Өскемен өнерімнің өрісін кеңейтті
Қадыхан МАНАЙҰЛЫ, дәстүрлі әнші, мәдениет қайраткері, «Ән салдар» тобының мүшесі:
– Әншілік өнердің әліппесін қайдан үйрендіңіз?
– Әншілік өнердің әліппесін дала дәстүрінің шекпенін жамылған ауылдағы әншілерден үйрендім. Ауылдың әншілік мектебі нотамен үйлеспесе де, табиғаттың тілімен үндесіп жататынын өзің білесің. Әнші атанбасақ та, тойда ауылдың алты ауызын бастайтын бозбала әншілердің қатарында жүріп, өнердің өрісіне ат басын бұрдық.
– «Болар баланың бетін қақпай, белін бу» деп жатады. Талантыңызды алғаш таныған кім болды?
– Мен 7-8 жасымнан бастап ауылдағы той-томалақта ән айтып жүрдім. Сол кезде қазаққа белгілі әнші Қайрат Байбосыновтың шәкірті Шерікбай Ұнатұлы дауысымды ұнатып, ақылын айтып, өз білгенін үйретті. Мен де ол кісінің дауысына бірден ғашық болдым. Үйреніп, үлгі алуға тырыстым. Шерікбай марқұмның төл шәкірті, тіпті жалғыз шәкірті мен болдым-ау деймін.
– Өнердің қыр-сырын, ол кісінің өзінің әншілік шеберлігіне тән құпиясын үйрене алдыңыз ба?
– Үйретер еді, уақыты болмады. Мен ауылда, ол кісі қалада болды. Әредік кезіккенде ән орындауға қатысты ақыл-кеңесін беріп жүрді. Ән айтқанда ырғаққа, иірімге, әндегі көңіл-күйге көп мән беру керектігін айтатын. Өкініштісі, өмірден ерте өтіп кетті. Кейін Баян-Өлгей аймағындағы мұғалімдер колледжінде музыкалық білім алдым. Сол оқу орнының ұстазы Қанат Әпшүкір ұстаз музыкалық білімнің теориясын үйретті. Әр жылдары әртүрлі курстардан өтіп білімімді жетілдірдім. Арасында актерлік білім алдым.
– Актерлікті қандай мақсатпен оқыдыңыз?
– Құрманхан атындағы аймақтық драма театрында жұмыс істедім. Театрға атақты актер Өсерхан Рахымұлы ағамыз өзі шақырды. Өсерхан ағамыз – Асанәлі Әшімовтің алдын көріп, Алматыдан білім алған кісі. Дауысына ғашық боласың. Ғажап! Батыр тұлғалы адам. Халыққа Қодар рөлінде танылған. Мені театрға жас актер керек деп жұмысқа қабылдады. Сол кезде актерлік білім алып, бір жылдық курстан өттім. Театр сахнасында «Қалқаман-Мамыр», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» спектакльдерінде басты рөлдерде ойнадым. Кейін ән айту барысында да осы актерліктің көп пайдасы тиді.
– Сонда халыққа алғаш театр сахнасы арқылы танылдыңыз ба?
– Театр сахнасының өнерсүйер қауымға танылуға аз-кем болсын септігі тиген шығар. Алайда мен жалпы жұртқа асаба болып танылдым. Алғаш асаба болып халыққа таныла бастаған кезде оқып жүрген оқуымды да тастап кеттім. Түнде тойда, күндіз оқуда жүру қиын болды. Одан тыс, ол кезде оқудың төлемін салу да оңай болмады. Менің төлемімді салу үшін үйдегі малдың біразын сату керек болды. Ал білдей бір отбасының жан бағып отырған малының көбін сатуды өзім жөн көрмедім. Ақыры, орыс тілі мамандығы бойынша оқып жатқан оқуымды аяқсыз қалдырдым.
Отбасында он баламыз
– Отбасы деп қалдыңыз, өзіңіз қанаттанып ұшқан шаңырақ туралы айта кетсеңіз?
– Жалпы, менің бойымда титтей де болсын талант болса, ол ананың сүт, әкенің қанымен келді деуге болады. Өйткені мен – өнер дарыған әулеттің баласымын. Арғы аталарымыздың бірі атақты сыбызғышы болыпты. Ал әкем – әнші болған кісі. Одан басқа, әулетімізде өнерлі адамдар көп болған. Біздің ауылдағы той мен концерттің тізгіні әкемнің қолында болатын. Алты Алашқа аты шықпаса да, ауданымызға танымал еді. Біз отбасында он бала өстік: бес ұл, бес қыз. Бәрі де өнерден кенде емес. Онымыз жиналғанда үйдің іші ансамбль болып кетеді. Барлығы кәсіби өнерпаз болмаса да, өнерден қара жаяу емес. Қазір бір бауырым Надыхан Манайұлы Алматының Талғар ауданының мәдениет үйінде жұмыс істеп жүр. Бір інім Ғылымхал Манайұлы Нұр-Сұлтан қаласында «Шалқар» радиосында жұмыс істеп жүр. Осының бәрі отбасы берген тәрбиенің арқасы деп ойлаймын.
– «Алтын шыққан жерді белден қаз» дегендей, жоғарыдағы сұрақты қазбалай түскім келіп отыр. Балаларыңыз да өнерден құралақан емес шығар?
