Тәрбие

Бала жанының бағбандары

«Бала естігенін айтады, көргенін істейді» деп қазақ халқы бекер айтпаған. Мектеп жасына дейінгі балаларды адамгершілікке тәрбиелеудің маңызы зор. Сәбилеріміз ата-анасы, тәрбиешісі, достарының мінезінен, жүріс-тұрысынан, сөйлеген сөзінен, істеген ісінен үлгі алуға тырысады.

Балабақша – баланың жүйелі түрде білім, тәрбие алатын ең алғашқы қоғамдық ошағы. Балабақшаның балаға беретін тәлім – тәрбиесінің қаншалықты мықты болуы, сол жерде қызмет ететін педагогикалық ұжымға, нақтырақ айтсақ, тәрбиешіге байланысты. Ол ертеңгі болашақты тәрбиелейді. Адам тәрбиелеу, оған ғылым негіздерінен мағлұмат беру, баланы өмір сүруге икемдеу, адами қасиеттерді бойына дарыту – оның бәрі оңай шаруа емес.

Тәрбиеші – суретші, әртіс, әдебиетші, ақылшы, дос және бала жанын бағамдар психолог.

Өскемендегі №42 орта мектебінің жанындағы «Айгөлек»  шағын орталығында бала жанының бағбанына айналған осындай білікті дәне білімді тәрбиешілер жұмыс істейді. Бүгінгі таңда бұл мектепке дейінгі тәрбие ошағында 24 бала бар. Олардың жас шамасы төрт жастан бес жасқа дейінгі аралықта. Шағын орталықта балдырғандармен қызықты ойындар ойнатылып, коммуникативті, шығармашылық, социум, денсаулық, айналасымен таныстыру бағыттары бойынша сабақтар өтеді. Бүлдіршіндер әрбір іс-шараға белсене атсалысып, өз өнерлерін көрсетуге тырысады. Әсіресе, ән айтып, би билеуге, сурет салуға икемі бар қабілетті балақайлар көп. Олардың талантын ұштап, өнер-білімге баулу, адами құндылықтарды сіңіру тәрбиешілердің мойнына жүктелген жауапты да маңызды міндет. Еліміздің келешегі осы өсіп келе жатқан жас өркендеріміз десек, олардың тұлға болып қалыптасуының бастауында тәрбиешілер, яғни мектепке дейінгі білім беру мекемесі тұрғанын есте ұстауымыз керек.

Қарапайым ғана мысал, балалар тәрбиеші көмегімен жуынып, киінеді және бір-біріне көмектеседі, «рахмет, кешір, өтінемін» деген сияқты сөздерді айтып отырады. Ұжымға тәрбиелеу – балалардың өзара ұжымда қарым-қатынасын қалыптастыру. Осылайша мейірімділіктің негізі қаланады.

Ойыншықтарды жинастыру, оларды күтіп ұстау арқылы балалар ұқыптылық пен тазалыққа үйренеді. Сол сияқты бір-біріне көмектесу, қамқор болу арқылы қайырымдылық, кішіпейілділік сияқты қасиеттерді бойына сіңіреді. Осының бәрі балғындарымыздың ұлы Абай атамыз айтқан «толық адам» болып шығуына оң әсер етеді деп сенеміз. Еліміздің ертеңі жарқын болсын десек, бүгінгі бүлдіршіндерімізге лайықты тәрбие мен білім бере білуіміз керек.

Раушан Кабидолдина,

«Айгөлек» шағын орталығының тәрбиешісі

Back to top button