Тарих

Қола және ерте темір дәуірлерінің сырлары

(Жалғасы. Басы газетіміздің ?103-104 сандарында жарияланды)

2018 жылғы далалық маусымда Шілікті-Тарбағатай археологиялық экспедициясы екі қорымда ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Көктүбек қорымында үш қорған зерттелді. Айнабұлақ-1 қорымында бес қорғанда қазба жұмыстары жүргізілді. Жарма және Көкпекті аудандарының аумағында жеке ескерткіштердің бірнеше тобы тіркеуге алынды.

Элитарлық ескерткіштер аумағында

2018 жылы негізгі нысан ретінде Тарбағатай ауданы аумағындағы Көктүбек-1 қорымындағы №1 қорған таңдалды. Ол өзінің көлемі, архитектурасы, жерлеу құрылымының ерекшеліктеріне  байланысты көзге түсетін сақ дәуірінің элитарлық ескерткіші болып табылады. Қорғандардың орналасуы бойынша бұл қорым шартты түрде екі нысанға бөлінді: Көктүбек-1 және Көктүбек-2 деген  осы екі қорымда қазіргі уақытта 29 қорған анықталды. Әрбір қорымда екі элитарлық, яғни «патшалық» қорған бар. Көктүбек-1 қорымы оңтүстік-батыс бағытында орналасқан 14 қорғаннан тұрады. Көктүбек-2 қорымында 15 қорған бар. Барлық қорғандар оңтүстік-батыстан солтүстік-шығысқа қарай бір сызықтың бойында орналасқан. Орталық бөлігінде негізгі екі қорған, ал қалғандары шетінде орналасқан.

Көктүбек қорымындағы барлық қорғандар топырақ үйіндісінен тұрады. Қорым Тарбағатай ауданы Көкжыра ауылынан шығысқа қарай 3 шақырым жерде орналасқан. Қорғандардың орналасуына сәйкес, бұл қорым шартты түрде Көктүбек-1 және Көктүбек-2 деп екіге бөлініп қарастырылады.

Қорғандардың орналасуына қарай төрт топқа бөлуге болады. Бірінші топта төрт қорған шоғырланған, олардың екеуі элитарлық болып табылады. Бұл топ, маңыздылығын анықтағандай, қорымның солтүстік-шығыс жағында орналасқан. Екінші топ оңтүстік-батыс бағытта орналасқан үш қорғаннан тұрады. Үшінші топ екінші топтың оңтүстік-батысында  орналасқан екі қорғаннан тұрады. Төртінші топта бес қорған бар, олар үшінші топтың оңтүстік-шығысында орналасқан.

Жалпы алғанда, Тарбағатай тауларында қола, ерте темір және түркі дәуірінің көптеген ескерткіштері шоғырланған. Көктүбек-1 және Көктүбек-2 ескерткіштері ерте темір дәуіріне жатады. Дәл хронологиялық шекараларды анықтау үшін осы нысандарды қазу қажет екені түсінікті.

Алтай, Тарбағатай және Зайсанға қатысты жаңа дәуірдің жазба деректері XVIII ғасырдан бастап орыс зерттеушілерінің еңбектерінде кездеседі, Тарбағатай туралы құнды деректер Г.Потаниннің жолжазбаларында бар, ал ежелгі ескерткіштер туралы ақпарат XIX ғасырдың соңынан бастап жолжазбаларында, есептерде, Орыс Географиялық қоғамының Батыс-Сібір бөлімінің Семей бөлімшесінің әртүрлі басылымдарында жарияланған.

Бұл бөлімше зерттеушілері Н.Я.Коншин, В.Никитин  еңбектерінде Ақсуат өлкесінің жартас бейнелері, қорғандары, Тарбағатай обалары туралы алғаш рет жазылған.

Тарихи-мәдени ескерткіштердің ерекше категориясын тастың бетіне түрлі тас немесе металл құрал-саймандармен көмкерілген жартастағы бейнелер – петроглифтер және қызыл охрамен орындалған жазба-суреттер құрайды.

Қазақстан аумағындағы ежелгі бейнелеу өнерінің ең тамаша ескерткіштерінің бірі – бұл ғалымдардың назарын аударған Бөрітастаған жартасының жазулары. Бұған XIX-XX ғасырдың басындағы, әсіресе Императорлық географиялық қоғамның Батыс-Сібір бөлімінің Семей бөлімшесінің жазбалары, кейін Қазақстанның зерттеу қоғамының Семей бөлімінің жазбалары, есептер мен қысқаша ақпараттық хабарламалар дәлел.

