Денсаулық сақтау

Онкология саласының көшбасшысы

Айна Ескенқызы

 Жергілікті онколог-дәрігерлер жақсы жаңалықпен бөлісті – облыстық  көпсалалы онкология және хирургия орталығының жабдықталуы жыл сайын жақсарып келеді, онкологтардың тәжірибесіне қатерлі ісіктерді диагностикалаудың  заманауи түрлері енгізілген.

Облыстық көпсалалы онкология және хирургия орталығында өңіріміздің жетекші онколог мамандары қатерлі ісікті анықтау және оны емдеудің озық технологияларымен бөлісті. Орталықтың директоры Анна Кухареваның айтуынша, емдеу мекемесі Қазақстанда жоғары технологиялық онкологиялық  медициналық көмек көрсетудің флагманы болып табылады. Орталық еліміздегі ең жаңа және жоғары дәлдікпен қатерлі ісікті  диагностикалайтын жабдықтармен жарақтандырылған. Мысалы, орталықта тұрған 3,0 Тесла МРТ аппараты – қандай да бір органикалық көріністері бар ауруларды (ісіктер, кисталар, даму ауытқулары және т.б.) жоғары дәлдікпен диагностикалауға, сондай-ақ емдеу процесінде динамикалық бақылау жүргізуге мүмкіндік беретін жалғыз жоғары дәлдіктегі аспап, тіпті еліміз бойынша бірен-саран кездеседі.

2022 жылы орталықтың барлық бөлімшелерінің операциялық блоктарында жаңғырту аяқталды.

Сәулелік терапия орталығында пациенттерді сәулеге дейінгі даярлауды жүргізуге арналған КТ-тренажер орнатылған, қазіргі уақытта 600-ге жуық пациентке осы  қызмет түрі көрсетілген. 2022 жылы 2965 операция жасалса, оның 60%-ы аз инвазивті оталар (лапароскопиялық және торакоскопиялық). Жоғары технологиялық 44 операция жасалған.

Қатерлі ісік үкім емес

Елімізде жыл сайын 30 мыңға жуық жаңа қатерлі ісік диагнозы қойылады. Бүгінгі таңда 180 мыңнан астам қазақстандық диспансерлік есепте тұр. Өңірде 13 мыңнан астам пациент онкологиялық  есепке алынған. Облыс бойынша сырқаттанушылықтың құрылымына келсек, бірінші орында – сүт безі обыры, екінші орында –  өкпе обыры, содан кейін – тоқ ішектің обыры, төртінші орында  –қуық асты безінің обыры және бесінші орында – асқазан обыры. Мамандардың айтуынша, онкологиялық ауруларды ерте кезеңде анықтауда медициналық-санитарлық алғашқы көмек (МСАК) мекемелеріне үлкен жауапкершілік жүктелген.

Онкомаммолог Инна Чертищеваның сөзіне қарағанда, скринингтік тексерулердің нәтижесінде соңғы жылдары сүт безі обырын ерте кезеңде анықтау жиілеген. Оның үстіне маммография паркі жаңартылған, тіпті аудандарда да осы аппарат орнатылған. Өскемен қаласында төрт клиникада маммографиядан өтуге болады.

  • Бізде РАСЅ орталықтандырылған жүйесі жұмыс істейді. Осы жүйеде пациенттің бұрынғы жылдардағы көрсеткіштері де сақталған, сол себепті мамандар дерттің динамикасын да көріп отырады. Бұл жүйеге аудандар да қосылған, сондықтан кадр мәселесін де шешіп берді бізге. Мамандардың пациенттің диагностикалық тексеру нәтижелеріне қол жеткізуін қамтамасыз етеді, қай жерде  жүргізілгеніне қарамастан, сондай-ақ облыстың кез келген нүктесінде маманмен ақпарат алмасуға, кеңес беруге мүмкіндік береді, – деді Инна Чертищева.

Мамандардың айтуынша, орталықтандырылған РАСЅ  жүйесін енгізудің нәтижесінде 2021 жылмен салыстырғанда сүт безі обырының ерте диагностикасы 70%-ға және өкпе обырының ерте диагностикасы 63,1%-ға жақсарған. Қатерлі ісіктің ерте анықталуы органды түп-тамырымен алып тастамай, сақтап қалатын аз инвазивті оталар жасауға, сондай-ақ барлық заманауи технологияларды қолдануға мүмкіндік береді. Онкомаммолог Инна Леонидовнада жуықта 87, 90, 92 жастағы үш қария сүт безі обырынан емделіпті.

