Тарих

Он үш жасында ту ұстап, тұлпар мінген Байтайлақ батыр

Он үш жасында ту ұстап, тұлпар мінген Байтайлақ  батыр

Қазақ халқының тарихында «Қасым хан мен Есім хан заманы» немесе «Әз Тәуке мен Абылай заманы» сияқты белгілі кезеңдер болғаны әмбеге аян. Ол заманның мемлекеттік құрылымы мен билік жүйесі тек жалғыз ханнан құрылмаған. Ханмен қатар төбе билер, түмен басы, мың басы сияқты ірі қолбасшылар, арқалы ақын-жыраулар билікке тікелей араласып, елдің саяси бағыт-бағдарын, соғыстың стратегиясы мен тактикасын талқылап, белгілеуге белсене қатынасып, жүз, ру аралық мәселелерді бірлесе шешісіп, ел аралық дипломатиялық істерге де қатынасып отырған. Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай, Керей Жәнібек сынды қолбасшы батырлар Абылай заманының ірі тұлғалары болса Байтайлақ батыр он екі рулы Абақ керейдің Шеруші руының қолбасшы батыры, ел билігін ұстаған көреген көсемі болып, ел ұранына айналған. Бір рулы елдің рухани жебеушісі, бел тұтып, арқа сүйер айбары, күрестегі сенімі, сарбаздарын бастаған сардары, артынан азаматтар ерткен қолбасшысы болған адам ғана сол елдің ұранына айналады. Байтайлақ батыр Абақ Керей елінің сондай бір ірі тұлғасы болған баћадүр.
Байтайлақ 1723 жылғы Ақтабан шұбырынды жылдары Шығыстан шабуылдаған Жоңғар шапқыншыларының алдын тойтару үшін жанкешті күрес күндері ерен ерлігімен көзге түседі. Жауға қарсы күресе жүріп Шеруші елін Сыр, Есіл, Нұра бойына бастап, уақытша орнықтырады. 1724 жылы Сыр бойынан Ұлытауға дейін жер шалып, орайлы қоныс іздеп, ақыры көштің алдын Орға бұрып, үркін-қорқын, жұт-жұпырдан елін аман алып шығады. Ор өзені бойында батыс Сібірден қыспақтаған орыс отаршыларына қарсы күрескен Ашамайлы керейлер мен Уақтардың қолына қосылып, отаршылардың бетін қайтару үшін шайқасады. Қатал тағдыр қазақтың ұлдарын елгезек етіп, ерте жетілдірген ғой. Байтайлақ 13 жасында ту ұстап, тұлпар мініп, батыр атасы Құтымбеттің жолын қуып, өз әкесі Бәйімбетпен үзеңгілес жүрген. Орда бұзар 35 жасында үш жүздің басы қосылған Ордабасы кеңесін ет құлағымен естіп, 1728-1730 жылдары Аңырақай (Қалмақ қырылған), Бұланты, Шідерті, Текелі, 1740-1750 жылдары Аягөз, Ақшәулі, Алатау шайқастарында Шеруші қолын бастап, ерлікпен шайқасқаны туралы естеліктер ел аузында сақталған.
Ер Жәнібек таныла бермеген жылдары Керей қолынан әуелгі кезекте жекпе-жекке Байтайлақ пен Шақабай екеуі шығып, Жабай, Жобалай батырлар келесі кезекті алады екен. Аягөз шайқасында үш аты бірінен соң бірі оққа ұшса да туын құлатпай жаяу соғысады. Тағы бір шайқаста қолының қатары сиреп, жауға қораш көрінетінін сезген Байтайлақ: «Батыр болсаң бопсаға шыда» деп әйелдерді еркекше киіндіріп, әйел, бала демей атқа қондырып, оларды қолдың артына қойып, топ көбейтіп, өзі қолдың алдына шығып шолан тартып, жаудың батырын жекпе-жекке шақырады. Сол жолы жаудың үш батырының басын қанжығасына байлап, 11 сарбазын жайратады. «Қара қорым» қолдың айбарынан жасқанып, жүрегі шайлыққан жоңғар қолы шегініп қаша жөнеледі.
Батыр баба-Байтайлақ,
Қатулана айқайлап.
Атой сала шапқанда,
Жауы қашар сай-сайлап, –