Кеңес заманында Тарбағатайдың солтүстік беткейлеріндегі археологиялық ескерткіштерді С.Черников зерттеген, бірақ оған белгілі Шілікті қорғандарының ашылуы тиесілі болса да, оның сызба картасында Ақсуат ауданы белгіленбеген. Қазақстанның археологиялық картасында 1960 жылы осы аудан белгісіз болып қалды.

Тек өткен ғасырдың 90-шы жылдарының басында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің археология және этнология кафедрасының ғалымдары А.Төлеубаевтың жетекшілігімен зерттеулер басталды.

1991 жылы университет экспедициясы Сабындыкөл қола дәуірінің қорымын зерттеді. Алакөл кезеңіне жататын, б.з.д. ХV-XIII ғғ. тән 15 қоршау зерттелді. Сонымен қатар Тарбағатай тауының бөктерінде, қазіргі Тарбағатай ауданының аумағында қола дәуірінің Ескеалмас, Масалы және ерте темір дәуірінің ескерткіштері Ащылы, Ақтүбек, Құлбабас ескерткіштері зерттелді. Темір дәуірінің ескерткіштерін зерттеу кезінде Үйсін кезеңінің жерлеу орындары ашылды, нәтижесінде ежелгі үйсін мәдениетінің шекарасы солтүстік-шығыс бағытта кеңейген. Сондай-ақ өткен ғасырдың 90-шы жылдарының ортасында осы топтағы Доланғара, Боғас, Тебіске, Тұяқ-ата, Базар-шаты ескерткіштері зерттелді.

2012 жылы Астана қаласындағы А.Марғұлан атындағы Археология институты филиалының зерттеу тобы Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданында Ақсуат-3 қорымында археологиялық зерттеулер жүргізді. Бұл қорым Ақсуат ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 15 шақырым жерде орналасқан. Қорым 24 қорғаннан тұрады және жергілікті халық оны Қырық оба деп атайды.

Зерттелетін ескерткіштерді неғұрлым нақты таңдау үшін жоғарыда сипатталған барлық төрт патша қорғанына геофизикалық зерттеулер жүргізілді. Алынған деректер негізінде зерттеу нысаны ретінде Көктүбек-1 қорымының  № 1 қорғаны іріктеліп алынды.

Қорғанның бетіндегі қабатын алу археологтардың мұқият қадағалауымен, жүк тиегіш трактордың көмегімен жүзеге асырылды.

Батыс жалдан 3 м жерде,   ұсақ мал сүйегі табылып, аталған аумақта ауыр техника жұмысы тоқтатылды. Дәл осындай сүйектер шашылған күйде батыс жалдан 2,1 м қашықтықта табыла бастады. Батыс жалдың тұсында алаңқай қалып, сол жерде жұмыс қолмен жүрді. Тазалау жұмыстары барысында сүйектер алынып, аталған жерде толықтай емес, бірақ анатомиялық қалпы сақталған ұсақ мал сүйегі де анықталды.

Қазба деңгейі 4,20 м тереңдікке жеткен кезде, тас қорапқа ұқсайтын тас құрылымы бірте-бірте ашылды. Батыс бөлігіндегі тас қорапты тазалау кезінде мәйіттің бұзылған сүйектері табылды. Жілік сүйек және бірнеше омыртқалар, ал шығыс бұрышында бірнеше қабырға табылған.

Қазба кезінде кеңейтіліп жатқан аумақтың оңтүстік бөлігі құлап, соны тазалау кезінде адамның сүйегі және ұсақ бисер тәріздес алтын бұйым фрагменттері шықты. Солтүстік-батыс бұрышта анықталған тастың астынан тағы да тастар көріне бастады. Шұңқырдың ізі толықтай тазаланып, тонау ізі одан да анығырақ белгілі болды.

Тонау ізінен бастау алған қазба жалғасып, батыс жал тұсындағы тастар ашыла бастады. Тастардың контурын ашу барысында   мал сүйегі шықты. Аталған сүйек тастар шоғырының солтүстігінде болса, шығысынан асықты жілік сүйегі шықты. Асық сүйектен тағы шығысқа қарай  күл анықталды. Қазба алаңы толықтай ең биік нүктеден 9 м тереңдікке дейін ауыр техника көмегімен қазылып, тегістелді. Обаның басқа бөліктерінен ештеңе байқалмайды.

