Экология

Қолда барды ұқсатып отырмыз ба?

Қолда барды ұқсатып отырмыз ба?

Облыс Әкімінің орынбасары Нұрлыбек Шерубаевтың қатысуымен табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының 2013 жылғы жұмысын қорытындылаған жиын өтті.
– Өткен жылы табиғат қорғау шараларын жүзеге асыруға барлық деңгейдегі бюджеттерден 6 млрд. 160 млн. теңге бөлінді. Қоршаған ортаға тигізген зиян үшін алынатын эмиссиялық төлемдер түсімі 3 млрд. 267 млн. теңгені құрады, – деді есептік баяндамасында басқарма басшысы Қалихан Байғонысов.
Аймақта атқарылған табиғат қорғау шаралары аясында былтыр республикалық бюджеттен бөлінген қаржыға Тарбағатай ауданының орталығы Ақсуатта, Зайсанда кәріз желілері мен тазалау имараттары, Курчатов қаласында кәріз желілерінің тазалау имараттары салынып, Өскеменде Ертіс өзенінен өтетін кәріздік дюкер қайтадан жаңаланған, облыс орталығы кәріздерінің тазалау жүйелері ауыстырылған. Облыстық бюджет қаражаты есебінен Аягөз, Үржар, Үлкен Нарын қалаларында қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны салынған.
Табиғат қорғау туралы сөз қозғағанда алдымен ауызға алынатын мәселенің бірі – көлдеріміз бен өзендерімізде балықтың құрып бара жатқаны, оны қорғап, көбейтуге орай жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтиже бермей отыруы.
2013 жылғы көп рейдтердің қорытындысын айтпағанның өзінде, басқарма мамандарынан құралған жедел топ биылғы қаңтар, ақпан айында ғана Зайсан көлі мен Бұқтырма су қоймаларының 75 шақырымын тексеру барысында су астынан браконьерлердің қолымен құрылған 100-ден астам ау алып шыққан. Сала мамандары алдағы уақытта ғылыми зерттеу институттары ғалымдарымен кеңесе отырып, құрып бара жатқан балық түрлерін көбейту үшін оларға бөлінетін жылдық лимит көлемін азайтып, кейбір су қоймалары бойынша балық аулауға ішінара мораторий жариялау жағын да ойластыруда.
Облыс Әкімінің орынбасары Нұрлыбек Шерубаев басқарма басшылығына балық қорғау органдарымен бірлесе отырып, бақылауды күшейтудің, балық қорын молайтудың мейлінше тиімді тетіктерін ұсынып, жүзеге асыруды тапсырды.
Балыққа мораторий жариялау мүмкіндіктері қарастырылып жатса, керісінше қаңтардан бастап қылқан жапырақты орманды кесуге енгізілген мораторий уақыты бітті. Сонымен биыл орманды ұзақ мерзімге пайдалануға алған кәсіпорындардың барлық ағаш түрін кесуге қолдары жетеді.
Алайда, аймақтағы орман пайдаланушылардың осы уақытқа дейін рұқсат етіліп келген ағаштардың өзін кесіп алуға да шамасы келмей жатқан көрінеді. 2013 жылы Орман және аңшылық комитетімен тоғыз мың гектардан астам алқаптан 275 текше метр ағашты қиюға, оған қоса орманды ұзақ мерзімге пайдалануға алғандарға 98 текше метр ағаш кесуге екі мың гектар орман алқабы бөлінген. Іс жүзінде сол орманның алты мың гектары ғана қиылып, 175 мың текше метр ғана ағаш дайындалған. Ал орманды ұзақ мерзімге пайдалануға алғандар өздерінің үлесіндегі алқаптың 57 пайызына жетер – жетпес бөлігін игеріпті.
Облыста ағаш өңдейтін кәсіпорындар жоқтың қасы, сол себепті қиылған қайың, терекке деген сұраныс тіптен төмен болған. Өңірде орман, ағаш өнеркәсібінің өркендей алмай отыруы осылайша қолда барды ұқсатуға мүмкіндік бермеуде. Оның үстіне шағын кәсіпорындардың тау шатқалдары тәрізді оңайшылықпен жете алмайтын жерлерге барып, ағашты кесе алатындай техника күштері аз әрі жаңбырлы жаз олардың жүріп-тұруына әжептәуір кедергі келтірген. Орманды ұзақ мерзімге пайдаланушылардың бөлінген көлемді игере алмауының басты себептері осы жәйттерде жатыр.
Кеңесте аймағымыздың осы орман, даласын мекендеген аң, құстарды көбейтуге орай жан-жақты шаралар жасалып жатқаны айтылды. Жануарларды қорғауға байланысты жүргізілген биотехникалық жұмыстармен бірге олардың өніп – өсуін, сондай-ақ ауыл малының сақталуын қамтамасыз ету үшін былтыр 400-ге тарта қасқыр, осыншама қаңғыбас ит атылыпты. Өткен жылы ауыл тұрғындары мен шаруашылықтарға қасқырдан 77 млн. теңге көлемінде шығын келген.
Шығыста қазіргі күні 37 жабайы аң түрі есепке алынса, солардың ішінде бұғы мен марал, еліктің саны біршама артып келе жатқаны байқалады. Қоңыр аю да көбейіп келеді.
2014 жылы облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының алдына өңірдің орманындағы аң-құсты, айдындағы балықты сақтап, молайтуға, орман өртінің алдын алып, табиғат қорғау шараларын жүргізуді ширатып, аймақтың суы мен экологиясын жақсартуға орай нақтылы тапсырмалар мен міндеттер қойылып отыр.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button