Он бес жыл бұрын Елбасы Исламның тұсауын кесіп, ақ батасын беріпті
Осыдан тұп-тура 15 жыл бұрын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келгені, әсіресе, сол кездегі мерейлі сәттер Исламның анасы Ғалия Кәленованың көкірегінде кешегідей сайрап тұр. Бір жасқа енді ғана толып, аяғын апыл-тапыл басқан жалғыз ұлының тұсауын Елбасының өз қолымен кесіп, ақ батасын бергендегі жан толқынысы ана жүрегін әлі тербейді.
Өскемендегі Достық үйінде 1998 жылы қазақтың Тұңғыш Президенті тұсауын кесіп, өмірге басқан алғашқы қадамына ақ жол тілеп, батасын арнаған Ислам Асқарұлы қазір 16 жаста. Облыс орталығындағы Шығыс техникалық гуманитарлық колледжінің бірінші курс студенті. Грантпен білім алып жүр. Колледждегі кураторы Гүлайым Рахымғазықызының айтуынша, Ислам сабақты жақсы оқиды. Қоғамдық іс-шараларға да белсенді қатысып, үнемі қатарластарының алды болуға ұмтылып тұрады. Қалада туып, қалада өссе де өзегі қазақы қасиеттен ажырамаған ұлдың рухани жан дүниесі де терең. Ұлы Абайдан бастап Мұхтар Әуезов, Шәкерім Құдайбердіұлы, Мұқағали Мақатаев, Ғабит Мүсірепов сынды қазақ әдебиеті әлемінің «әулиелері» туғызған туындыларды жатқа соғады. Жатқа соғып ғана қоймай, ол шығармаларды оқи отырып тағылымды дүниелерді санасына құйып, өзін-өзі тәрбиелейтін жақсы бір әдеті бар. Жағымсыз қылықтардан бойын аулақ ұстауды кішкентайынан жадына сіңіріп өскен ол жастықтың күш-жігерін спортқа бағыттап, салауатты салтты серік етеді. Сабақтан тыс уақытта күреспен шұғылданады. Достарымен доп тепкенді ермек санайды.
– Анам тұсауымды ырымдап Елбасыға кестіргенін ұдайы құлағыма құйып отырады. Мені де Нұрсұлтан Әбішұлы сияқты елінің сүйікті, біртуар азаматы болып өссін деп ырымдаған ғой. «Баталы ұл арымас, батасыз ұл жарымас» деп атам қазақ айтпақшы, ол кісінің берген ақ батасының қасиетімен кішкентайымнан оқуымды жақсы оқып, сенім артқан адамдардың үмітін ақтап келемін деп ойлаймын. Қандай да бір жаңа іске қадам басар алдында өзімнің тегін адам емес екенімді, Президент маңдайымнан иіскеген, ақ батасын берген баталы ұл екенімді жадымда ұстап, соған лайықты болуға тырысамын, – деп ағынан жарылған Ислам Асқарұлы болашақ арман-мақсаттарымен бөлісті.
Шығыс техникалық және гуманитарлық колледждің техник-механик мамандығы бойынша оқып жүрген студент Ислам дипломын алған соң теміржол саласында еңбек етсем дейді. Шойын жолмен жүйткіген пойыздың темір тізгінін қолға алып, жолаушыларды тасымалдау оның бала кезден бергі арманы. Арманын іске асыру үшін кейіпкеріміз колледжге тегін оқуға түсіп, тиянақты білім алуда. Айтпақшы, колледжді тәмамдағаннан кейін жұмыс істей жүріп жоғары оқу орнында сырттай оқу ойында бар. Себебі, қазір кез келген жерде жұмысқа тұрғанда ең алдымен жоғары оқу орнының дипломын сұрайды. Ол – заңдылық. Әрине, күндізгі бөлімде оқуға болар еді, бірақ Ислам үйдегі жалғыз еркек кіндік, әкесі ертеректе өмірден озған. Сондықтан ол келешекте өзін қаршадайынан қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсіріп-жеткізген анасы мен апасына тіреу болып, еңбектерін ақтау үшін сырттай оқып жүріп жұмыс істемек, табысымен қуантпақ. Исламның анасы Ғалия – облыстық ауруханада медбике. Басы ауырып, балтыры сыздаған адамдардың бәріне көмек қолын созып, көптің алғысын арқалап жүрген абзал жан.
– Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің еңбек жолын қарапайым металлург болып бастап, қарым-қабілетінің, білім-білігінің, еңбегінің арқасында ел басқаратын тұлға деңгейіне көтерілді. Ерінбей еңбек еткен адамның келешегі жарқын болатынын ол кісі өзінің ісімен дәлелдеп берді. Бұл біз секілді жастар үшін үлгі, өнеге, – дейді Ислам Асқаров.
Ғалия Кәленованың айтуынша, Ислам сәби кезінен салмақты болыпты. Өсе келе үйдің ұсақ-түйек шаруасына араласып, анасының қолғанатына айналған. Жастайынан еңбексүйгіш, тілалғыш, бастаған ісін аяғына дейін жеткізбей қоймайтын тиянақтылықты бойына сіңіріп ер жеткен ол бірінші орынға еңбекті қояды. Оның өмірлік ұстанымы – еңбек еткен адамның ертеңі жарқын. Мұны ол сол бір жылғы Елбасының берген ақ батасынан анасының айтуы бойынша жастайынан жадына түйіп алған. Әлі күнге дейін есінен шығарған емес. Болашақта өзінің ұрпағына да осыны насихаттап, үйретіп отыруды өзіне парыз санайды.
Серік Әбілхан