Жоғарыда айтылғандарды жүйелей отырып, осы ескерткіш бойынша келесідей қорытынды жасауға болады. Зерттелген обаны құру кезінде объектінің сәулеттік құрылысына ерекше көңіл бөлінді. Мысалы, бастапқы кезеңде биіктігі 1,5-2 м платформа құрылды. Мұндай құрылыс салынуының екі себебі бар болуы керек. Біріншіден, ол ескерткішке ерекше мәртебе беріп, діни маңыздылығын көтереді. Екіншіден, бұл платформа практикалық мақсатта қолданылды. Объектінің жері біркелкі емес және жер қабаты ылғалды. Осы платформада қиыршық тас салынған топырақ үйіндісі салынды. Әрбір құрылыс сатысы ғұрыптық-жерлеу салтының күрделі және ұзақ циклінің кезеңдерімен байланысты болды.

Бұл ескерткішті зерттей отырып, жерлеу құрылысының құрылым тәсілдері мен конструктивтік ерекшеліктеріне ерекше назар аударылды. Дәл осы артефактілер бұрын көп көңіл бөлінбеген ақпарат береді. Әсіресе ірі тастардан жасалған жерлеу камерасы мұқият зерттелді. Қорғанның тоналғанына қарамастан, осы ескерткішті қалдырған халықтың мәдениеті туралы алғашқы болжам жасауға мүмкіндік беретін шағын алтын әшекейлер түріндегі артефактілер алынды.

Тас конструкциядан сәл жоғары табылған қойдың жерленуі қызығушылық тудырады. Қола дәуірінен бастап қойға табыну, әсіресе оның белгілі бір бөліктері салттық мәнге ие болды. Бұл қола дәуіріндегі қорымдардағы үлкен мөлшерде астрагалдардың олжаларымен, сондай-ақ тынымсыз тағам түрінде ыдыста қалдырылған жеке сүйектермен (құйымшақ пен омыртқа) расталады. Сондықтан дала археологиясында құрбандық шалудың негізгі рәсімдері жануарлардың толық қаңқаларының немесе жеке бөліктерінің қалдықтары болып табылады. Жоғарыда көрсетілгендей, мұндай қалдықтар негізінен жерлеу ескерткіштерінде көрсетілген. Апогеяның бұл рәсімі ерте темір ғасыры кезеңіне жатады. Зерттеуші-ғалым В.Топорованың пікірі бойынша, қойдың архетипі құнарлылық пен көбею идеяларымен тығыз байланысты. Орта Азия мен Қазақстанда қой «керемет күш иесі ретінде байлыққа ие» деп ойлады.

Қазақтың салт-дәстүріндегі қойдың мәні туралы К.Байпақовтың мақаласынан табуға болады. Ол «қойлар құрбан болған жануар немесе қорек болып табылады». «О, арвах, для тебя именую лунорогого, раздельно копытчатого с запахом мускуса или с ушами, подобными баурсакам» деген аңның белгілері сипатталған дұғамен құрбандық етті. Халық аңызы бойынша, әрбір үй жануарлары құдайдың құдіретімен жаратылған: «жел сияқты жылдам жылқы – желден,  қой мен қошқар – Аспан  мен оттан жасалған» деп атап өтті.

Көшпелілер өркениетінің бастауы

Тарбағатай ауданындағы Көктүбек-1 қорымының №1 обасында жүргізілген археологиялық зерттеулер нәтижесінде алынған материалдар арқылы аймақтағы ерте кездегі көшпелілердің жоғарғы құрылыс техникасы мен архитектуралық әдістерін көре аламыз. Архитектуралық құрылысы, жерлеу камерасы мен табылған алтын бұйымдарға қарап, объектіні б.з.д 7-6 ғғ. жатқызамыз. Жерлеу құрылысының күрделілігі мен өлшемдері, қосарлана жерленген мәйіттің болуы мен кейбір басқа да мәліметтер қорғанда жерленген адамның жоғарғы әлеуметтік топқа жататынын көрсетеді. Жүргізілген қазба жұмыстарының ғылыми құндылығы – Шығыс Қазақстанның ерте көшпелілерінің жерлеу орындарының құрылымдық ерекшеліктері туралы мәлімет алуда.

