Денсаулық сақтау

Одақтың ең үздік онкологы атанған

Одақтың ең үздік онкологы атанған

«Курчатовқа консультацияға шақырғанда, алдымен мені жеті атама дейін бір ай бойы тексеріп, содан кейін ғана рұқсаттарын береді. Онда да қалада қонақүйден ұзап шығуға болмайды. Қасымда үнемі бір адам еріп жүреді. Соның жетегімен ауруханаға нақты бір науқасқа ғана барамын. Тура соны ғана көріп, кеңесімді беремін. Қайта қонақүйге жеткізіп салады. «Міне, кілтіңіз. Ешқайда шығуға болмайды» деп қатаң тапсырады. Тоңазытқыш тамаққа толып тұрады. Курчатовта ол кезде «московское обслуживание» болды. Көрген нәрсе туралы ешкімге тіс жаруға болмайтынын да ескертеді.

Ал Семейде дене қызуы көтерілген балаларды онкодиспансерден 150 метр қашықтықта орналасқан бруцеллезге қарсы ауруханаға апарып жатқызып қоятын. Алай-бұлай емдеген болады, байғұс балалардың ыстығы түспейді. Бұл жерге де құжаттарыңды тексермей кіргізбейді. Саған науқасты да көрсетпейді. Тек ауру тарихы жазылған дәптерді ғана оқып, сырттай кеңес берген боламыз. Бұл жерде ақ қан ауруына шалдыққан балалар жатқанын сонда ғана білдік». Бұл отыз екі жыл бойы Семейдің онкологиялық диспансерін, кейін емханасын басқарған, онкология саласының үздігі атанған ардагер дәрігер Тоқан ата Қалиұлының естелігі.

Соғыстың да зардабын көрдік

Тоқан ата 1937 жылы 10 мамырда Ұлан ауданының Ақши елді мекенінде дүниеге келген. Ұлы Отан соғысы басталған кезде төрт-ақ жаста болғанымен, майданға аттанғандарды шығарып салған кездер еміс-еміс есінде. Әкесінің үш бірдей інісі сұрапыл соғыстан оралмапты.

-Атам мен апамның тәрбиесінде болдым. Кіндік деген жерде тары, бидай екті үкімет. Сол кездегі балалар бесіктен белдері шықпай жатып, еңбекке араласты ғой. Алты жасымнан басқа құрбыларым сияқты таң бозынан тұрып, үлкендермен масақ жинаймыз. Түскі асымыз бір кесе айран не шалап. Соны дәтке қуат етіп, қас қарайғанша еңбектенеміз. Кешке соның ақысы ретінде 1-2 кесе бидай не тары береді. Кейін шөп те үйдік, тырнауышпен де жұмыс істедік. «Бәрі Жеңіс үшін, бәрі майдан үшін!» деп ұрандаттық, – деп есіне алады Тоқан ата.

Соғыс аяқталғаннан кейін ел есін жинап, етегін жауып, еңсесін көтере бастады. 50 жылдары орта мектеп ашылып, Тоқан ата оны 56-шы жылы бітіріп шығады. Өзінен бір-екі жас үлкен балалардың Семейдің медициналық институтына түскенінен хабардар бозбала солардан суыртпақтап жөн сұрастырады. Жоғары оқу орнына түсу үшін жұмыс істеді деген анықтама керек екен. Оны қайдан алады? Содан Өскемен қаласындағы қорғасын-мырыш комбинатына (қазіргі «Қазцинк» АО) келіп, өз бетімен жұмысқа орналасады.

-Менің тәлімгерлерім мықты болды. Есімдерін бүгінде ұмыттым, бір қазақ жігіті болған. Жұмыстың ауырлығы соншалықты, менің таң атпай масақ тергенім де, шөп үйіп, егін басында таңертеңнен күн батқанша тыраштанғаным да ойыншық болып көрінді. Бір жыл шыдадым. Сосын анықтамамды алып, оқуыма түстім, – дейді өткен күнге ойша оралған қария.

Онкологиялық дерттерді жасыратын

1963 жылы мединститутты тәмамдаған соң жары Гүлісті алып, ол кісі гинеколог, еңбек жолын Жамбыл облысынан бастайды. Үш жарым жылдан соң тұңғыштарын алып, елге оралады. 1967 жылы Семейдің облыстық онкологиялық диспансеріне дәрігер болып орналасады. Қырық шақты дәрігердің ішінде жалғыз қазақ.

