Жолдау жол нұсқайды

Оңды өзгерістері көп

Мемлекет басшысының биылғы Жолдауын мұқият тыңдадым. Ел өмірінің түрлі салаларында жұмыс істейтін қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған оңды өзгерістер көп. Өзім ауыл шаруашылығы саласында қызмет ететіндіктен, мен үшін осы бағыттағы өзгерістер өте маңызды. Президентіміз өз Жолдауында осы салаға да жақсы көңіл бөліпті. Аграрлық секторда бірыңғай стратегияның пайда болып, субсидиялау мәселелерінің жолға қойылатыны көңілімді қуантты. Өйткені, шаруаның басты қалауы – тұрақтылық. Тұрақтылық болған кезде шаруамыз алға басып, тасымыз өрге домалайтыны рас.

Бұдан бөлек, Жолдауда ел азаматтарының жағдайын одан әрі жақсартуға бағытталған әлеуметтік-экономикалық реформалар да көп болды. Атап айтсам, сондай жақсы өзгерістердің бірі – бала туғаннан кейін төленетін төлемақылардың бір емес, бір жарым жылға дейін ұзартылатыны. Сонымен қатар, Ұлттық әл-ауқат қорынан түсетін инвестициялық табыстың елу пайызының еліміздегі 18 жасқа дейінгі әр баланың шотына түсіп отыратыны да үлкен жаңалық болды. Болашақта баспана сатып алуға, я болмаса, оқуын төлеуге деген мақсатпен жиналатын бұл қаражат алдағы уақытта қазақстандық ата-аналар үшін үлкен жеңілдік болмақ. Қазір көптеген ел азаматтары балаларының болашақтарын қамтамасыз етуде мұндай мүмкіндіктерге ие бола алмай отыр.

Тағы бір үлкен өзгерістердің бірі – президенттік мерзімнің қысқаруы. Яғни, бұдан былай Президенттің жеті жылға бір рет қана сайлана алатыны болмақ. Мен мұны өте дұрыс шешім деп ойлаймын. Өйткені, елімізде биліктің ауысып отыруы ел дамуында, демократиялық қағидаларды қалыптастыруда өте маңызды. Осыған байланысты мен Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына арналған Жолдауын толық қолдаймын.

Фарид Абитаев, «Астана Бизнес» агрохолдингінің басқарма төрағасы

Осы айдарда

Back to top button