Денсаулық сақтау

Қор емдемейді, бірақ пациентке көмектеседі

Жаңа жыл жақындаған сайын көптеген тұрғындардың көңілінде медициналық көмекке қатысты алаң күшейе түскені анық. Жұмыс істейтіндердің өздері жұмыс беруші ай сайын төлем аударып жатқанына қармастан, «жағдай қалай болар екен?» деген күмәннің жетегінде жүргені шындық. Біз медициналық сақтандыру қоры Шығыс Қазақстан облыстық филиалының директоры Ғалымжан Абиловпен жолығып,  медициналық сақтандыру жүйесін енгізудің қажеттілігі мен төлемдердің аударылуы жайында тағы да түсіндіріп беруін өтінген едік.

-Бұған дейін медициналық көмектің бір бөлігі жергілікті бюджеттен қаржыландырылды да, әр өңірдің мүмкіндіктеріне тәуелді болды, – деп бастады әңгімесінҒалымжан Абилов. –  Әр облыста медициналық қызметтер әртүрлі тарифпен төленді, кей жағдайда олардың айырмасы бірнеше есеге жететін. Бұл кейбір медициналық көмектің қолжетімділігіне кері әсерін тигізбей қоймады, соның кесірінен тұтынушылар медициналық қызметтерді қажетті көлемде ала алмады. Енді медициналық қызметтердің барлығы әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры  (ӘМСҚ) арқылы сатып алынады.

Облыстық филиал директорының айтуынша, қордың алғашқы қадамы –дәрі-дәрмекті сатып алуды орталықтандыру және пациенттердің препараттарды алуын қадағалау болатын. Осы процедураның өзінде үнемделген 23 млрд. теңге емханалар мен жедел  медициналық жәрдем қызметіне,  қосымша дәрі-дәрмек алуға және жоғарытехнологиялы медициналық қызметтерді көрсетуге жұмсалыпты.

Екінші қадам – өңірлердегі тарифтерді теңестіру. Үшінші қадам –сатып алуды жеңілдету және цифрландыру. Бұл бағыттардағы жұмыстар да толығымен жүзеге асты деуге болады.

  • Осылардың нәтижесінде не ұтамыз? Талаптар жеңілдейді, жеткізушілер көбейеді, бәсекелестік артады, адамдар сапалы медицинаға қол жеткізеді.Қорда тапсырысты орналастырған кезде медицина ұйымдарының жұмыс көрсеткіштері ескерілетінін ескерткім келеді. Бір сөзбен айтқанда, клиникалар өз пациенттерін жақсы емдеуге тиіс,– дейді Ғалымжан Абилов.

Медициналық сақтандыру үшін төлеудің қажеті қандай?

Медициналық сақтау қорының Шығыс Қазақстан  облыстық филиалы директорымен біз  бұл сұрақтың жауабын да жан-жақты талқылап көрдік.

Алдымен медициналық сақтандыру үшін төленген жарна сізге  медициналық қызметтердің сақтандырған пакетін пайдалану құқын беретінін еске салғымыз келеді. Ал оның шеңбері кепілдендірілген тегін көмектен әлдеқайда кең. Сол себепті сақтандырылған адамдарға тексерілу мен емделуге кететін шығын туралы қобалжымауға болады. Оларға қол жетімді медициналық қызметтердің түрі сақтандыру медицинасына жарна аудармайтындарға қарағанда көп мөлшерде  артық.

– Ешқандай жарна төлемейтіндер де дәрігердің көмегінсіз қалмайды, – деп түсіндірді Ғалымжан Абилов. –Олар учаскелік терапевтке қарала алады, қарапайым талдауларды тапсырады, тексерілуіне болады және бірқатар дерттерді емдей алады. Жедел көрсетілетін барлық медициналық көмек тегін.

Алайда, медициналық сақтандыруды таңдаған тұрғындардың саны өскен сайын, жүйе де тұрақты, оның қатысушылары да көбірек артықшылықтарға ие болады. Сол себепті мемлекет қазақстандықтарды сақтануға мүдделі ететін ережелерді енгізуде.

Кімдер үшін төленеді?

Заң бойынша  еліміздің жұмыс істейтін барлық тұрғындарынан міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС)  жарналары ұсталуға тиіс. Ағымдағы жылы тек жұмыс берушілер ғана жалдамалы жұмысшы үшін оның еңбекақысының  1,5%  көлемінде төлем жасайды. Сіздің қай жерде жұмыс істейтініңіз: мемлекеттік құрылымда немесе жеке меншікте, ол маңызды емес, жұмыс беруші жұмысшысы үшін төлем жасауға міндетті. Өзінің есебінен! Төлемнің сіздің еңбекақыңызға қатысы жоқ.