деген жыр жолдары ел аузында ғасырлар бойы сақталуы жоғардағы ерлігінің куәсі іспетті. Жоңғарлар да Байтайлақ батырды – айтқанында тұратын, алысқанын жығатын, досына да, жауына да ерлігі танылған ер азамат деп мойындайды екен. «Қысылтаяң шақта Ер Жәнібек өзінің екі жақ қанатына Байтайлақ пен Шақабай батырдың қолын орналастырып, алға ұмтылғанда екеуі жаудың шебін жас қияқтай жапырып өтеді» дейтін бұрынғылардың әңгімесі бүгінгі күндері аңызға айналған. Ер Жәнібек Абылайдың оң тізесінен орын алуына да жебеуші болып, қасына еріп, Абылайға дәт айтушылардың алдында Байтайлақ бастаған батырлар болады.
Байтайлақ батыр жекпе-жекте, атойда қару-қайратымен жеңімпаз, әскер басқаруда ақылды, айлалы болғандықтан халқы мойындап, Шеруші руының ұранына айналған аруақты, ұлы адам.
Байтайлақ батыр 1703 жылы Балқаш көлінің солтүстік өңірінде, тағы бір деректерде Ертіс өзені аңғарында келгені туралы айтылады. Амалбай молланың естелігінде: «Шеруші Байтайлақ батыр XVI ғасырдың соңғы жартысында дүниеге келіп, XVIІ ғасырдың алдынғы жартысында қайтыс болған. Сүйегі Қалба тауының Қалба өзені аяғындағы қалың ақ шиге қойылған» деп жазылған. Осы деректі негізге алсақ, Шеруші мөлшермен 1560-1570 жылдарда дүниеге келіп, 1630-1640 жылдары қайтыс болған деп межелеуге болады.
Байтайлақ батыр 1781 жылы 78 жасында қазақ халқы қанды қырғын соғыстан айыққан жылдарда қайтыс болыпты. Дүниеден қайтқан батырды Ер Жәнібек елімен ақылдасып, Керей көбірек мекендеген өңір ерте замандарда Қалба таулары, кейде Қалба тау сілемдері деп аталып келген осы Қалба тауының көрнекті бір жотасына, яғни қазіргі Ер Жәнібек кесенесі тұрғызылған жердегі жотаға жерлепті. Сол тұста Керей, Уақтан шыққан бірнеше батырлар да осы дөңге жерленген дейтін сөз бар. Ол кезде мәйітті топырағы қалың жерге жерлесе уақыт өте келе жоқ болады деп осындай тасты дөңді таңдайтын. Мәйіт шым-балшық араластырып жиылған тастың ішіне қойылып оның үстіне мол тас үйіп зират тұрғызатын әдет болғандықтан, бұл дөң «Байтайлақ қорымы», жанындағы бастау ағыны «Байтайлақ қарасуы» деп аталған. Қоғалы көлшігі (қазіргі тоспа салынған көлшік) бар аяққы ағары саздауыт жер екен. Орыс империясының әсерінде ислам діні қақпайға ұшырағаннан бастап неге істеткені анық емес, қорым тастары азайып зираттардың үйінді топырағы жалпиып әрең көрінетін болып қалыпты. 1792 жылы Ер Жәнібек қайтыс боларда «Мен Байтайлақ ағамның жанына жатамын» деген өсиеті бойынша осы дөңге жерлепті.
Елбасымыз Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ бастамасымен 2015 жыл «Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл» деп жарияланды. Бұл – өткенімізді еске алып, өшкенімізді жандыратын үлкен іс. Мемлекетіміздің тәуелсіздігі мен халқымыздың бостандығы үшін күресіп, қол бастаған батырларымыз бен сөз бастаған шешендерімізге, ел басқарған хандарымызды еске алуға арналған мерекелік шаралар барлық жерде аталып өтіп жатыр. Жарма ауданында да Байтайлақ бабаның рухына тағзым жасалып, биылғы 8 тамызда марқұмның жатқан жерінде кесене құрылысы басталып, қыркүйектің 27-сіне күні батырдың ұрпақтарының ұйымдастыруымен ескерткіш салтанатты түрде ашылды.
Жорыққа бірге аттанып, жауды бірге жайратып, жаны көкке ұшқанда бір төбенің топырағын жамылған Ер Жәнібек пен Байтайлақ батырдың ескерткіш кесенелері қатар тұрған жер – қасиетті мекенге айналып, ұрпақ тәрбиесіне, ұлт рухына қызмет етеді деп сенеміз.

Бақыт Солтанбай,
тарихшы

Осы айдарда

Back to top button