  • Үшеуі де емнің барлық түрін жақсы көтерді. Ерте анықталған жағдайда құлантаза жазылып кетуге үміт бар, – деп сеніммен айтады онкомаммолог.

Жалпы хирургия бөлімшесінің меңгерушісі  Әділбек Баймұсанов өкпе обырын, өкінішке қарай, ерте анықтау мүмкін емес екендігін айтты, көбінде үшінші сатысында белгілі болады. Оның өзінде бізде қанатқақты жоба ретінде бірнеше жыл бұрын енгізілген төмен дозалы КТ аппаратында тексеруден өткенде ғана анықтауға болады екен.

  • Осы жоба енгізілгеннен бастап біз тек қатерлі ісікті ғана емес, өкпенің басқа да қауіпті дерттерін анықтадық. Әріптестерім де айтып жатыр, ерте анықталған кезде емдеудің небір озық түрлерін қолдана аламыз, органды сақтайтын оталар жасаймыз. Операциядан қайта оңалуға да аз уақыт кетеді, науқастар төртінші тәулікте үйге шығарылады. Бұрын екі апта ауруханада жатуға мәжбүр болатын, – дейді бөлімше меңгерушісі.

Әділбек Нұрбекұлы – алғашқылардың қатарында, 2017 жылы Лондонда білімін жетілдіріп келген мамандардың бірі.  Меңгеруші  төмен дозалы КТ аппаратында тексеруді республикалық скринингтік бағдарламаға енгізсе, бұдан барлығымыздың ұтарымызды айтады. Бізде ғана қолданылатын осы әдіспен тексерілу үшін Шығысқа Түркістаннан, Шымкенттен, Жетісу облысынан пациенттер әдейі келеді екен.

Айтпақшы, жуықта қырық жастағы өскемендік әйелде өкпе обыры скрининг кезінде анықталыпты. Ол үшін бұл күтпеген жағдай болған, өйткені ешқашан шылым шекпеген, әрдайым салауатты өмір салтын сақтап келген, ешқандай инфекциялық аурулармен ауырмаған. Есеңгіреп қалған әйелдің айтуынша, күйеуі темекі тартады екен. Соның кесірінен қасында жүрген келіншектің өкпесінде қатерлі ісік пайда болған. Әділбек Нұрбекұлы бірнеше жыл бұрын жиырма жастағы бір жігітте де өкпенің қатерлі ісігі соңғы сатысында анықталғанын еске алды. Ол азамат та ешқашан шылым шекпеген. Мамандар темекінің түтіні шылым шегушінің өзінен гөрі айналасындағыларға көбірек зиянын тигізетінін баяғыда дәлелдеген.

Гинеколог-дәрігер Жансая Серікқызы жатыр мойны қатерлі ісігіне тоқталды. Өңірде обырдың осы түрімен 800 қыз-келіншек диспансерлік есепке алынған. Қатерлі дерттің бұл түріне де 30-70 жас аралығындағы әйелдерге төрт жылда бір рет скринингтік тексеруден өтуге болады. 2022 жылы тексеруден өткен 38 мың нәзік жандылардың төртеуінде қатерлі ісік алғашқы кезеңінде анықталды. Соның нәтижесінде оларға органды сақтап қалу оталары жасалған, ал бұл әйел адамдар үшін қаншалықты маңызды екені айтпаса да түсінікті.

Бірегей зерттеу аппараты орнатылады

  • Біздің онкологиялық орталықта 2021 жылдың желтоқсанынан бастап жаңа желілік үдеткіш пайдалануға берілді, оның көмегімен жоғары мамандандырылған қызмет – сәулелік терапия көрсетіледі. Пациенттер біздің орталықта сәулелік терапияның барлық түрлерін алады. Томо-терапияға  қатысты да осыны айтуға болады, оны біз сәулелік терапияның жаңа әдістерінің бірі ретінде қолданамыз. 2023-24 жылдарға арналған жоспарымызда стереотактикалық радиохирургия және стереотактикалық радиотерапия сияқты емдеу түрлерін енгізу бар,  бұл томотерапияға ұқсас. Алдағы уақытта емделушінің тыныс алуымен синхрондалған сәулелік терапия сияқты емдеу түрін енгізу де ойымызда. Сәулелік терапияның барлық түрлері ТМККК шеңберінде тегін жүргізіледі, – дейді хирург-дәрігер, радиациялық онкология бөлімшесінің меңгерушісі Әйгерім Темірханова.

