Тарих

«Орай шап» көтерілісіне арналған жинақ жарық көрді

«Орай шап» көтерілісіне арналған жинақ  жарық көрді

Тарихшылардың пайымдауынша, халқымыздың арғы-бергі тарихында 300-ге жуық үлкенді-кішілі көтеріліс болған екен. Солардың бірі 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі дер едік. Ақ патшаның 1916 жылғы 25-маусымдағы «бұратана» халықтардың 19 бен 43 жас аралығындағы ер азаматтарын бірінші дүниежүзілік соғыстың қара жұмысына алу туралы жарлығы қазақ даласын дүр сілкіндірген еді.
Шілде айында басталған толқулар Қазақстанның барлық ауқымын қамтыған қарулы көтеріліске ұласып, оның аяғы қанды қырғынға айналды. Торғай даласын Амангелді сарбаздары дүбірлетсе, Жетісуда 16 болысты құрап отырған албандар бас көтерді. Тарихта «Албандар көтерерілісі» деген атпен қалған ұлт-азаттық көтерілісті «Бала өлгенше, шал өлсін!» деген ұранмен абыз Жәмеңке Мәмбетұлы мен батыр Ұзақ Саурықұлы бастап, Қарқара жайлауында бақайшақтарына дейін қаруланған патшаның жазалаушы отрядымен қиян-кескі шайқасқа түсті.
Албандар көтерілісі сияқты ауқымды болмағанымен, Қазақстанның шығысында да патша жарлығына қарсы толқулар болды. Айталық, Өскемен уезіне қарайтын Ұлан жеріндегі алты старшын Тайынты болысындағы Өтеміс руының азаматтары патша армиясының тыл жұмыстарына баруға қарсылық білдіріп, атқа қонды. Тайынты көтерілісін басқарған Сағымбай Жетпісұлының жігіттері Мұса болыстың кеңсесін талқандап, дайын тізімді өртеп, болыстың қол-аяғын байлап, қалың қарағайдың ішіне алып кетеді. Бұл бас көтеру жергілікті халықтың жадында күні бүгінге дейін «Орай шап» көтерілісі деген атпен сақталып келеді. Тарихта ұлт-азаттық көтерілісінің ешбірі жеңіске жеткен емес, 1916 жылғы көтеріліс те қайғылы аяқталды. Басқа жерлердегідей Тайынтының Қарабалапан жайлауы да қанға бөкті.
Біз сөз еткелі отырған «Орай шап көтерілісі» атты тың туынды өлкеміздегі осы көтерілістің тарихын баяндауға арналыпты. Кітапта, негізінен, әр жылдары баспасөз бетін көрген мақалалар жинақталып, топтастырылған. Мәселен, жазушы Қасым Қайсенов пен өлкетанушы Зейнолла Қайсеновтың, ұстаз Қапаш Қайыржанұлының, журналистер Зәбер Баяновтың, Жұмәділ Әділбаев пен Айтмұхамбет Қасымовтың көтеріліс туралы, өлкемізге танымал тұлғалардың бірі болған Төлеухан Балтабаевтың 1937-зобалаңы туралы, белгілі ұстаз Бекмолда Әбитовтың Тайынты өңіріндегі оқу-ағарту саласының тарихы туралы, ұлтжанды азамат Ерқайрат Сейітқазиннің және басқалардың облыстық, республикалық газеттер мен журналдарда әр жылдарда жарияланған мақалаларында мол мағлұматтар бар. Олардың алды осыдан жарты ғасыр бұрын жарияланса да, бүгінгі күнге дейін құндылықтарын жоғалтпаған. Сондықтан да олар аталмыш кітаптың мазмұнын ашып, нәрін келтіріп тұр деп айта аламыз.
Тайынты көтерілісі неге «Орай шап» аталып кеткен? Оқырман бұл сұрақтың жауабын әйгілі жерлесіміз, бүгінде ортамызда жоқ партизан-жазушы Қасым Қайсеновтың 1967 жылы «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде жарияланған «Жендеттер Қарабалапанды қанға бояды» атты мақаласынан табамыз:
– Жұрт дүрлігіп, әр жерден дауыс шыға бастаған кезде Щербаков орысша бірдеңе деп айқай салды. Сол сәтте күні бұрын тігілген үйден мылтықтарын кезеніп, солдаттар шыға-шыға келді. Атына қарай жүгіріп бара жатқан Аманбай атына мініп, қаптап тұрған жігіттерге:
– Орай шап! – деп айқай салды.
Онысы солдаттарды қоршап алып, қолға түсіріңдер дегені еді. Бірақ қандыбалақ Шербаковтың бұйрығы бойынша солдаттар қаптап тұрған халыққа оқ жаудырып жіберді.
