Цифрлық Қазақстан

Онлайн қызмет оңтайландырылып келеді

Қазіргі таңда қандай да бір қызмет алу үшін ХҚКО-ның есігін тоздырып, кезекке тұрудың қажеті шамалы. Ұялы телефоныңды ұтымды пайдалан білсең,  кез келген қажетіңе жарап тұр. Өйткені елімізде уақыт санап онлайн қызмет көрсету оңтайландырылып келеді.

Жалпы, қызмет көрсетудің проактивті форматы бойынша мемлекеттік көрсетілетін қызметті алудың жолы жеңіл. Бар болғаны қызметті алу мүмкіндігі туралы SMS хабарлама негізінде жұмысыңызды жүзеге асыра аласыз. Осылайша халыққа қызмет көрсету орталығы бойынша онлайн қызметтің пайдасын көргендердің саны өткен жылғымен салыстырғанда екі есеге артқан. Соның ішінде көпбалалы анаға берілетін жәрдемақыны ресімдеу үшін ХҚКО-ға жүгінбей-ақ жұмысын бітіргендердің қатары көп. Биылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша қазақстандықтарға әлеуметтік-еңбек саласында 898 мың қызмет проактивті форматта көрсетілген.

Қазіргі таңда әлеуметтік-еңбек саласындағы 22 мемлекеттік қызмет проактивті форматта көрсетілуде. Белгілі мамандар ең көп онлайн пайдаланылған қызмет түрлерін анықтаған. Соның ішінде жұмыссыздарды тіркеу бойынша 309 мың қызмет іске асса, бала тууға және бала күтімі бойынша жәрдемақы тағайындау бойынша 174,6 мың қызмет жүзеге асқан. Ал бала бір жасқа толғанға дейінгі берілетін әлеуметтік төлем тағайындау қызметін 145,9 мың адам онлайн жүзеге асырған. Осындай нәтижелі қызметтердің қатары көп екені айтылды.

Жалпы қызмет көрсетудің проактивті форматы бойынша мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу үшін ешқайда барудың қажеті жоқ. Мысалы, белгілі бір өмірлік жағдай туындаған жағдайда азамат қызметті алу мүмкіндігі туралы SMS хабарлама алады. Оған оң жауап беру арқылы тұлға осы көрсетілетін қызметті алушыға айналады және барлық қажетті рәсімдер автоматты түрде жүзеге асырылады.

– Қазір әйел адамдарға көпбалалы анаға берілетін жәрдемақыны ресімдеу кезінде ХҚКО-ға жүгінудің қажеті жоқ. Төртінші бала дүниеге келгеннен кейін SMS хабарлама келеді, оған оң жауап бере отырып, ол көпбалалы аналарға арналған жәрдемақыны ресімдеуге келісім береді. Бұдан әрі  ақпараттық жүйе жәрдемақы тағайындау туралы өтінішті автоматты түрде қалыптастырады. Ең бастысы, ол үшін мобильді азаматтар базасында тіркелу керек, сонда жүйеге хабарламаны қайда жіберу керектігі белгілі болады. Бүгінгі таңда 28 мыңнан астам адам көпбалалы аналарға берілетін әлеуметтік жәрдемақыны проактивті форматта ресімдеді. Сондай-ақ «Алтын алқа», «Күміс алқамен» наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, бірінші және екінші дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған әйелдерге Президент Жарлығына қол қойылғаннан кейін жәрдемақыны ресімдеу үшін SMS хабарлама келеді. Бүгінгі таңда 6 мыңға жуық адам жәрдемақының бұл түрін проактивті форматта алуда, – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов.

Жоғарыда көрсетілгеннен өзге де қызметтерді онлайн жүзеге асыруға толық мүмкіндік бар. Тек цифрлық жүйе сауаттылықты қажет етеді. Барлығын сауатты түрде жүзеге асырған жағдайда онлайн қызмет оңай орындалмақ.

Алтай Ғали-Асқар

 

 

Осы айдарда

Back to top button