Денсаулық сақтау

Онкологиялық диспансердің жабдықтары тозып кеткен

 Онкологиялық диспансердің жабдықтары тозып кеткен

Семей қаласындағы өңірлік онкологиялық диспансер еліміздің Шығыс өңіріндегі ең ірі емдеу мекемесі болып табылады. Онкологиялық диспансердің директоры Марат Сандыбаев облыс әкімі Даниал АХМЕТОВКЕ осындағы Радиологиялық орталықты, түрлі зертханаларды және операция залын көрсетті.

Бір өкініштісі, құрал-жабдықтарға 20 жылдай уақыт болғандықтан да, әбден тозып кеткен. Дәрігерлер басқа мүмкіндік болмағандықтан, осындай медициналық жабдықтармен жұмыс істеуге мәжбүр. Жапондық әріптестермен тығыз байланыс орнатып, сол елдің үкіметінің «JIСА» бағдарламасымен бірлесіп, «Семей өңірінің тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсету» бағдарламасы қолға алынған. Бірақ осы күншығыс елінен жеткізілген технологиялар да сын көтермейтін болып шықты. Себебі, тозып кеткен. Марат Сандыбаев облыс басшысына қазіргі заман талабына сай, озық технологиялы операция залының, реанимация бөлімінің қандай болуы керектігі жөніндегі қолындағы жоба, фотосурет құжаттарын көрсеткен кезде аймақ басшысы еріксіз бас шайқады.

Бір жақсысы, диспансерде өз істеріне адал, білікті мамандар жұмыс істейді. Мұнда медицина университетінің онкология және радиология кафедрасы бар. Кафедра дәрігерлері диспансердің емдеу жұмыстарына белсене атсалысып, ғылыми жобаларды да қолға алған. Осының бәрі халық денсаулығын жақсарту үшін жасалып жатқан шаралар. Радиологиялық бөлімнің меңгерушісі Раушан Закирова облыс әкіміне жұмыстары туралы әңгімелеп берді. Бұл жерде МРТ және басқа да жабдықтарды жаңарту қажет екен. Цитологиялық зертхананың меңгерушісі Татьяна Баньның айтуынша, бұл күндері қалада скринингтік бағдарламаларға ерекше мән беріліп отыр. Мәселен, әйел адамдардың жатыр мойны сырқаттары, маммографиялық тексеру-зерттеу жұмыстарында жоғары технологияның маңызы зор. Өкінішке қарай, бұл бөлімде де медициналық жабдықтар әбден тозған.

Онкологиялық орталықты аралау барысында журналистер қауымы облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТЕН «Радиолоиялық орталық қашан іске қосылады, тағы да комиссия келіп, халық тағы да тосуға мәжбүр болып жүрмей ме?» деп сұрады.

– Әрине, сіздердің алаңдаушылық танытуларыңыздың жөні бар, – деді облыс әкімі – дегенмен, біз заң аясында жұмыс істеп жатқанымызды айтқым келеді. Осында болған комисссияның жіберген қорытындысы бойынша Жоғары сотқа арыз түсті. Сот маңызды шешім қабылдайды деп ойлаймыз. Денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цойдың төрағалымен жұмыс істеген ведомстваралық комиссия Ядролық медицина орталығының техникалық және медициналық құралдарын толығымен тексерді. Ведомствоаралық комиссия құрамында Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің, Ұлттық ядролық орталықтың, Ядролық қауіпсіздік және экология институтының, атом өнеркәсібіндегі алдыңғы қатарлы кәсіпорын Үлбі металлургиялық зауытының басшылары мен өкілдері кірді. Онкологиялық диспансердің директоры Марат Сандыбаев та комиссия құрамында болды. Осындағы талапқа сай емес сұйық радиоактивті қалдықтарды жинақтап, сақтайтын жүйені қайтадан қалпына келтіріп, дұрыстап орналастырған жөн. Комиссия қазіргі тұрғанды іске жарамайды деген қорытындысын жасады. Себебі, біз үшін ең маңыздысы – радиациялық қауіпсіздік. Сот шешімінен кейін, осы сұйық радиоактивті қалдықтарды жинап, сақтайтын жүйені қайтадан жаңалап орнатуға шамамен сегіз ай кетпек. Қаржыны да қарастырдық. Түсінеміз, халық көп тосып қалды.
Облыс әкімі радиологиялық орталық өз алдына, бұрыннан бері жұмыс істеп келе жатқан онкологиялық диспансердің де медициналық жабдықтарын жаңарту керек деп нықтады. 1990 жылғы гуманитарлық көмек арқылы келген, бірақ әбден ескіріп кеткен құралдарды «антиквариаттар» деп атады. Тағы бір мәселе, онкологиялық диспансердің дәрігерлері ағылшын тілін тереңдете оқып, содан кейін шетелдерге барып, білімдерін жетілдіріп отырулары қажет. Бұл біздің халқымыздың денсаулығы үшін аса маңызды мәселе, деп тапсырды облыс басшысы.

Раушан НҰҒМАНБЕКОВА
Семей.

Осы айдарда

Back to top button