Тәрбие

Оқушылар қолына қару алды

Мейрамтай Иманғали

Жас ұрпақтың бойында Отанға деген сүйіспеншілікті, патриоттық сезімді қалыптастыру өте маңызды. Баланы болашағым деп білетін елдер бұл мәселеге ешқашан немқұрайды қарамайды.   Жақында Өскеменде «Жас ұлан -2023» әскери-спорттық ойынының облыстық кезеңі өтті. Оған өңірдегі әскери-патриоттық спорттық клубтарынан жеті команда, 70-ке жуық курсант  қатысты.

Қазіргі таңда облыста  7408 курсантты қамтитын 261 әскери-патриоттық клуб пен үйірме жұмыс істейді. Сондай-ақ облыстың қалалары мен аудандарындағы 27 мектепте 1853 оқушыны қамтитын 94 «Жас сарбаз» сыныбы бар.  Осыдан-ақ өскелең ұрпақтың бойында патриоттық рухты, Отан алдындағы жауапкершілік сезімді тәрбиелеу, салауатты өмір салтын насихаттау және әскери-қолданбалы спорт түрлерін танымал ету  бағытында біраз шаруаның атқарылып жатқанын аңғаруға болатын секілді.

Бұл жолы «Жас ұлан-2023» әскери-спорттық ойынының облыстық финалы Өскемендегі  Қорғаныс министрлігінің әскери-техникалық мектебінде  өтті.   Әскери спорттық ойынның негізгі мақсаты  – қазақстандық патриотизмді тәрбиелеу, жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру бойынша жұмыс мазмұнының сапасын арттыру, салауатты өмір салтын насихаттау және дамыту, жас ұрпақтың арасында тіршілік қауіпсіздігі мәдениетін қалыптастыру. Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін облыстық сайысқа биыл өңірдегі мектептердің 9-11-сынып оқушылары, сондай-ақ колледждердің 15-16 жас аралығындағы 1-2-курс студенттері  қатысты. Барлығы да ойынның қалалық, аудандық кезеңінің жеңімпаздары.

Әскери-спорттық бәсекеге қатысушы командалар бірнеше сайыс түрінен  сынға түсті. Алдымен әр команда қазылар алқасының назарына өздерінің таныстыруын ұсынды. Одан кейін командалардың сапқа тұруы  мен саптық әндері сарапқа салынды.  Сондай-ақ  командалар противогаз кию, АК-74 қаруын бөлшектеп бұзу және жинау,  АК-74 жарағының қорабы нормативін орындаудан сайысқа түсті. Сонымен қатар қатысушылардың атыс даярлығы, турникке тартылуы, денені шалқадан жатып көтеруі секілді спорттық ептіліктері де есепке алынды.

Мен Өскемен қаласының Сағадат Нұрмағамбетов атындағы №4 орта мектебінде алғашқы әскери даярлық пәнінен сабақ беремін. Мектебізде 2016 жылы «Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубы құрылған. Сайысқа осы клубтың ең мықты мүшелері қатысып жатыр. Барлығы да көздеп ату, топография, тактика, сап түзеу жағынан  өте тәжірибелі, өйткені қалалық, облыстық жарыстарға көп қатысқан, – дейді Саят Қалижанов.

Әскери-патриоттық ойынға қатысушылардың арасында нәп-нәзік қыздар да бар. Солардың бірі –  Алтай қаласындағы №8 орта мектебінің 11-сынып оқушысы Дарья Токарева. Дарья болашақта әскери тілші болғанды армандайтын көрінеді. Былтыр ол республикалық «Жас сарбаз – жас тілші» байқауында бас жүлдеге ие болыпты.

Мұндай ойындар біздің жас буынға өте қажет. Бұл сайыс жастардың бойында патриоттық сезімді ғана қалыптастырып қоймайды, сонымен бірге денсаулықты шынықтырады, жастар арасындағы өзара достықты да нығайтады, – дейді Шығыс Қазақстан облысы Қорғаныс істері жөніндегі департаменттің өкілі Бауыржан   Қалиев.

Байқаудың қорытындысы бойынша барлық қатысушы дипломдармен, грамоталармен және сертификаттармен марапатталады.

 

Back to top button