Тылсым дүние

Ордалы жылан оңдырмайды

Ордалы жылан оңдырмайды

Әдетте жылан өлімнен қорықпайды деседі. Оны өлтіріп тастағанның өзінде «алтын басым аман болса, алты күнде тірілем, жез құйрығым аман болса, жеті күнде тірілем» дейді екен. Өліп тірілген мақұлық өзін өлтірген адамнан кек қайтарады деседі былайғы жұрт. Ертеректе Нарын елінің Дөйқара деген бір жылқышысы жайлауда қарағайға өрмелеп бара жатқан бір жыланды дырау қамшымен осып-осып, өлтіріп тастайды. Өр мінез азамат оның басы мен құйрығына көңіл бөлмейді. Түбіне жеткен де осы аңқаулығы.
Бірде күндегі әдетінше жылқылары жусаған кезде Дөйқара жайылым шетіндегі төбешікке шығып, шалқасынан жатып ұйқыға кетеді. Осы кезде жуықта өзі өлтірген жылан сүйретіліп кеп тамағынан тістеп, ашулы уын жұмсақ етке сіңіріп жібереді. Лезде тамағы ісіп, тыныс жолдары бітеліп, жарық дүниемен қоштасуға да шамасы келмей, көз жұмады. Мұны топыраққа барған шежіреші-шешен Қали бастаған Өтей азаматтары жыр ғып айтып келген еді.
Қазақ халқының ордалы жыланға тиіспеу керек деген ежелден әдетке айналдырған ұстанымы бар. Ал алда-жалда соқтыға қалсаң, ол түбіңе жетпей қоймайды екен. Айтушылардың сөзіне сенсек, кез келген қауіпті жағдайдан олардың біреуі басқаларының көмегімен бас сауғалап қалатын көрінеді. Міне, кек қайтаратын «батырың» сол.
1951-1952 оқу жылында ауылда алғаш ашылған жетіжылдық мектептің алтыншы класын үздік бітіріп, каникулға шыққан кезім. Каникул деген аты ғана, жаздай колхозда жұмыс істейміз. Мені сол жылы қыста ұсақ малдар қыстайтын таулы аймақтардағы қыстауларға шөп дайындайтын бригадаға есепші ғып жіберді. Атқаратын міндетім – бригада жұмысына басшылық жасау, есеп жұмысын жүргізу. Шабылған, тырмаланған, шөмелеге түскен жерді өлшеймін. Күнделікті отауланған шөпті өлшеп, есебін жүргізем. Солардың негізінде тиісті тариф бойынша еңбекшілердің еңбек күнін жазам, апта сайын кеңсеге жазбаша есеп берем.
Бригаданың орналасқан жері «Тұма» қыстауы. Мұнда екі үй, үлкен мал базасы бар. Іргесінде суы мол бастау бар. Маңайын қоршай әртүрлі ағаштар өсіп тұр. Мал базасының іргесіндегі үйінді тас – жыландардың мекені. Бұлар ордалы жыландар екен. Кісіден жасқанбайды, бастаудан бірге су ішіп жатады. Біз де тиіспейміз. Тіпті достасып кеткен сыңайдамыз. Міне, содан бері алпыс жылдай мерзім болыпты. Жуықта сол кезде ат мәшінмен шөп шапқан, қазір Күршім селосында тұратын Жәшен деген азаматқа кездесіп, жыландардың жағдайын сұраған едім, оларды әлдекімдер құртып жібергенін айтты. Ал сол кезде отаушы болған, қазір Құлынжонда тұратын Тоқан ақсақал оларды совхоз кезінде шопандар қыстауына құдық қазушылар жойып жіберген дейді. Олар да сазайын тартыпты. Дәлірек айтсақ, ордалы жыландардың аман қалған мүшесі бір аптада үш орысты о дүниеге аттандырған деседі. Демек, өзің соқтықсаң, ордалы жыланның оңдырмайтыны рас болғаны ғой.

Советхан Қалиғожин
Өскемен.

Осы айдарда

Back to top button