Тарих

Ол күндерді өмір бойы ұмытпайды

Ол күндерді өмір бойы ұмытпайды


Желтоқсан оқиғасына күршімдік жастардың да атсалысып, шамалары келгенше үн қосқаны мәлім. Оларды аудан халқы тегіс сыйлап, әрдайым құрмет-қошемет көрсетіп отырады. Солардың бірі – Сырымбаев Ерназға біз арнайы барып тілдескен едік.

Ерназ Зәкенұлы қазіргі кезде Күршімдегі балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры болып қызмет істейді.

-Иә, ол күндер есімізде, – деп Ерназ біраз ойланып қалды. – Өмір бойы ұмытыла қоймас та, сірә!.. Біраз үнсіздіктен соң ол әңгімесін бастап кетті.
Күршімге таяу маңдағы Тастоған деген жерде дүниеге келген Ерназ Зәкен мен Зүкен Сырымбаевтардың сегіз перзентінің бесіншісі болатын. 1981 жылы Зеленое ауылындағы (қазіргі Алғабас) Совет орта мектебін бітірді. Сол жылы күзде әскерге алынған жас жігіт міндетті борышын Қара теңіз флотында сүңгуір қайықтың матросы болып атқарды. Үш жылдық әскери қызмет, сол тұстағы бейбітшілік сақтау саясатына байланысты Африкаға дейін барып, Тунис Республикасының Мендель-Бугиба портында қызмет атқарған төрт ай ішіндегі бастан кешкен оқиғалары өз алдына бөлек әңгіме. Біз сөздің негізгі түйінін Желтоқсан дүрбелеңіне әкеліп тіредік.

-Әскерден оралған соң – деп жалғады әңгімесін Ерназ, – Алматыға барып, Шамалғандағы гидромелиоративтік техникумға оқуға түстім. Ол жерде беделсіз болған жоқпын, ең белсенді деген студенттердің бірінен саналдым. Өзіміздің топтың старостасы, сонымен қатар техникумдағы студенттер кеңесінің төрағасы болып сайландым. Сөйтіп, білім алып жаттық.

16 желтоқсан күні мақаншылық Қабдуллин Серікхан деген досым екеуіміз Алматыға бардық. Көше-көшенің бәрі күбірлескен, дүрліккен халық екен. Құлақ түре келе ұққанымыз – Қонаевты биліктен алып тастап, орнына Колбинді қойыпты. Соған наразы болған қазақ жастары алаңға жиналып, Орталық Комитеттің әділетсіз шешіміне қарсылық білдіріп жатса керек. Бұл жағдай бәріміздің көңілімізге көлеңке түсіріп, біздің де ол туралы шынайы ойымызды білдіргіміз келді.

Түнімен дайындалып, келесі күні таңертеңгі сағат төрт жарымда 200-дей студент Шамалған кентінің орталығын бетке алдық. Келсек, алдымызда бес қаруы сай арнайы бөлімнің сарбаздары сап түзеп күтіп тұр екен. Арамыздағы бір сатқынның заң орындарын құлақтандырып қойғаны белгілі болды. Кенет команда берілді де, солдаттар лап қойып, резеңке сойылдарымен қарусыз студенттерді сатырлатып сабай жөнелді. Бөтен ойымыз жоқ, ешқандай қорғаныс құралымыз да жоқ, алаңсыз тұрған біз быт-шыт болдық. Әркім басы ауған жаққа қашты. Солдаттар бірталай адамды арнайы көліктерге тиеді де, қалғанымызды қойдай айдап әкеліп, техникумның акт залына қамады.

Алматыдағы қырғынды естіп, жанымыз түршігіп, бір жағынан ашу-ызадан ширығып жаттық. Ертеңінде үлкен жиналыс болып, әдейілеп келген заң қызметкерлері көптеген студенттердің жазаға тартылатынын ашық мәлімдеді. Енді тыныштық орнамаса, үлкен әңгімеге қалатынымызды ескертті. Техникум директоры Майдан Әміржанов деген жігіт еді, бізді жанын сала қорғады. Сол азаматтың пайдасы мол тиіп, талайымыз жауапқа тартылудан, оқудан қуылудан аман қалдық.

Біз де қорқып-үрікпестен шарт қойдық: «Қамауға алынған 22 студент босап, ортамызға оралсын! Сонда тыныштық орнайды». Заң қызметкерлері де Алматыдағы дүрбелеңнен жасқанып қалған сыңайлы, оның Шамалғанда қайталанғаны оларға да абырой әпере қоймасы анық. Сол себепті олар біздің шартымызға көнді де, қамаудағылар босатылды.

Біраз уақыттан соң бізді директор шақырып алып, 22 студентті оқудан шығару қажет екендігін айтты. Студенттер кеңесінің төрағасы ретінде өзіме де үлкен қауіп төніп тұрғанын жасырған жоқ. Бұл талқыға салынбайтын, сонау жоғарыдан түскен жарлық. Енді не істеу керек? Ақылдаса келе жол таптық. Біз шеруге қатысқандарды емес, ілініп-салынып, онсыз да оқымай жүрген үлгермейтіндерді тізімдедік. Жақсы оқитын, барлық қоғамдық шараларға белсене қатысатындар аман қалды. Осы шаралардың бәрінде ауылдасым Дүсіпов Бақытбек бір елі қалмай, менімен бірге жүрді. Мені біраз уақыт милиция бөлімшесіне, КГБ кеңсесіне шақырып, алуан түрлі жауаптар алып, мазалай берді, сөйткенмен бұл түртпектеу біртіндеп саябыр тартты да, ақырында мүлде тынышталды. Әлгі шығарылғандардың көпшілігі соңынан аталған оқу орнын бітіріп алды. Бір өкініштісі, көп ұзамай директорымыздың өзін жұмыстан шығарып тастады…

Жігерлі азамат техникумнан соң әдейілеп келіп Семей пединститутына түскен болатын. Ерназ бес жыл оқып, осы білім ордасының денешынықтыру факультетін бітірді. Бұдан соң ол Самардағы Ж.Болғанбаев атындағы орта мектепте 15 жыл бойы ұстаздық етіп, жас буынды спортқа баулыды. 2005 жылы Күршімге ауысып, аудандық білім бөліміне спорт саласының бас маманы ретінде келіп, 2007 жылдан спорт бөлімінің басшысы болған Е.Сырымбаев 2011 жылдан бері аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры қызметін абыроймен атқарып келе жатыр. Еселі де ынталы еңбегі үшін салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының күміс медалімен, 2016 жылы осы әлемге әйгілі дүрбелеңнің 30 жылдығына арнап шығарылған «Желтоқсан – ел есінде!» төсбелгісімен марапатталған Е.Сырымбаев бүгінде аудандағы беделді де белді азаматтардың бірі.

Хасен Зәкәрия
Күршім ауданы.

Осы айдарда

Back to top button