Денсаулық сақтау

Өскеменде жаңа емхана ашылады

Жуырда Өскеменде білікті дәрігерлермен қамтылған жаңа емхана ашылады. Бұл туралы облыс орталығындағы бірнеше медициналық мекемеге барып, жұртшылықты мазалаған мәселелермен жіті танысқан аймақ басшысы Даниал Ахметов мәлім етті.

– Тұрғындар өтініші бойынша, Қала күніне орай Протозанов көшесінде емхана ашылмақ. Онда учаскелік дәрігерлер мен мамандар қабылдау жүргізеді. Сонымен қатар мамандандырылған балалар үйіндегі кір жуатын орынға арналған жабдық жаңартылып, ғимарат төбесіндегі ақаулар жойылатын болады, – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ аймақ басшысы бұрынғы жедел медициналық жәрдем ауруханасы аумағында орналасқан перзентханада болды. Пандемия кезінде ол аурухана ретінде пайдаланылды, кейін ғимарат күрделі жөнделді. Қазір медициналық мекеме босанған, оның ішінде патологиясы бар әйелдерді қабылдауға дайын.

Онкологиялық орталықта аймақ басшысы мамандармен бірге ПЭТ-жабдықты орнату мәселесін қарастырды. Құрылғы позитронды-эмиссиялық және компьютерлік томография мүмкіндіктерін біріктіреді және онкологиялық ауруларға дәл диагностика жасайды. Екі ғимараттан осы заманауи жабдық орнатылатын оңтайлы жер анықталмақ.

Облыстық медицина орталығына гемодиализ үшін қосымша медициналық техника керек, сондай-ақ мұндағы бөлімшелер жөндеуді қажет етеді.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button