Айтпақшы, жақында орталыққа ПЭТ-КТ аппаратын сатып алу жобасы туралы жарияланды.

  • Құрылғы ғимаратты жаңғырту аясында біздің онкологиялық орталықтың аумағында орналасатын болады. Диагностиканың бұл түрі радионуклидті диагностика деп аталады. Оның мақсаты – қатерлі ісіктерді ерте диагностикалау, сондай-ақ есепте тұрған пациенттердегі аурулар мен емдеу тиімділігін бақылау. Яғни, егер бізде пациент КТ және МРТ-зерттеуден өткеннен кейін диагнозы әлі де нақты түсініксіз болып тұрса, онда радионуклидті диагностика диагнозды дәлірек анықтауға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда әлемдік тәжірибе бойынша ПЭТ-КТ-сыз диагноз қойылмайды, –  деп түсіндірді Анна Кухарева.

Онкологиялық орталық аудан тұрғындарына мамандандырылған көмектің уақтылы қолжетімділігі мақсатында МСАК қызметімен, аудандық онкологтармен тығыз байланыста жұмыс істейді. Бұл – арнайы іссапарлар, онлайн консультациялар, оқыту және жергілікті жерлерде әдістемелік көмек. Қазір пациентте қатерлі ісікке күдік анықталған жағдайда оған «жасыл дәліз» әдісі бойынша 18 жұмыс күні ішінде консультация беріледі және жан-жақты тексеруден өткізіледі (зертханалық зерттеулер, ультрадыбыстық зерттеулер, рентген, ЭКГ, КТ, МРТ, сондай-ақ эндоскопия).

Скринингтер ауыл тұрғындарына да қолжетімді

Анна Кухарева қатерлі ісікке қарсы күрестің ең тиімді шараларының бірі – дер кезінде диагноз қою екенін айтады. Егер ауру ерте сатысында «ұсталса», онда көп жағдайда емдеу сәтті болады. Бұл мәселені шешуде жетекші рөл онкоскринингтерге беріледі.

Скринингтік медициналық тексерулер – онкологиялық аурулардың алдын алудың және ерте диагностикалаудың ең тиімді әдісі. Әйелдер сүт безі қатерлі ісігіне (40-70 жас)  2 жылда 1 рет және жатыр мойны обырына (30-70 жас)  4 жылда 1 рет тексерілуге тиіс. Ерлер мен әйелдер тоқ ішегінің қатерлі ісігіне  скринингтен (50-70 жас)  2 жылда 1 рет өтеді. Бұл тексерулер бірінші кезеңде емханаларда толығымен тегін жүргізіледі, тереңдетілген диагностика кезінде тексерулер МӘМС шеңберінде де тегін жүргізіледі.

  • Мемлекет басшысы денсаулық сақтау саласын, еліміздегі онкологиялық қызметті, ауыл медицинасын дамыту тұжырымдамасына сәйкес ауыл тұрғындарының скринингтік тексерулерден тыс қалып қалмауына басты назар аударуды тапсырған болатын. Қазір үш онкологиялық скринингтен басқа қант диабетіне, глаукомаға, қандағы холестерин мөлшеріне екі жылда бір рет тексерілуге болады. Кез келген ауыл тұрғыны елді мекендегі медпунктке не фельдшерлік-акушерлік пунктке барып, қанның, зәрдің жалпы анализдерін тапсыра алады, ЭКГ-дан өтуіне болады. Сринингтік тексерулердің жасы төрт топқа бөлінген, екеуі зейнет жасындағы тұрғындарды қамтыса, біреуі 18-29 жас аралығын, екіншісі 29-49 жасқа дейінгілерді қамтиды. Әр топтың өз тексерілулері бар. Егер патология анықталса, ары қарай бейінді мамандарға тереңдете тексерілуге жіберіледі, – деп тарқатып айтып берді Анна Александровна.

Ауыл тұрғындарына уақтылы скринингтік зерттеулер жүргізу мақсатында өткен жылы жеті жылжымалы медициналық кешеннің жұмысы ұйымдастырылыпты. Нәтижесінде былтыр 195 ауылда 45,7 мың адам тексерілген.

Осы айдарда

Back to top button