– Балаларымның бәрі өнерге жақын. Үлкен қызым домбыра, жетіген, гитара қатарлы аспаптарда ойнайды. Бірқанша байқаулардан да жүлделі орындар алып жүр. Мақсаты – болашақта музыкант болу. Менің қарсылық танытқаныма қарамайтын сияқты. Ұлым да домбыра шертіп, ән салады. Бәріміздің продюсеріміз – үйдегі бәйбішем Айнұр. Айнұр – әнші әрі жүргізуші. Кезінде мерекелік концерттер мен айтулы шаралардың біразын жүргізгендіктен сахна сырын біледі. Гитарамен ән салады. Біздің бәріміздің қазіргі бапкеріміз деуге болады. Жалпы, өнерлі әулеттің өрісін жалғастырып келеміз.
– Өскемен өнеріңіздің өріс алуына қаншалықты әсер етті?
– Жалпы, өнердің өрісінен таршылық көрген азамат емеспін. Қай уақытта, қайда жүрсем де өнерде жолым ашық болды, Аллаға шүкір! Халықаралық, республикалық ән байқауларында бағымды сынап бәйгелі болып жүрдім. Соның арқасында әр өңірдің әншілік мектебінің өкілдерімен танысып, өнерлеріне куә болдық. Ал Өскемен өнерімнің өрісін одан ары кеңейте түсті. Қазіргі уақытта Ұлан ауданы, Қасым Қайсенов кентіндегі мәдениет үйінде қызметтемін. Сонымен қатар қаладағы «Ертіс концерт» ұжымында да жұмыс істеп жүрмін. Жалпы, елімізде өнерге, мәдениетке, руханиятқа қолдау баршылық. Сол қолдаудан өз басым қалыс қалдым деп айта алмаймын. Шүкір!
– «Ән салдар» тобының мүшесі екенсіз?
– Иә, «Ән салдар» тобы құрылғалы үш жылдай болып қалды. Топтың негізін қалаушы – қазаққа танымал дәстүрлі әнші Әділ Тұрғанбаев ағамыз. Жалпы, қай өңірді алып қарасаң да, дәстүрлі әнші санаулы ғана болады. Біздің Өскеменде де солай. Әділ ағамыз бірлесіп жұмыс істейік деген соң топ құрамына қосылғам. Бір жағынан, дәстүрлі ән мектебін көрген ағамыздан үйренейін деген мақсат болды. Топ құрамында өңірімізге, елімізге танымал өзге де талантты әншілер бар. Біраз сапарларға шығып, жұртқа өнерімізді паш еттік. Карантин басталып кетіп, жұмысымыз тоқтап қалды. Карантин бітсе, жоспар көп.
– Шығармашылығыңыз қалай? Репертуарыңыз жыл сайын толығып жатыр ма?
– Сиясы кеппеген жаңа туындылар көп деп айта алмаймын. Екі жыл бұрын «Қаһарман Қасым» деген жаңа әнді қоржыныма қостым. Композитор, әнші Ұшқын Жамалбектің әуеніне, ақын Нұржан Өмірбаевтың сөзіне жазылған жаңа әнді шырқап, халықаралық байқауда бас жүлде алдым. Одан өзге, «Мен қазақпын», «Қазақ дауысы» қатарлы байқауларға қатысу барысында да қоржынға біраз ән қосылды. Жалпы, осындай байқаулар әншінің репертуарын байыта түседі екен.
Жүйрік баптап, құс салдым
– Әншіліктен басқа қандай өнерге әуестігіңіз бар?
– Жүйрік баптап, құс салдым. Бүркіт салу – біздің әулетте бабамыздан жалғасып келе жатқан үрдіс. Атамыз 17 жасында бүркіт салса, әкеміз 13 жасында бүркіт баптаған. Ал мен 11 жасымнан бастап бүркіт көтердім. Кішкентай сарша бүркітім болды. Соны баулып, аңға салып үйрендім. Он үш жасымнан бастап үлкен бүркіт көтере бастадым. Тіпті жексенбінің демалысында әкем екеуіміз сабақтан үйге қайтқанда түлкі қағып қайтып кететін едік. Қазір де Қасым Қайсенов кентінде бүркіт ұстап отырмыз. Өзім жұмыстан қол тимейтіндіктен бауырларым баптап отыр. Арасында аңға шығып тұрамыз.
Бәйгеге жүйрік қосуға да біраз жыл әуес болдым. Жаз бойы жайлаудағы жұрттың тойында бәйгеге қосып, қыс түсе жүйрігімді қалаға әкеліп алатынмын. Қыстың суығы қайта бере қара жарыс басталады. Ол да бір бәйгесі жоқ болса да, бәсі жоғары жарыс. Одан көктем шыға Наурыз тойына орай жүйрікті баптай бастайтын едік. Ары қарай қайта жаз шыға бәйге көбейетін.
– Қаланың шуылынан шаршағанда нені аңсайсыз?
– Тауды аңсаймын. Тауға қарап ұлып тұру тау баласы үшін қалыпты жағдай екенін білесіз. Үйір-үйір жылқыны аңсаймын. Ат мініп тауға шығып кеткім келеді. Жұмыстан қол қалт ете қалғанда шығып та тұрамын. Былайша айтқанда, еркіндікті көп аңсаймын.
- Сұхбаттасқаныңыз үшін рақмет!
Сұхбаттасқан – Қызырбек Дүргінбайұлы