Бірінші болып Дайрабайдың Толықбайы оққа ұшты. Оққа ұшып, сұлап жатқан әкесін ұлы Тұрбала өкіріп бассалған кезде, бір солдат оны да атып жіберді. Бала да әке мойнынан құшағы жазылмай жан тапсырды, – деп жазады мақала авторы. Жазушы бұдан кейін едел-жедел оққа ұшқан бес-алты адамның аты-жөндерін көрсетіпті.
Мұздай қаруланған солдаттарға құр сойыл-шоқпармен қарсы шапқан азаматтарды бәйгеге басын тіккендер деп айтпасқа лаж жоқ. Жазалаушы отряд солдаттарын орай шауып, қоршап алуға лап берген есіл азаматтардың бірнешеуі қас-қағым сәтте оққа ұшып, жараланғандары мен саулары қарағай ішіне қарай шегінуге мәжбүр болған. Тайынты көтерілісінің ел аузында «Орай шап» аталып кетуінің мәнісі осында жатса керек…
Жинақ тек қана мақалалар жиынтығынан құралмаған. Тайынтыдағы көтеріліске байланысты Қазақстан Республикасының Орталық мұрағаты мен Омбы облыстық мұрағатында жатқан ақ патшаның әскери билік құрылымдарының өзара жазысқан біраз ақпараттық деректері қоса берілген. Жазалаушы отрядтың командирі, сотник С.Воробьев өз бастығына жазған рапортында: «Потери атакующих: убитых и раненых, по слухам самих киргизов, 60 человек и столько же лошадей», – деп көрсетіпті. Осыған қарағанда көтерілісшілердің қарасы қалың болған сияқты.
Сондай-ақ, жинақта көтерілісте ауыр жараланып тірі қалғандардың, түрмеге қамалғандардың, қаза тауып, Қарабалапанда жерленген боздақтар тізімінің түзілуі де құптарлық. Ал, көтерілістің туы көтерілген Қарабалапан жайлауының сызба картасының берілуі бүгінгі және келешек ұрпақтың ел мен жердің қасиетін біліп өсулері үшін маңызды болмақ. Көтеріліс басшылары қатарындағы Сағымбай Жетпісұлы мен Қайыржан Маймақұлының ел-жұртқа түрмеден жолдаған өлеңдері де жүрек толқытарлықтай.
«Орай шап көтерілісі» жинағының көтеріп тұрған жүгі ауыр. Өйткені, шығарушылар алқасы бір ғана көтеріліс шеңберінде қалып қоймаған. Олар шежіреден бастап, бүкіл Өтеміс руының тарихын бір арнаға тоғыстырған. Ана бір заманда өткен батырлар мен бағыландар, елге сыйлы болған билер мен болыстар, жауырыны жерге тимеген небір апайтөс палуандар жайлы қызыға оқитын дүниелер баршылық. Отызыншы жылдардағы кеңестік зобалаң, кешегі екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы ел басына түскен ауыртпалықтар, бүгінгі Тәуелсіздік алған заманымыздағы ел тынысы да назардан тыс қалмаған.
Бұл кітапты Тайынты өңірін ежелден мекен етіп келе жатқан Өтеміс жұртының жылнамасы, анықтамасы (энциклопедиясы) деп айтуға толық негіз бар. Кітап сүйер қауым бұл анықтамалықтан өзіне қажеттінің барлығын дерлік таба алады. Мектеп оқушысынан бастап, көнекөз қартарға дейін бұл туындыны қызыға оқитындары даусыз. Мұнымен қоса, өлкетанушылықпен айналысып жүргендер үшін де кітаптың құндылығы зор деп айта аламыз.
Бұл жинақты шығарушылардың еңбектерін де атап өткеніміз жөн болар. Айтмұхамбет Қасымов, Жуандық Адайханов, Қуандық Шегіров, Зейнолла Қайсенов, Дарын Нұрсапаров, Альмира Шегірова өздеріне бөлінген аз уақыт ішінде қыруар жұмыс тындырған, шығармашылық қарым-қабілеттерін таныта білген. Ақылдастар алқасы жазып отырғандай, кітапты шолып шықпай, жүрек сезімімен оқыған ләзім. Өйткені, бұл – әркімнің ата-бабасының, киелі де қасиетті елі мен жерінің толайым тарихы.
Сөз соңында айтарымыз, Өтеміс елінің ұлтжанды азаматтары 1916 жылғы «Орай шап!» көтерілісінің 100 жылдығын атап өтуге жыл басынан бері қызу дайындық үстінде. Өткізілмек мәдени-көпшілік шаралардың бірі осы жинақты шығару болса, көріп отырғанымыздай, істің орайы сәтімен келген.

Мұрат Әмііренов

Осы айдарда

Back to top button