Өнер

Өндірістің тамырына қан жүгірткен арулар

Үлкен аккумуляторларды қуаттау оңай деп ойлайсыз ба? Ал бұл іс нәзік жанды әйелдердің қолынан келе ме? Бұған Өскемендегі Үлбі металлургиялық зауытында ұзақ жылдар еңбек етіп келе жатқан Тамара Мазур, Наталья Мозговая және Марина Шутова жауап берсін.

Тонна-тонна өнім өндіретін зауытта жүк тиегіш машина болмаса, жұмыс бітпейді. Ал сол тиегіштер жаңағы аккумуляторлардан қуат алады. Олардың жұмысы үздіксіз. Жүйелі түрде негізгі және қосалқы өндірістерден әртүрлі тиегіштер қуатталуға келеді. Олардың саны – 46. Сегіз тонналықтан бастап шағын «жапондық» тиегішке дейін бар. Аккумулятор бірнеше батарея тізбектей қосылған аккумуляторлар секциясынан тұрады. Тиегішті қуаттайтын кезде әр элементін тексеру керек, оның тығыздығы, температурасы және электролит деңгейі өлшенеді. Қажет болса элетролитті толтырып құяды.

– Біздің жұмыста өте мұқият болу керек. Біз ареометрді алып, тығыздықты өлшейміз, оның жазғы және қысқы түрі болады. Термометрмен температураны тексереміз, қуаттау кезінде ол 50 градустан аспауы керек. Секциядағы электролит деңгейін анықтауға арналған өлшегіш түтік бар, ол 3 см-ден аспауға тиіс, – дейді Наталья Мозговая.

Сондай-ақ аккумулятор қуаттаушының қобдишасында арнайы кілттер болады. Аккумуляторды токқа қоса салу жеткіліксіз. Біздің кейіпкерлеріміз батареяларды зарядтау қондырғыларына қосу үшін коммутациялық қосылыстарды еш қиындықсыз жүргізеді.

– Жұмыс былай жүреді: әр тиегіш зарядтау құрылғысында тұрады. Қондырғылар амперметрлермен және вольтметрлермен жабдықталған. Әр тиегіш үшін нақты параметрлер есептеледі және қолмен орнатылады, үш қондырғы автоматты режимде жұмыс істейді. Әр батарея үшін кестелер бар. Алдымен ток жоғары, содан кейін Ом заңы бойынша төмендейді. Біз оны біртіндеп азайтамыз, ал кернеуі артады, бұл зарядтау процесі, – деп түсіндірді Тамара Мазур.

Бір ауысымда қыздар шамамен 15 тиегішті қуаттап үлгереді. Тиегіштер 8 сағаттан 12 сағатқа дейін заряд алады. Ең үлкен тиегіштің салмағы – 8 тонна. Оның аккумуляторында 40 ұяшық бар және олардың әрқайсының тығыздығы, электролит деңгейі және температурасы тексеріледі.

– Зарядтау ұзақтығы батареяның жағдайына байланысты. Батарея неғұрлым ескі болса, оны қуаттауға соғұрлым көп уақыт кетеді. Белгілі бір кернеуге жеткенде вольтметр тиісті мәліметтерді көрсетеді, яғни бұл батареяның зарядталғанын білдіреді. Қандай кернеу болуы керек? Батарея сыйымдылығына байланысты 60-110 вольт шегінде – дейді Марина Шутова.

Біздің кейіпкерлердің электр қуатымен жұмыс істеу тәжірибесі мол. Натальяның – 27 жыл, Тамараның – 39 жыл, Маринаның – 40 жыл еңбек өтілі бар. Үшеуі де ең жоғары – төртінші разрядты жұмысшы. Сонымен қатар олардың бірі – жүк тиегіш жүргізушісі. Бір қызығы, Наталья мен Марина зауытқа ата-анасының ізімен келген. Олардың ата-аналары да бірге жұмыс істеген. Енді, міне, өздері де иық тірестіре еңбек етіп келеді. Натальяның мамандығы – тігінші. Ал Тамара мен Маринаның мамандығы – электрик, энергетикалық техникумды бітіре сала бірден зауытқа жұмысқа орналасқан.

Наталья, Тамара және Марина – өз ісінің хас шеберлері. Бериллий, уран және тантал өндірістерінің үздіксіз қызметі олардың жұмысына байланысты. Зауыттағы алып жүк тиегіш көліктер нәзік жанды арулардың еркіне сөзсіз бағынады.

Анна Чумина,

«ҮМЗ» АҚ-ның баспасөз қызметі

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button