Бұған көз жеткізу үшін ай сайын берілуге тиіс есептеу қағазын мұқият оқыңыз. Жұмыс берушінің МӘМС үшін жасайтын төлемдері бөлек жолда ағымдағы ай үшін және жылдың басынан көрсетіледі. Анықтап қараңыз, «Ұсталды» деген графада МӘМС жоқ.

Есептеу мысалы:

2019 жыл

Есептелді 100 000 теңге

Еңбекақыдан МӘМС үшін ұсталған жоқ

Жұмыс берушінің төлемі – 1500 теңге

Келесі жылы, медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылғанда, жағдай өзгереді. 2020 жылдың қаңтар айынан бастап жұмыс беруші сізге есептелген еңбекақыңыздың 1%  медициналық сақтандыру қорына аударады (2022 жылдан бастап  2%). Ұсталатын жарналардың шекті мөлшері – 10 ең төменгі жалақыдан аспауы керек.

Маңыздысы – жұмыс беруші жалдамалы жұмысшы үшін бұрынғыдай өз есебінен төлем жасай береді:

2020-2021 жылдары – 2%,  2022 жылы – 3%.

Есептеу мысалы:

2020-2021 жылдар

Есептелді 100 000 теңге

МӘМС үшін еңбекақыдан ұсталынған жарна– 1000 теңге

Жұмыс берушінің төлемі – 2000 теңге

2022 жыл

Есептелді 100 000 теңге

МӘМС үшін еңбекақыдан ұсталынған жарна – 2000 теңге

Жұмыс берушінің төлемі – 3000 теңге

Кімдер өздері үшін төлейді?

Жеке кәсіпкерлер, шаруа қожалықтарының қатысушылары және жеке практикамен айналысатын тұлғалар ( жеке адвокаттар, сот орындаушылары, т.б.) 2020 жылдан бастап ай сайын МӘМС үшін 1,4 ең төменгі жалақы мөлшерінің 5% көлемінде жарна аударып отырады. Биылғы  көрсеткішпен есептеп көрсек, 2975 теңге екен.

Есептеу мысалы:

2019-2020 жылдардағы ең төменгі жалақы – 42500 теңге

42500 теңге Х 1,4 = 59500 теңге

59500 теңгенің 5%   = 2975 теңге

Қазақстанның басқа барлық тұрғындары (өз бетімен төлеушілер) медициналық сақтандыру үшін ең төменгі жалақының 5% көлемінде жарна төлей алады.

Есептеу мысалы:

2020 жылғы ең төменгі жалақы – 42500 теңге

42500 теңгенің 5% = 2125 теңге

Медициналық сақтандыруды тұрақты кірісі, не болмаса ресми еңбек келісімшарты жоқ болса да рәсімдеуге болады. Бұл мүмкіндік  өзін-өзі қамтушы қазақстандықтарға, яғни, басқа жеке тұлғаларға жалдамалы еңбекті пайдаланбай қызмет көрсететін тұлғаларға берілген. Мысалы, өз бақшасынан алынған жеміс-жидекті сатады немесе басқа біреуге көмірін түсіруге, жерін жыртып беруге жалданады, жеке бала күтуші немесе репититор болып істейді, үйде компьютерлерді, басқа да техникаларды жөндейді, т.б.

Өзін-өзі қамтушылар бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) жасай алады. Аз ғана төлем ( 1 АЕК – 0,5 көлемі ) аудару арқылы азамат бірден үш әлеуметтік:  зейнетақылық(оған өтіл ретінде есептеледі), әлеуметтік және медициналық. сақтандыружүйесініңқатысушысы бола алады. 2020 жылы қатарынан үш айдан кем емес БЖТ төлеу арқылы медициналық қызметтердің сақтандыру пакетін ашуға болады.

БЖТ есептеу мысалы:

Республикалық маңызы бар қалалар мен облыс орталықтарында– 1 АЕК (2019 жылы 2525 теңге, 2020 жылы 2610 теңге)

Басқа барлық елді мекендерде– 0,5 АЕК  (2019 жылы 1263 теңге, 2020 жылы 1305 теңге

 

Өте маңызды! Медициналық сақтандыру заңмен енгізілген. Сол себепті жұмыс берушілердің, жеке кәсіпкерлердің, жеке практикамен айналысатындардың төлемдерді аударған-аудармағанын мемлекеттік кірістер департаменті салық міндеттемелерінің орындалуын қадағалағандай тексереді. Уақытында төленбесе, үстемақы есептеледі, төлегісі келмегендердің есепшоттары бұғатталады.

 Оқырмандарымыздың есіне медициналық сақтандыру жүйесіне қатысты сұрақтары болса: vopros@fms.kz мекенжайына хат жолдауға немесе 1406 байланыс орталығына телефон шалуға болатынын саламыз.

Осы айдарда

Back to top button