Өндіріске өріс ашылады
Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің төрағасы Дархан Ахмед-Заки келді.
Дархан Жұмақанұлы Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-дың басқарма-төрағасы-ректоры Сәуле Рахметуллинамен бірге облыс орталығындағы ірі өндіріс ошақтарын аралады. «Казцинк» компаниясының басшылығымен кездесіп, ғылым мен білімнің өндірісте интеграциялануын талқылады.
Естеріңізде болса, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қайта өңдеу өнеркәсібінің жедел дамуын тек инновация және алдыңғы қатарлы технологиялар базасында жүзеге асыруға болады. Бұл – аксиома. Сондықтан қазақстандық экономика ғылым саятындай болуы керек», – деген еді. Осы тұрғыда кәсіпорын, өңір әкімшілігі және университет арасында байланыс тетігі болуға тиіс деп есептейді Ғылым комитетінің төрағасы. Осы тұста министрлік өкілі «Ғылым және технологиялық саясат туралы» жаңа заңнаманың мазмұны бұл стратегияны қамтитынын атап өтті.
– Жоғары оқу орнының іргесінде кәсіпорын сұранысына мониторинг жүргізетін қызмет болуға тиіс. Әлеуетті тапсырыс беруші – сіздер, – деді Дархан Жұмақанұлы кәсіпорын өкілдеріне. – Теориялық тұрғыда жоғары оқу орындары өндіріс саласындағы жаңалықтарды ұдайы қадағалап, оны сіздерге ұсыну керек. Яғни ШҚТУ бүкіл әлемдегі технологиялық ноу-хауды қадағалап, өңірлік кәсіпорын мүддесіне икемдеу жолдарын қарастырады, – деді Дархан Ахмед-Заки.
Кездесу соңында ШҚТУ мен «Казцинк» компаниясы арасындағы тығыз байланыс, стратегиялық өзара әрекеттестік туралы сөз қозғалды. Ал өңірлік ғылым мен бизнестің жетекші мамандары студенттерді даярлауға қатысты жұмыстар нәтижесін баяндады.
Сондай-ақ Үлбі металлургия зауытында болған кездесуде кәсіпорынның ішкі заңнамалық актілеріне сәйкес өзара іс-қимыл жасау мүмкіндіктері қарастырылды.
Ғылым комитеті төрағасының жұмыс сапары техникалық университетте түйінделді. Қорытынды баспасөз мәслихатында Дархан Ахмед-Заки министрлік әзірлеп жатқан «Ғылым және технологиялық саясат туралы» Заңның жобасын қысқаша таныстырды.
– Жаңа жобада ғылымды қажетсінетін экономиканы қалыптастырудың заңнамалық негізі көзделеді. Қазір әлем елдері аймақтық және жаһандық жүйелерге басымдықты орналастыру және интеграциялау арқылы тиімді ұлттық инновациялық жүйелерді құру мәселелерін шешудегі ең жақсы формуланы табуға тырысу үстінде. Ғылымды тұрақты қажет ететін өндірісті қалыптастыру үшін ұлттық инновациялық жүйені қайта іске қосу қажет. Бұл экономиканың ішкі қажеттіліктерін де өтейді. Біз қысқа мерзімде инновациялық және зияткерлік әлеуетті арттыруымыз керек, бұл ретте ұлттық жүйенің озық білімді қабылдау және оны тиімді меңгеру қабілеті алдыңғы қатарға шығады, – деді Ғылым комитетінің төрағасы Дархан Ахмед-Заки.
Сөз соңында комитет төрағасы университет ғалымдарының сұрақтарына жауап берді.
Оразай Жеңісұлы