Өскеменде өңір баспасөзінің музейі ашылды
Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен БАҚ қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай, облыс әкімі Даниал Ахметовтің қолдауымен Өскеменде Шығыс Қазақстан журналистикасының тарихына арналған көрме ашылып, біраз тілшіге аймақ басшысының жыл сайынғы сыйлығы табысталды. Газетіміздің бас редакторының орынбасары Серік Әбілхан Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының Жарлығымен «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы» деп жарияланған бұл жыл аса маңызды. Азаттық жылдарындағы Қазақстанның жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай. Облысымызда өңірлік журналистиканың бай тарихын жалғап, оның дамуына үлесін қосып жүрген білікті редакторлар, талантты тілшілер, тәжірибелі операторлар мен фототілшілер аз емес. Дәл сол азаматтар халықты жедел әрі шынайы ақпаратпен қамтамасыз етіп, егемен елдің шежіресін жазып келеді. Сіздерге шығармашылық табыс, жемісті еңбек тілейміз, – деді құттықтау сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Ержан Нұрбаев.
Салтанатты іс-шара барысында облыс әкімінің сыйлығы әдеттегі дәстүрмен тоғыз номинация бойынша тапсырылды. Айта кету керек, мереке қарсаңында өңіріміздегі ардагер журналистер де ескерусіз қалмады. Жұмаділ Әділбаевқа Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің «Еңбек ардагері» медалі, ал Айтмұхамбет Қасымовқа облыс әкімінің Алғыс хаты берілді.
Жоғарыда айтылған облыс журналистикасының тарихына арналған көрме Жастар саябағының ішіндегі баспасөз мұражайында ашылды. «Әр жолынан замана тынысы сезілген» деп аталған бұл көрме облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей-қорық пен «Шығыс ақпарат» медиахолдингінің бірлескен жобасы аясында бірінші рет ұсынылып отыр.
– Мұнда 1980 жылдарға дейін өндірісте қолданылған баспа және фотография техникалары орналасқан. Осыны бірінші экспонатынан бастап Дидар газетінің ұжымы жинақтады. Оның ішінде Айтмұхамбет Қасымовтың еңбегі өте зор. Музей Жастар саябағының ішінен көрнекі орынға орналастырылғанына аса қуаныштымыз, – деді Жұмаділ Әділбаев.
– Қай мемлекетте болмасын ең үлкен мәдени байлықтың бірі – баспасөз. Елдің әр өңірінің тарихы осы баспасөз бетінде жазылған, әлі де жазылып келеді. Еліміздің рухани-мәдени орталығының бірі Семей қаласында жарық көріп келе жатқан «Семей таңы» газеті – қазақ баспасөзінің алғашқы қарлығаштарының бірі. Ол ең алғаш Алаш зиялыларының бастамасымен жарық көрген. Ал бүгінгі Дидар газеті – Кенді Алтай жұмысшыларын қалыптастыру үстінде үлкен рөл атқарған, алғаш рет Риддерде жарық көрген «Жұмысшы» газетінің бүгінгі мұрагері. Міне, мұнда келген адам осындай тарихи деректерге қанығады. Алдағы уақытта мұражай жаңа жәдігерлермен толығып, кеңейе түседі деп үміттенеміз, – деді баспасөз музейінің ұйымдастырушысы Айтмұхамбет Қасымов.
Көрменің ашылу салтанатына келген өзге де ардагер журналистер мұражайға тарихи құнды экспонаттарды табыс етті.
Жасын Қалибек
Фото: Тілеубек Шаяхмет