Денсаулық сақтау

Қолы шипалы жан

Қандай ортаға түссе де, төңірегіне шуақ шашып, кез келген жанмен тез тіл табысып, қолдан келген көмегін аямай, қашанда жақсылық жасауға асығып жүретін жандар болады. Олар өзгелерге барын беріп, шамалары келгенше жәрдем жасап келсе де, ешкімнен ештеңе дәметпей, атақ-мансап іздемей,  қарапайым да қанағатты тірлік кешеді.

Осындай жандардың бірі деп Маңырақ ауылының тұрғыны Күдерова Жанат апайымызды (суретте) атауға әбден болады. Осы Тарбағатай ауданының Ақмектеп ауылының тумасы Маңыраққа келін болып түскен күннен-ақ адал еңбегімен, кішіпейіл де елгезек мінезімен ауыл жұртына жақты. Ол кісіге қашанда үлкендер «Жанат келін» деп ілтипат білдіріп, жастар «қадірменді апайымыз» деп ізет көрсетіп жатады. Бұған себеп қолы шипалы, ерінгенді білмейтін еңбекқор дәрігердің «басы ауырып, балтыры сыздаған» адамға дер кезінде жетіп, ауа райының қолайсыздығына қарамай, уақытпен санаспай, сапалы қызмет көрсететіні деген болар едім.

Ж.Күдерова ұзақ жылдар бойы дәрігерлік қызметті абыроймен  атқарды. Кейінірек ауылдағы дәрігерлік амбулаторияның басшысы болған кезінде де өз жұмысын өте ұқыптылықпен жолға қоя білген тиянақты маманның қызметіне ауыл жұрты дән риза.

Жанат Тоқашқызы бүгінде зейнеткер болса да, қатардан қалған жоқ, әлі күнге шаруаның бір шетінде жүр. Қай кезде де «ел-жұртқа пайдамды тигізсем» деп тұратын абзал жан ауылдағы бірден-бір олқылық дәріхананың жоқтығына жаны ауырып, осы аса қажетті нүктені өзі ашуға тәуекел етіп отыр. Дәріханаға арналған ғимараттың іргесі көтеріліп, төбесі жабылып та қойды. Енді Жанат апайымыз қажетті құжаттарды рәсімдеумен айналысып жатыр.

Міне, ауылымызда осындай ел қамын жеген, көптің келешегін ойлаған көпшіл де кісілікті ақжарқын адам бар. Мұндағы қарапайым қауымның атынан Жанат Тоқашқызына: «Көптің жайын ойлап, қолға алып жатқан істеріңіз еш кедергісіз жүзеге аса берсін!» деген шынайы тілек айтамын.

 Мырзабек Асылбекұлы

Маңырақ ауылы,

Тарбағатай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button