Тәрбие

Ұрпақтар сабақтастығын жалғап келеді

Ел Президенті «Ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу – аса жауапты әрі күрделі міндет. Ұлттық құндылыққа қанығып өскен өреннің танымы терең, ділі берік болады» деген еді. Облыс орталығындағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы №20 мектептің ұжымы Мемлекет басшысының сөзін қаперге ала отырып, «Ұрпақтар сабақтастығы» жобасы аясында «Отбасы – ұлт тірегі» рухани кешін ұйымдастырды.

Іс-шараға аталмыш мектептің түлектері отбасыларымен бірге қатысты.

– Мақсатымыз – көнекөз қариялар мен жас буын арасында тығыз қарым-қатынас қалыптастыра отырып, отбасылық тәрбие арқылы ұлттық құндылықтарды ұлықтау, – деді мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Анар Иманғалиева.

Түлектер ізбасарларымен ұлттық тәрбие, отбасы татулығы жөнінде әңгіме өрбітіп, ой бөлісті. Әсем әнге де кезек берілді. Түлектер  «Әке-ана» әнін, Камалиевтар отбасы «Қос бәйтерегім» әнін шырқады.

– Осы білім ордасынан екі балам түлеп ұшты. Биыл үшінші балам 11 сыныпты тәмамдайды. Бәрі де ұлттық тәрбие мен білімге қанығып өсті. Ұрпақтар сабақтастығы деген осы емес пе? Игі шарадан болашаққа байыппен баруда мақсатымыз айқын, қадамымыз нық, ісіміз оң болсын деген тілекпен тарқастық, – дейді Айша Көбжасарова есімді ана.

Оразай Жеңісұлы

Back to top button