Экология

Қолайсыз метеожағдайда не істеу керек?

Былтыр жазда облыс орталығында жел соқпай, тымырсық болып тұрған күндер жиі болыпты. Экологтар қолайсыз метеорологиялық жағдай деп айтатын мұндай күндері қаладағы металлургиялық өндіріс орындары жұмыс қарқынын бәсеңдетіп, ауаға жіберілетін шығарындылардың көлемін төмендетуі тиіс.

Қолайсыз метеожағдайда не істеу керек?Ал қолайсыз метеожағдайда қарапайым халық, балалар не істеуі керек? Қала аспанын торлап алған улы газдардан қалай қорғануы қажет?

– Бұл сауалға кішкентай балалар түгілі олардың ата-аналары, мектеп мұғалімдері де қалай жауап берерлерін білмей, мүдіріп жатады. Өйткені, халықтың экологиялық сауаты төмен. Сондықтан табиғи, техногендік апаттардан сақтанып, экологиялық ахуалды оңалтуды, туған табиғатқа деген жанашырлықты оятып, қоршаған ортаға қамқор болуды балабақшадан, мектеп қабырғасынан бастап оқытып, үйрету қажет. Облыс Әкімінің көңіл бөлуімен облыста балалар мен жасөспірімдердің экологиялық туризмін, қосымша білім беру жүйесін дамытуға қаржы бөлінгенімен, аудандардағы оқу орындары бұл мәселеге көңіл бөлмей келеді. Экологиялық туристік іс-шаралар арқылы балаларды облыстың табиғи ресурстарымен жете таныстыру олардың ой-санасына да, болашағына да оңды ықпалын тигізер еді. Әзірше мұндай жұмыстар тек Катонқарағай ауданында ғана жақсы жолға қойылып отыр. Ауданда мектеп оқушыларына үш тілді оқытып, меңгертіп, туризм технологиясын үйретіп жатқан рэнжерлер мектебі де жұмыс істеп жатыр. Бұл жерде оқыған оқушылар кейін білімдерін одан әрі тереңдетіп, арнайы оқу орындарына түсіп, осы өлкеде туризмнің өркендеуіне де септігін тигізері сөзсіз, – дейді «Кругозор» туризм, мәдени жастар орталығының директоры Татьяна Нетунаева.

Экологтардың айтуынша, қала тұрғындарының көпшілігі жел соқпай, тыныш тұрған күннің қолайсыз метеожағдай күні екенін де ескере бермейді. Теледидардан естіп, білген күннің өзінде тиісті қауіпсіздік талаптарын сақтамайды. Мұндай жағдайда терезелердің желдеткіштері жабылып, көшеге шығуды шектеу қажет. Оқу орындары мен пәтердің едендері жиі-жиі жуылып, ылғалдандырылып отырылуы тиіс. Мектептер мен мектепке дейінгі мекемелерде денешынықтыру сабақтары далада емес, ғимараттың ішінде оқытылуы керек. Қолайсыз метеожағдай күндерінде орындалуы қажет бұдан басқа да талаптар бар. Талаптар бар болғанымен, оларды балаларға түсіндіріп, жеткізіп жатқан адам аз.

– Облыс мектептерінде арнайы экология пәні оқытылмайды. Осы тақырыпта анда-санда сынып сағаттарында айтылған әңгіменің балалардың экология, табиғат, қоршаған орта жайындағы түсініктері мен білімдерін толықтырып, қалыптастыруға септігі аз болып тұр. Қазіргі күнгі «Жасыл экономикаға» бағытталған өндірісті жетілдіріп, энергия үнемдейтін жаңа технологияларға көшу кезеңінде кәсіпорындарға келіп жатқан жас мамандардың да экологиялық сауаттылық деңгейлерінің төмен жағдайда екендігі бүгінгі қоғамдағы көңіл аударатын басты проблема болып отыр. Білім беру саласындағы осы мәселелерді мектеп, балабақша, жоғары оқу орны, мемлекеттік емес ұйымдар, кәсіпорын болып бірлесе шешуіміз қажет, – деген тұжырымға келді жуықта облыс орталығында өткен «Экология-Мемлекет-Бизнес-Мемлекеттік емес ұйымдар-БАҚ» серіктестік жобасы аясында балалар мен жастардың экологиялық білімдерін арттыру, экологиялық тәрбие беру» тақырыбындағы дөңгелек үстелде облыс депутаттары, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу, төтенше жағдайлар басқармасының, «ТМК», «Қазцинк» кәсіпорындарының өкілдері, мектеп мұғалімдері мен түрлі мемлекеттік емес ұйымдардың басшылары.

