Оқып алдың ба, сатып алдың ба?
Бұрын «Жүргізуші куәлігін алдым» деген адамға қойылатын алғашқы сұрақтың ауаны шамамен осындай болатын. Көпшілік қазір бұл құжатты оқып, тиісті сынақтардан өтіп алып жүр. Десек те, куәлікке түрлі құйтырқы амал-айламен қол жеткізетіндер әлі де кездеседі. Бұрын қоғамға кеселі көп бұл заңсыздыққа полицейлер жиі баратын. Бүгінде сан алуан қулыққа толы жолдармен емтихан тапсыруға көмектесушілер пайда болған.
Жыл басынан «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясының ішкі қауіпсіздік департаменті жүргізуші куәлігін беру кезінде 200-ден астам заңбұзушылық дерегін анықтады. Әсіресе емтихан кезінде жасырын камера мен құлаққап секілді техника құралдарын қолдану жиі ұшырасады.
Емтихан тапсырудың тағы бір айласы – бөгде адамды пайдалану. Яғни, жол ережесін жетік білетін адам жүргізуші куәлігін алғысы келетін бірнеше адамның басын қосып, топ құрады. Сосын топтағы адамдарға ым-ишарат тілін үйретеді. Емтихан күні ол тобындағы адамдармен бірге кабинетке кіріп, жанындағы мониторға қарап, жөтелу, есінеу, тықылдату арқылы дұрыс жауапты білдіртіп отырады. Осылайша бір емтиханда бес адамға дейін көмектесе алады.
Корпорация өткен жылдың екінші жартысынан жүргізуші куәлігін алу үшін жаңа талаптар енгізген, атап айтқанда, теориялық емтихан тапсыру кезінде биометриялық жүйе қолданылатын болды, автодромда металл іздегіштер мен жаңа GPS-жүйе орнатылды.
Өткен жылдың жеті айында азаматтарға 84949 жүргізуші куәлігі берілсе, жаңа талаптар енгеннен кейін ағымдағы жылдың осы кезеңінде 46585 куәлік табысталды. Көрсеткіш 45,16 пайызға төмендеп отыр.
Бұл себепті кей клиенттер жеке мүддесіне жарата бастады. Корпорацияның ішкі қауіпсіздік департаменті автоХҚО-лардағы жаңа сыбайлас жемқорлық тәсілдерін анықтап, олардың жолын кесуде.
Корпорация регламентіне сәйкес, әр анықталған бұзушылық не техника құралын пайдалану жағдайында автоХҚО қызметкерлері полиция шақырады. Одан соң акт толтырылып, емтихан нәтижесі жойылады.
Өкінішке қарай, кейбір нормативтік олқылықтарға байланысты техника құралы мен бөгде адамдардың көмегіне жүгінген құқық бұзушылар кез келген уақытта емтиханды қайта тапсыра алады. Осыған байланысты корпорация Ішкі істер министрлігіне тәртіп бұзушыларды және үш мәрте жүргізуші куәлігін ала алмағандарды 6 айға шеттетуді ұсынып отыр. Осылайша, емтихан талаптары қатаңдатылмақ.
Өзгерістер енгізілгенге дейін клиенттерге заңсыз көмек көрсетіп жүрген адамдарды қатаң тексеру басталды. Олардың штаб-пәтерлерінің мекенжайы және толық ақпараты бар 16 материал құқық қорғау органдарына берілді.
Жүргізуші куәліктерін заңсыз беруге қатысы бар барлық автоХҚО қызметкерлері жұмыстан шығарылған.
Ержан Әбіш