Көктүбек-2 қорымында екі оба қазылды. №3 Қорған Көкжыра ауылынан шығысқа қарай 2 шақырым қашықтықта орналасқан Көктүбек-2 ескерткіштері тобына кіреді. Зерттелетін ескерткіш қорғандар тобының орталығында, ескерткіштердің қалған бөлігінен шығыс жақта тұр. Сыртқы белгілерге сәйкес, қазбаға дейін ерекше белгілері байқалмайды. Қазба жұмыстары басталғанға дейін төбесі дөңес және салыстырмалы түрде тегіс болған, тонаушылық іздері табылмады.

Үйінділерді тазартқаннан кейін қорған жалы алынып тасталды. Жал алынғаннан кейін қабір белгілерін анықтау бойынша жұмыстар жүргізілді. Шұңқырдың батыс бұрышында, 2,89 м тереңдікте шашылған адам сүйектері (қабырғалар мен омыртқалар) табылды. Осы сүйектерден 15 см солтүстік-батысқа қарай бағытталған адам бас сүйегінің жоғарғы бөлігі табылды. Жоғарыда аталған сүйектерден батысқа қарай 5 см жерде, төменгі жақ сүйегі табылды. Қабір шұңқырының батыс бөлігінде сүйектердің жиналуы 60 см-ге жуық аумақты алып жатыр.

Тас жиналғаннан кейін қабір шұңқыры тағы 15 см-ге тереңдетілді. Бұл тереңдікте шұңқыр суасты суларымен толтырылады. Нәтижесінде одан әрі зерттеулер тоқтатылды. №4 қорған – №3 обадан батысқа қарай 30 м жерде орналасқан топырақ үйіндісі. Қазбаға дейін сыртқы белгілері бойынша ерекше белгілер байқалған жоқ.

Жерлеу  шұңқырын  жабу мақсатында қолданылған тас плиталар ерекшеленеді. Екі тас плитасы қабір шұңқырының батыс бөлігінде орналасқан. Олардың бірі шығыс бөліктегі тас плита сияқты төселген. Екінші плита тігінен орналасқан. Мүмкін, бұл плита қабір шұңқырының орталық бөлігін жабу үшін орнатылған. Тонаушылар ізінің салдарынан батыс бөлікке жылжыған. Бұл қабір шұңқырының орталық бөлігінде тастардың ұрлануымен расталады. Тас конструкциясын тазалау кезінде   шашылған адам сүйектері анықталды. Бас сүйегі үш бөлікке бөлінген. Нәтижесінде қабір шұңқырының орталық бөлігінде    қандай да бір анатомиялық жүйеге тән емес адам сүйектерінің жиналуы анықталды. Сүйектер арасында дөңгелек бисер түріндегі алтын әшекей бұйым табылды. Қабір шұңқырын тереңдету жұмыстары ешқандай нәтиже берген жоқ.

2017 жылы аталған қорымда бірнеше қорғандар зерттеліп, обалардан маңызды мәлімет беретін материалдар табылып, Қазақстан территориясында өте сирек кездесетін Афанасьев мәдениеті ашылды. Қазіргі күнгі зерттеулері аталған мәдениет бойынша толыққанды және қосымша мәліметтер алуға бағытталып, бұл ескерткіштер алдын ала «Темірсу археологиялық мәдениеті» деп аталды.

2018 жылы бұл бірегей ескерткіштегі зерттеулер жалғасын тауып, бұрынғы зерделеу жұмыс нәтижелері жаңа материалдармен нақтыланды. 2018 жылғы далалық маусымда осы қорымда бес қорған қазылды.

№9 қорғанның беткі қабаты тас үйіндісінен тұрады, кейбір жерлері беткейленген. Бұл конструкция пішіні бойынша қабір үсті құрылысына ұқсас келеді. Тас конструкциясын тазалау кезінде қабір шұңқырының шекарасы толығымен айқындалған. Қабір шұңқыры солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа бағытталған.  Қазіргі жер деңгейінен 90 см тереңдікте аяқ-қолы бүгілуі қалыпта мәйіт табылды. Басы солтүстік-батысқа қаратылған. Беті солтүстікке қаратылып, бас астына тастан жастық жасалған. Мойнында бірнеше дана моншақ табылған.  Ішкі бөлігінің түсі жасыл  жəне көгілдір.

№7 қорған – әртүрлі пішінді тастармен аралас топырақ үйіндісі. Екі сектор параллель түрде қазылды. Беткі қабаты  тас  үйіндісі, кей жерлері шым қабатымен қабатталған. Шым қабатынан тазарту жұмыстары біткеннен кейін қорғанның тас конструкциясы анықталды. Тас конструкциясының периметрлері бойынша қабір шұңқырының шекаралары белгіленді. Қабір шұңқырын тереңдету барысында 74 см тереңдікте шашыраған адам сүйектері табылды.