Осы жиынға қатысқан «Қазцинк» ЖШС, «Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ кәсіпорындарындағы экологиялық қызметтер мамандары өнеркәсіпке жұмыс істеуге келген жас мамандардың заманауи экологиялық бағыттағы түрлі технологиялар жүйесінде жұмыс істеуге университет, кәсіптік-техникалық лицей қабырғасында алған экологиялық білімдерінің сәйкес келмей жататындығы өндіріс қарқынына өз кедергісін тигізіп отырғандығын атап айтты. Қазір бұл екі зауытта жас мамандарға экологиялық білім беріп, өндіріс барысында қоршаған ортаға барынша зиян тигізбей жұмыс істеудің мүмкіндіктері мен жолдарын оқытып-тоқытатын арнайы курстар өткізілуде. «Егер жас мамандар бүгінгі күні экономикамен қатар қойылып отырған экология мәселесін, осы саладағы талаптар мен міндеттерді оқу орнынан үйреніп, біліп келсе жұмыс берушілер оларды қайтадан оқытып, уақыт кетіріп, қаржы да шығындамас еді» дейді кәсіпорын басшылары. Нан, кондитерлік өнімдер шығаратын «Ақсай-нан» кәсіпорны бүгінгі күннің инновациялық технологиясымен жұмыс істей алатын наубайханашылар мен технологтарды, өзге де қажетті кадрларды өздері дайындауға мәжбүр болып отырған көрінеді. Экологиялық жағынан таза жаңа өндіріс технологиясына көшіп жатқан бұл байырғы кәсіпорын да экологиялық қауіпсіздік талаптарын орындап, сақтай білетін білікті мамандарға зәру болып отыр.

Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы бастығының орынбасары Виталий Чернецкийдің ойынша, табиғат қорғау шараларын жетілдіріп, экологиялық білімді арттыруға экологиялық тақырыптардағы үгіт-насихат, ақпараттық жұмыстарды жүргізудің пайдасы мол . Мәселен, екі-үш жасар бала қайсы шоколадтың «Марс», қайсысының «Сникерс» екенін үлкендерден жақсы біледі. Күн сайын дерлік көгілдір экраннан жарнамаланып, көшелер мен сауда орындарына суреттері жабыстырылып, балалардың бәрін өзіне қаратпай қоймаған тәтті кәмпиттер туралы ақпараттар мен жарнамалар осылайша сәбилердің санасында қалып жатыр. Бұл – баланың білімділігінен емес, жарнаманың күштілігінен. Есесіне мектеп оқушыларының ішінде қай ағаштың емен екенін, қайыңның қандай болатынын білмейтін бала көп.

Балаларға экологиялық тәрбие, білім беру тек табиғатты сақтап, қорғаумен ғана шектелмесе керек. Балалардың өздерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету де табиғат пен адамзат арасындағы байланыстың бір буыны. Шығыс Қазақстан облысы сейсмикалық жағынан аса қауіпті аймақтардың бірі саналады. Облыстық төтенше жағдайлар басқармасы маманы дөңгелек үстел басында «апат айтып келмейді», «сақтансаң ғана сақтайды» деген қағидаларды әрқашан естен шығармаған абзал екенін ескертті.

Балаларға, жастарға жер сілкінісі кезінде, су басу кезінде, зауыттардағы жарылыстардан болатын техногендік апаттар кезінде қалай сақтану шараларын үйретудің маңызы зор. Ал біздің мектептер мен балабақшаларда, оқу орындарында жер сілкінісі кезінде қалай қимылдау керектігін үйретіп, көрсетіп, тым болмаса оқытып жатқан жан жоқ. Осыдан бірнеше жыл бұрын болған Қытай еліндегі зілзала кезінде бір мектептің оқушылары түгелдей дерлік апаттан аман қалған екен. Өйткені, мектептің басшылығы оқушыларды жер сілкінісінен сақтандыру шараларын апта сайын жүргізіп отырған. Құлаған үйіндінің астында қалмаудың, қауіпсіз жерге қашып үлгерудің амал-тәсілдерін көрсетіп, жаттықтырыпты.

Дөңгелек үстелге қатысушылар балалар мен жастарға экологиялық білім беру мәселесінен туындайтын өзге де тақырыптарды талдап, мемлекеттік органдар мен бизнестің, білім беру мекемелерінің өзара байланысын арттырудың тиімді жолдарын қарастырды.

Табиғат пен адам біртұтас. Ішіп отырған суымыз, жеп отырған нанымыз, демалып отырған ауамыз, басып жүрген жеріміз таза болу үшін сол табиғатты пайдаланып отырған адамзаттың қоршаған ортаға деген қамқорлығы жоғалмау керек. Сонда ғана экологиямыз оңалып, экономикамыз өркендемек.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button