Денсаулық сақтау

Өскеменде салмағы 750 грамм сәби дүниеге келді

Облыстық Ана мен бала орталығының акушер-гинеколог, реаниматолог және неонатолог мамандары бар болғаны 750 грамм болып туған шақалақтың өмірін сақтап қалды. 2021 жылдың 16 желтоқсанында дүние есігін ашқан нәресте бес айдан кейін 3400 грамға дейін салмақ қосып, үйге шығарылды.

Перзентхана мамандарының айтуынша, Мұстафа есімі берілген бөпені анасы жүктіліктің 25-ші аптасында өмірге әкелген. Туған кезде адамның алақанына сыйып кеткен шақалақтың өмірі үшін Ана мен бала орталығының дәрігерлері күн-түн демей күресті.

Болашақ ана орталыққа Зайсан қаласынан жедел түрде жеткізіліпті. Жаңа туған нәрестелердің патологиясы бөлімшесінің меңгерушісі Әсем Капезқызының сөзіне сүйенсек, зайсандық дәрігерлер жүкті келіншекке орталыққа  дер кезінде жолдама берген. Нәтижесінде бұл жердегі мамандар келіншекті босандырып алып, шала туған нәрестені патология бөлімшесінде адам қатарына қосу үшін заманауи әдістер мен құрал-жабдықтарды пайдаланды. Дәрігерлердің бес айдағы қажырлы еңбегінің арқасында сәбидің салмағы 3400 грамға жетті.

– Біз оның өмірі үшін бес ай бойы күрестік, ал бөпе бізге көмектесті, ол – нағыз күрескер. Қуаныштысы, еңбегіміз еш кетпей, нәрестенің салмағын 3400 грамм, бойын 60 саниметрге жеткіздік. Бүгін оны үйге шығардық. Біз бөлімшеде «Кенгуру» әдісін тәжірибеге енгізгенбіз. Соның арқасында шала туған нәрестелер тез торалып, қатарға қосылады, – деп атап өтті емдеуші дәрігер, неонатолог Жанна Мұқанова.

Мұстафа – отбасындағы бесінші бала, оны үйде анасы мен төрт әпкесі күтіп жүр.

– Аяғына дейін күресу, бір сәт те өзіңе де, нәрестеңе де сенімсіздік танытпау, бәрі жақсы болатынына көзсіз сену ғана осындай тамаша нәтижеге әкеледі. Бөпешім үш ай бойы жансақтау және интенсивті терапия бөлімшесінде жатқанда маған оған күнде кіруге рұқсат берді. Мен ұлыма баратын сәтті асыға күттім, оған әпкелері туралы, олардың бауырларын қалай сағына тосып жүргендері жайында айтамын, – дейді нәрестенің анасы Мөлдір Рахметқызы.

Орталықтың мамандарының айтуынша, 2021 жылы патология бөлімшесінің дәрігерлері өмірге әртүрлі аурулармен келген 1700 нәрестенің өмірін сақтап қалған. Тек соңғы үш айда салмағы өте жеңіл, арнайы жағдайлар болмаса аман қалуы неғайбыл 150 шақалақ туған.

Айна Ескенқызы

 

Осы айдарда

Back to top button