көмекті көрсететін ұйымдардың (жеткізушілердің) тізімі қолданыстағы заңнаманың талаптарын қатаң түрде сақтай отырып, жасалады. Қор алдымен республикалық және аймақтық деңгейлерде жеткізушілерді анықтау үшін комиссия құрады. Комиссия құрамына жергілікті атқарушы органдар мамандары, үкіметтік емес сектордың өкілдері және пациенттердің ассоциациясының мүшелері кіреді. Сатып алу процедуралары туралы ақпараттар Қордың, Денсаулық сақтау министрлігі мен облыстық денсаулық сақтау басқармаларының сайттарында жарияланады.
Медициналық қызметтерді көрсетуге тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін көрсетуге ниет білдірген, денсаулық сақтау субъектілері мәліметтері базасына енген емханалар мен ауруханалар жіберіледі. 2019 жылдың басында базада облыс бойынша 130 медициналық ұйым тіркелген, олардың 62-сі жекеменшік. Жекеменшік мекемелердің саны артуда, бұл жақсы үрдіс. Өйткені тұрғындардың дәрігерлік көмекті сапалы әрі қолайлы жағдайларда алуына мүмкіндік туады.
Алғашқы медициналық-санитарлық көмек қызметін көрсеткісі келетін емханалар алғашқы кезеңде міндетті түрде тұрғындарды өздеріне бекіту шараларын жүргізуі керек. Бұл науқанға 2018 жылы облыстың 63 медициналық ұйымы қатысты. Өңірдің 1,3 млн.тұрғыны емханаларға тіркелді. Бес мың адам емдеу мекемесін өз еркімен таңдап алу құқын пайдаланса, олардың бір бөлігі электронды үкімет порталының қызметі арқылы тіркелген.
– Медициналық қызметтерді жеткізушілермен жұмыс қалай ұйымдастырылады?
– Келісімшарттың талаптары бойынша, ұсынылған медициналық қызметтің көлемі мен сапасын Қор үнемі бақылап отырады. Бұл жұмыспен білікті дәрігер-сарапшылардан жасақталған мониторинг бөлімі айналысады. Олар жер-жерлерде дәрігерлердің диагностика мен емдеу хаттамаларын, басқа да стандарттарды сақтауын қатаң қадағалайды. Заңбұзушылық орын алған жағдайда қаржылық санкциялар енгізіледі, тіпті келісімшартты бұзуға дейін шара қолданылады. Сол себепті жеткізушілер өз қызметтеріне жауапкершілікпен қарауға мүдделі.
– Жиналған қаржы қайда жұмсалады және қаражаттың сақталуына кім кепілдік бере алады
– Өтпелі кезең барысында жұмыс берушілерден жиналған қаражат екі маңызды әрі қажетті шартты орындауға мүмкіндік береді. Бір жағынан төлеушілерден 2017-2019 жылдары жинақталған төлемдер Ұлттық Банк талап ететін өтімділік резервтерін қамтамасыз етеді. Ал 2020 жылы қорда 200 млрд.теңге жиналады деген болжам бар, бұл қаржы бір мезгілде медициналық сақтандыру пакетін ұлғайтуға бағытталатын болады. Бұл өз кезегінде адамдардың МӘМС жүйесіне қатысуына құлшынысын арттыра түседі.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына түскен жарналар мен аударымдар Ұлттық Банктің есепшотында сақталады да, олардың 2020 жылы медициналық қызметтердің ақысын төлеуге дейін толықтай сақталуына кепілдік беріледі.
– Қор қаражатының жұмсалуын кім бақылайды?
– Қордың жұмысы үш жақтан бақыланады. Мемлекеттік бақылауды Денсаулық сақтау министрлігі жүзеге асырады. Тоқсан сайын жасалатын тоғыз түрлі есепті сонымен қатар Қаржы министрлігі де көре алады. Бұдан басқа қор жұмысына тәуелсіз аудиторлық ұйым тексеріс жүргізіп, қорытындысы fms.kz. сайтында ашық жарияланады.
Корпоративті бақылау Денсаулық сақтау министрлігі басшылық ететін директорлар кеңесі арқылы жүргізіледі. Кеңестің құрамында Қаржы вице-министрі, Ұлттық экономика вице-министрі, Ұлттық Банк төрағасының орынбасары және тәуелсіз директорлар бар. Корпоративті басқару стандартына сәйкес, қорда қатерлерді басқару процедуралары мен саясаты басшылыққа алынған. Ақпаратты қауіпсіздік процедуралары бекітілген.
Дайындаған – Айна Ескенқызы