Өкпе дерті азайып келеді
Айна ЕСКЕНҚЫЗЫ
Облыста туберкулезбен ауру өткен жылмен салыстырғанда азайған. Жыл басынан бергі екі айда туберкулездің 45 жағдайы тіркелді. 2022 жылдың осы кезеңінде 58 инфекция анықталған-ды. Сырқаттанушылықтың 22 пайызға төмендегені байқалады. Бұл туралы облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сәуле Слямғазина брифингте мәлімдеді.
Спикердің сөзіне қарағанда, өкпе құртымен сырқаттанушылық көрсеткіші жылдан-жылға төмендеп келеді.
–Мысалы, 2022 жылы аймақта инфекцияның 317 жағдайы анықталды. Ал оның алдыңғы жылы (2021) 337 жағдай тіркелген. Сонда аурудың 12 пайызға төмендегенін байқаймыз. 14 жасқа дейінгі балалар арасында да аурудың төмендеуі байқалады. 2022 жылы алты, ал 2021 жылы жеті жасөспірімде дерт анықталған болатын, – деді Сәуле Слямғазина.
Сондай-ақ оның айтуынша, өткен жылы облыста туберкулездің бактерия бөлінетін түрі тіркелген 116 ошағы анықталыпты.
– Барлық ошақтар тексерілді. Науқастармен байланыста болған 700-ден астам адам анықталып, бақылауға алынды. Олар рентгендік және микроскопиялық әдіспен тексерілді, – деп қосты Сәуле Слямғазина.
Облыстық фтизиопульмонология орталығының бас дәрігері Райфа Сафиоллинова туберкулездің әлемде таралуына тоқталды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, жыл сайын жер бетінде 10,6 миллионнан астам адам өкпе құртын жұқтырады. Олардың 1,6 миллионы қайтыс болады. Сол себепті Кох таяқшасы әлі күнге алаңдататын аурулардың қатарында. ДСҰ 2030 жылға қарай осы дертпен күресуде қол жетуге тиіс жоспарды жариялаған. Оған сәйкес, әлемде 100 мың тұрғынға шаққанда туберкулезді анықтау көрсеткіші 10-нан, ал өлім көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 0,2-ден аспауы керек.
Райфа Сафиоллинова бұл қауіпті ауруды жою үшін облыста барлық жағдай жасалғанын, ресурстар жеткілікті екенін атап өтті.
Бас дәрігер елімізде туберкулездің алдын алу нәресте өмірге келген сәттен басталатынын айтты. 2-4 тәулікте жаңа туған қазақстандықтарға БЦЖ екпесі егіледі. Бұл сәбиде осы дертке өмір бойы жететін иммунитет қалыптастырады.
–Бұрын бізде перзентханада екпеден бас тартатын ата-аналар көп кездесетін. Қазір олармен түсіндіру жұмыстарын жүргізгеннен кейін, қарсы болушылардың саны азайып келеді. Мысалы, 2021 жылы 120 ата-ана екпеден бас тартса, 2022 жылы 88 ана қарсы болды, сонда қарсы болушылардың 20 пайыздай төмендегенін көреміз. Содан кейін 6 жасында БЦЖ вакцинасымен ревакцинация жасалады. 14 жасқа дейінгі балаларға манту сынамасы, “тәуекел” тобындағы 14 жасқа дейінгі балаларға туберкулин диагностикасы жүргізіледі. Ал 15 жастан бастап балалар да, ересектер де жылына бір рет флюорографиядан өтуі тиіс. Аурудың симптомдары болмаса да, – деп нақтылады Райфа Сафиоллинова.
Облыста туберкулезді анықтау үшін Кох таяқшасын екі сағат ішінде анықтайтын “Джен-эксперт” аппараттары пайдаланылады. Біздің өңір диагностиканың осы жеделдетілген түрімен жеткілікті жабдықталған және ол әрбір шығысқазақстандыққа қолжетімді. Облыстың шалғай аудандарының тұрғындары Алтай, Шемонаиха, Күршім, Ақжардағы аудандық орталық ауруханаларда молекулярлық-генетикалық әдіспен тексеруден өте алады. Бұл аппараттарды алу үшін безгек, АИТВ және туберкулезге қарсы жаһандық қор үлкен қолдау көрсетті. Рентгенологиялық зерттеу өкпе тіндерінің зақымдану орны мен көлемін анықтау үшін қолданылады. Қазақстандықтар үшін туберкулезді диагностикалау және емдеу ТМККК шеңберінде тегін екенін естеріңізге сала кеткіміз келеді.