-Ол кездегі бас дәрігерлер мықты еді ғой. «Осылай жүре бересің бе? Біліміңді жетілдір» деп мені 1969 жылы Мәскеудегі бүкілодақтық онкологиялық орталыққа, химиягормонотерапия кафедрасына оқуға жіберді. Профессор, академик Лаврионовтан екі жарым ай дәріс алып, жаңа саланың қыр-сырын меңгердім. – дейді ардагер онколог.

Семейдің сынақ алаңында 1949 жылдан бері жарылыс жүріп жатқанымен бұл сұмдықтан халықты қойып, онкологтар да бейхабар еді. Химия, гормонотерапия мамандары жоқ. Мәскеуден оқып келген жалғыз Тоқан Қалиұлын көптеген жерлерге кеңес беруге шақырып жүреді. Бірақ барлығы жасырын, құпия. Кейін онкодиспансердің жаңа ғимараты салынып, сәулелі терапия бөлімі ашылады. Бұл жерге Өскеменмен, Семейден, Павлодар өңірінен науқастарды жолдайтын. Өткен ғасырдың 70 жылдарына қарай қатерлі ісікпен ауырғандардың саны көбейе бастайды.

-Сол құпиялықтың кесірінен қаншама науқасқа дер кезінде көмек те көрсетілмеді. Ол кездегі емнің қазіргіден бір жақсы айырмашылығы болды, – дейді дәрігер. – Қазір кез келген жан дәріханаға барады да, өз білгенімен препарат сатып алып, өз бетінше емделеді. Ал біздің тұсымызда әр науқасқа 3-4 күнге дәрінің рецептін қолдан жазып береміз, дәріханаға тапсырыспен жасатып, ішеді. Келесі келгенде науқасты тыңдап көріп, байқайсың, құрамындағы қай компенентті қосу, қайсысын азайту керек дегендей.

Семейдің мединститутында соғыс жылдары дәріс оқығандардың арасында ұлты еврей профессорлар көп болғандықтан, жоғары оқу орнының берген білімі де терең болды. Оны мәскеуліктер де білетін. Семейден келген дәрігерлерге құрметпен қарап, ерекше ықылас танытады екен. Сол сапалы білімді өзінің табандылығы әрі ізденімпаздығымен ұштастыра білген Тоқан Қалиұлы көп жылдар бойы облыстағы жалғыз онколог-хирург болыпты. Онкология саласының озық тәжірибелерін де дер кезінде игеріп отырған. Ол кезде дәрігерлерді үш жыл сайын білімдерін жетілдіруге жолдайтын. Тоқан ата Мәскеу, Ленинград, Алматы қалаларында бірнеше рет арнайы мамандандырудан өтіп, білім көкжиегін кеңейте түседі. Жары Гүліс Акрамқызы эндокринолог маманы ретінде қайта даярлықтан өтіп, ол кісі де Ленинградта, Балтық жағалауы елдерінде бірнеше рет біліктілігін ұштап қайтқан.

Бүкілодақтық онкологтардың сыйлығына лайық дәрігер

Тоқан Қалиұлының кәсіби саладағы жетістіктерінің өзі бір төбе. 1976 жылы Тоқан Қалиұлы социалистік жарыстың жеңімпазы атанады. Келесі, 1977 жылы Кеңес Одағы бойынша үздік шығып, Бүкілодақтық онкологтардың сыйлығына лайық деп танылады. Сол жылы суреті «Семей қаласының ең үздік азаматтары» деген құрмет тақтасына ілінеді. 1981 және 1986 жылы өткен радиолог- онкологтардың екі съезіне қатарынан делегат болып сайланады. 1997 жылы Қазақстанның үздік дәрігері атанады. Бұдан басқа тылда істеген еңбегі үшін, еңбек ардагері ретінде алған медаль, марапаттары да жеткілікті.
1994 жылы 55 жасында зейнеткерлікке шыққанымен білікті басшы әрі білімді онкологты тағы бес жыл жұмыс істеуге көндіріпті ұжымы.
-Содан 1999 жылы зейнеткерлікке шығып, дем алып жатпаймын ба. Таныс жас жігіттердің бірі жеке клиника ашқанын айтып, соған қол ұшын беруімді өтінді. Келістім. Бір айдан кейін әлгі жігіт шақырады.
-Ата, сіз бір айда ешкімнен ақша алмағансыз ба?- дейді.
-Қарағым, өзі ауру жандар, көбінде кәрі-құртаң мен жас балалар келеді. Мен олардан қайтіп ақша аламын? Дәтім бармайды, – деп шынымды айттым. Сөйтіп, ол жігітті бір ай табыссыз қалдырған едім, – деп күледі ақсақал.