Қазба жұмыстары басталмас бұрын №21 қорған жиектерінде салынған тас үйіндісі болды. Алаңның ортасында көлемі 3х2 м, шығыстан батысқа қарай ұзын жағынан қазба салынған. Кейін 50 см тереңдіктен дақ байқалды. Бұл даққа негізделе отырып қазба жасалды. Алайда дақ топырақтың табиғи морфологиялық құрамы болып шықты.  Нәтижесінде  бұл қорған –  кенотаф (мүрдесіз жерлеу) орны екендігі анықталды.

Тарихи ақпарат танымдары

№6 қорған дала жолы бойында орналасқан. Бір қарағанда өте қатты байқалмайды. Тас үйіндісі, кейбір жерлерде беткі қабаты шындалған. Шұңқырдың орталық бөлігінде адамның бірнеше сүйектері табылды. Соның ішінде қабырға сүйектері мен саусақ ұштары және аяқ сүйектері табылды.

2018 жылы жүргізілген далалық зерттеулер нәтижесінде екі қорымда орналасқан сегіз ескерткіш зерттелді. Негізгі зерттеу жұмыстары элитарлы сақ қорғаны қазып алынған Көктүбек қорымында жүргізілді. Жұмыс процессі барысындағы бақылаулар нәтижесінде Көктүбек-1 қорымындағы №1 қорған бірнеше кезеңде қалыптасқан күрделі жерлеу комплексі екені анықталды. Кезеңдер құрылыс комплексіндегі әртүрлі сатылармен көрсетілген.

Бастапқы кезеңде қабір шұңқырының тас жабыны және жер платформасы салынды. Кейіннен қиыршық тас салынған топырақ үйіндісі салынды. Әрбір құрылыс сатысы жерлеу рәсімінің күрделі және ұзақ циклінің кезеңдерімен байланысты болды.

Аталған ескерткішті зерттей отырып, жерлеу орнының құрылыс әдістері мен конструктивті ерекшеліктеріне басты назар аударылды. Әсіресе ірі тастардан салынған жерлеу камерасы мұқият зерттелді. Қорғанның тоналғандығына қарамастан, кішкентай алтын бұйымдар түріндегі артефактілер бұл ескерткіш қалдырған мәдени мұра туралы алғашқы болжамдар жасауға мүмкіндік береді.

Тарбағатай ауданындағы Көктүбек қорымының №1 қорғанында жүргізілген археологиялық зерттеулер нәтижесінде аймақтағы ерте кездегі көшпелілердің жоғарғы құрылыс техникасы мен архитектуралық әдістерін көре аламыз. Архитектуралық құрылысы, жерлеу камерасы мен табылған алтын бұйымдарға қарап, объектіні б.з.д 7-6 ғғ. жатқызамыз. Жерлеу құрылысының күрделілігі мен өлшемдері, қосарлана жерленген мәйіттің болуы мен кейбір басқа да мәліметтер қорғанда жерленген адамның жоғарғы әлеуметтік топқа жататынын көрсетеді. Жүргізілген қазба жұмыстарының ғылыми құндылығы – Шығыс Қазақстанның ерте көшпелілерінің жерлеу орындарының құрылымдық ерекшеліктері туралы мәлімет алуда.

Сондай-ақ Көктүбек қорымының тек екінші қорғандар тобында ғана ерте темір дәуіріне жататын екі кіші қорған (№3,4) қазылды. Екі қорған да кезінде тоналған. Осыған қарамастан, зертттеулер нәтижесінде қорым ішіндегі құрылыстардың ерекшелігі туралы мәлімет алуға мүмкіндік туды. Қазба жұмыстары барысында антропологиялық және басқа да ғылыми жаратылыстану зерттеулерін жүргізуге қажетті мәліметтер алынды. Соның нәтижесінде аталған ескерткіштер бойынша нақты сипаттама жасалады.

Осылайша, 2018 жылғы далалық зерттеу жұмыстары зерттеліп отырған аймақтың ежелгі тұрғындары, ерте қола және ерте темір дәуірінде өмір сүрген адамдардың мәдениеті туралы тарихи ақпарат берді.

Қанат Қайым,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Осы айдарда

Back to top button