Басты

Қоныс тойын тойлады

Тұңғыш Президент күні аймақ басшысы Даниал Ахметов Семей қаласындағы Қарағайлы ықшам ауданында болып, бір топ азаматқа пәтер кілттерін табыс етті. Бұл мереке күні балалар үйінің 27 түлегі және көпбалалы 23 ана көптен күткен қоныс тойын тойлады.

–Тұңғыш Президент күнін біз ерекше мақтанышпен атап өтеміз. Бүгін Сіздер жаңадан салынып жатқан ықшам ауданнан пәтер кілттерін алып тұрсыздар, бұл жерде жайлы тұрмысқа қажет барлық нысандар бар. Жуық арада осы ауданда әлемдік дәрежедегі мәдени-спорттық кешен ашылуы тиіс, балаларыңыз сол жерге барып, шыныға алатын болады. Мерейлі мереке және қоныстойларыңыз құтты болсын! Өз елімізге, өзімізге сенейік, Отанымызды шексіз сүйейік! – деді Даниал Ахметов.

Пәтерге ие болғандар арасында алты баланың анасы Гүлжахар Қоныспаева да бар, ол жетінші сәбиін күтіп жүргенін қуана жеткізді.

– Облыс және қала басшылығына айтар алғысым шексіз! Мен үй кезегінде он жыл тұрдым, енді міне көптен күткен қуанышты күнге де жетіп отырмын. Әсіресе, балаларымның шаттығында шек жоқ, көп жылдан бері пәтер жалдап келдік. Барлық көпбалалы аналарға баспаналы болу бақытын тілеймін! – дейді Гүлжахар Қоныспаева.

Балалар үйінің түлегі Берік Қайырлыбаевтың жанұясы екі бөлмелі пәтерге ие болып отыр. Бұған дейін ол жұбайымен және бір жасар ұлымен жатақханада тұрыпты.

– Қуанышымда шек жоқ. Пәтер кезегінде он жылдай тұрдым. Төбем көкке жеткендей сезімдемін. Баршаларыңызға мың рақмет! – деп ризалығын білдірді Берік.

Облыс әкімі Берікке және пәтер алған тағы бір семейлік тұрғын – көпбалалы ана Салтанат Қайырбековаға теледидар тарту етті.

Кілт тапсыру салтанаты аяқталған соң аймақ басшысы пәтерлерді аралап шықты, олардың сапасын тағы бір мәрте тексеріп, оң бағасын берді.

Қарағайлы ықшам ауданы үлкен құрылыс алаңы іспеттес. Атап өтерлігі, келешекте бұл аумақта тағы 100-ден астам көпқабатты үй бой көтеретін болады. Ендеше біздерді алда әлі талай қоныстойлар күтіп тұр.

 

Бұдан соң облыс әкімі Даниал Ахметов Абай атындағы театрда  өткен Тұңғыш Президент күніне арналған салтанатты шараға қатысты. Ол құттықтау сөзінде Елбасының тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуындағы рөлін ерекше атап өтті.

– Біз көшбасшымыз – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев туралы ерекше мақтанышпен айтамыз. Тұңғыш Президенттің Қазақ еліне сіңірген, мемлекетімізді дамытуға жұмсаған еңбегі ұшан-теңіз. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Елбасымыз халықтың еңсесін көтеріп, әр азаматтың жүрегіне болашаққа деген сенім сәулесін ұялатты. Айтқаны айдай келіп, Қазақстан іргесі берік ірі мемлекетке айналды. Қай сала да қарқынды дамып, толайым табыстарға кенелді. Тәуелсіз мемлекетіміздің күллі жетістіктері Нұрсұлтан Әбішұлының есімімен тығыз байланысты! – деді облыс әкімі.

Салтанатты жиын қалалық Мәдениет үйінің, Әміре Қашаубаев атындағы филармония мен Абай атындағы театрдың өнерпаздары дайындаған мерекелік концертке ұласты.

Ержан Әбіш

 

Осы айдарда

Back to top button