Мәуелі бәйтерек[/b]

Тоқан аТа мен Гүліс апаның Марс атты ұлы мен Ләйлә атты қызы бар. (Ұлы Алматы обл.) Қаскелеңде тұрғандықтан, қолдарына көшіп барыпты. Марс архитектор, Ләйлә дәрігер, ол да Алматыда. Бұдан басқа Тоқан атаның бір әкеден тараған інісі, қарындасы, апайының балалары да «аталап» тұрғандықтан, ешқайсысын алаламай, оларды да «немерелерім» дейді. Олардың көбі аталарының жолын қуып, дәрігерлік мамандықты таңдапты. Жібек қарындасының қызы Гүлмира Қадешқызы облыстық ана мен бала орталығында кардиолог, күйеубаласы Ержан Сапарғалиев осы жерде лор бөлімшесінің меңгерушісі, 2016 жылы Қазақстанның үздік лор дәрігері атанған. Тағы бір немересі жедел жәрдем ауруханасында дәрігер, бір ұл немересі медициналық училищеде оқып жүр. Қалғандары Назарбаев университетінде, кішкентайлары Елбасы мектебінде білім алуда.
Мамырдың оны күні сексеннің сеңгіріне шығайын деп отырған Тоқан ата әлі тың. Кітап оқып, қасындағыларға өсиет айтып отырады. Қария Дінмұхамет Қонаевты қазақ халқының эталоны деп санайды. Индира Ганди, Маргарет Тэтчер, Уинстон Черчилль сынды саясаткерлердің естеліктерін оқығанды ұнатады. Алматыға көшкенде осы жақтан жеті-сегіз қапшық кітап әкетіпті.
-Қазіргі жастардың кітап оқымайтыны жаман. Одан кейін жемқорлық пен жағымпаздықты жаным сүймейді. Қазақстанды ширек ғасыр басқарған Қонаев қандай қарапайым еді?! Не саяжайы, не көлігі жоқ. Тек рухани азық – кітап қана жинаған екен. Ол кісінің мұражай-үйінде болдым. Үш бөлмесі кітаптарға толып тұр. Академик Қаныш Сәтпаевты министр Ефим Славскийдің өзі мойындаған, ол кеудесіндегі үш алтын жұлдыздың бірі Қанышқа тиесілі еді, берілмеді ғой деп өкініп кеткен. Осы Қонаев, Сәтпаев сынды қазақтың біртуар азаматтары туралы ЖОО арнайы пәндер оқытса ғой, – деп армандайды қария.

Алланың құдіреті

Тоқан атаның тәжірибесінде мынадай қызық жәйт болыпты. Үржар ауданынан бір орыстың әйелі 14 жасар қызымен келеді. Қыздың мойны, бір жақ қолы ісік. Дәрігер бірден Мәскеуге кеңеске жібереді. Ол жақтан профессор Лаврионов та «қатерлі ісік, үйіне қайтар» деп жазыпты. Содан онколог науқастың шешесіне «таза ауаға шықсын, қымыз ішсін, үйге барып күтіңіз» дегенді бірдеңе қылып жеткізеді. Сосын жазу үстелінің тартпасын ашып қалса, дегранол деген таблетка көзіне түседі. Құтыда 100 дана. Сасқанынан «осыны іше берсін, тек қанын тексеріп тұру керек», деп шығарып салады. Жаз өтіп, күз келеді. Бірде қабылдауға әлгі әйел қызымен келіп тұр. Міне, ғажап, ісік те жоқ, жасөспірім құлан таза сауығып кеткен. Аурудың тарихын алып, қайта қарайды. «Қатерлі ісік» деп тайға таңба басқандай жазулы тұр. Енді осыны бұзып алмайық деп, емдеуді тоқтатады. Тек «тұрмысқа шықпа, бала табуға болмайды» деп ескертеді. Тағы біраз жыл өткесін перзентханаға кеңеске шақырады. Барса, әлгі танысы босанып жатыр! Нәрестесі дін аман.
-Содан әлгі келіншек ешкімді тыңдамастан үш бала әкелді дүниеге. Мен зейнеткерлікке шыққанша келіп, қаралып жүрді. Әлі күнге тағаламын. Алланың құдіреті не деген күшті! Шипасын берейін десе, қолында екен. Мен қателестім дейін десем, мүйізі қарағайдай мәскеулік профессорлар да жаман ауру деген. Бұл оқиға мен үшін жұмбақ болып қала береді, – деп аяқтады әңгімесін дәрігер атамыз.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button