Денсаулық сақтау

Онкологиялық орталықтың жұмысымен танысты

KOICA – Оңтүстік Корея еліндегі халықаралық қатынастарды дамытуға бағытталған ықпалды агенттік. 2009 жылы біздің облыс осы агенттікпен халықаралық байланыс орнатып, келісімшартқа отырған. Нәтижесінде агенттік тарапынан екі миллион АҚШ доллары бөлініп, Семей өңірлік онкологиялық диспансеріне облысымыздағы онкологиялық дертке шалдыққан адамдардың сырқатының алдын алу мақсатында компьютерлік томограф, жылжымалы маммограф сынды заманауи құрал-жабдықтар сыйға тартылған болатын.

Онкологиялық орталықтың жұмысымен таныстыЖақында Семейде болған агенттік өкілдері бірнеше нысанды аралап, онкологиялық орталыққа да бас сұқты. Мекеме басшысы Марат Сандыбаев қонақтарды диспансердің жұмысымен кеңінен таныстырды. Оның айтуына қарағанда, Қазақстанда жылына 30 мыңға жуық адам онкологиялық дертке шалдығады екен. Оның 14 пайызы Шығыс Қазақстан облысына тиесілі. Сөз болып отырған онкодиспансер 210 орынға арналған. Жылына 5 мыңдай емделуші қабылдап, 1200-ге жуық ота жасалады екен.

Ал сыйға берілген жылжымалы маммографтың арқасында ауыл тұрғындары арасында сүт бездері ісігінің алдын алуға зор мүмкіндік туған.

– Қос тарап арасындағы қарым-қатынастың нығайып келе жатқандығын ғылыми негіздегі ортақ көзқарастардан анық байқауға болады. Семей өңірлік онкологиялық диспансері мен Кореяның ұлттық онкологиялық орталығы арасындағы жұмыстар жанданып, ғылыми тұрғыда нағыз әріптестік байланыстамыз. Бұл – екі ел арасындағы өзара түсіністіктің тура жолы, – дейді диспансер директоры М.Сандыбаев.

Корейлік делегацияның мүшесі, Орталық Азиядағы ТМД елдері бойынша менеджер-ассистент Пин Шин Енг:

– Корей елі Қазақстаннан басқа Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан және Моңғолия елдеріне көмек көрсетеді. Дегенмен Қазақстанның медицина саласы өзге елдерге қарағанда көш ілгері, – дейді.

Кореялық мамандардың Семейдегі бұл онкологиялық диспансердің жұмысына жоғары баға беріп отырғаны айта кетерлік жайт. Тағы бір тілге тиек етер дүние, Семейдегі диспансердің 21 маманы Кореяда тәжірибеден өтіп келіпті.

Онкологиялық диспансерден шыққан қонақтар қалалық медициналық жедел жәрдем станциясына да барып, ондағы жұмыстармен, алғашқы медициналық көмек көрсетуге бағытталған жедел жәрдем көліктерімен танысты. Жалпы кореялықтар болашақта Семей жерінде медицина саласына арналған жедел жәрдем көліктерін құрастыруға да ниет танытып отырған көрінеді.

Эльмира Тайырқызы

Семей.

Осы айдарда

Back to top button