Денсаулық сақтау

Обырды емдеудің озық әдіс-тәсілдері

Обырды емдеудің озық әдіс-тәсілдері


Онкологиялық тізілім мәліметі бойынша жыл сайын облыста дәрігерлер шамамен 4200 қатерлі ісікті анықтайды.

Облыстық көпбейінді онкология және хирургия орталығында облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова мен денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Шоранов болды.

Өткен жыл қорытындысы бойынша облыста онкологиялық аурулардан болған өлім санының азаюы байқалады. Осы ретте дәрігерлер ерте диагностиканың жақсарғанын, обырдың асқынған формаларының кемігенін айтады. Сондай-ақ диагноз анықталғаннан соң бес және одан көп жыл өмір сүргендер үлесі былтыр 51,4 пайызды құраған.

2017 жылы бұл көрсеткіш 49 пайыз болған-ды. Яғни, 10 376 адамның өмірі құтқарылған. Мұндай нәтижеге жету үшін өңірдегі онкологиялық орталықтарда обырды анықтаудың, емдеудің, оңалтудың үздік әлемдік әдістері қолданылуда. Онкологиялық қызмет әлеуетін күшейтуге облыс әкімі Даниал Ахметовтің «2017-2019 жылдарға арналған денсаулық сақтау жүйесі тиімділігін арттырудың кешенді бағдарламасы» мүмкіндік берді, бұл бағдарлама бүгінде ана мен бала денсаулығы, кардиология, травматология, онкология салаларына белсенді енгізілуде.

Осы бағдарламаның негізгі кезеңдері өңір емханаларын заманауи құралдармен жабдықтау және мамандарды оқыту болып табылады. Биыл Өскемендегі онкоорталықты жарақтау өңірлік бағдарлама аясында жалғаспақ.

Операциялық блоктарды жаңарту көзделуде, сәуле терапиясы және диагностикасы орталығы да құрал-жабдықтармен толықтырылады. Бұл жөнінде облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова орталық дәрігерлерімен және науқастарымен сұхбат барысында мәлім етті.

– Аймақ басшысы денсаулық сақтау саласына жіті көңіл бөлуде. Ол бізге онкологиялық қызметтің даму қарқынын сақтауды және үдетуді тапсырды. Екі жылда облыстағы онкологиялық қызметті жабдықтауға 2,2 миллиард теңге жұмсалды, нәтижесінде 18 жоғары технологиялық медициналық қызмет енгізілді. 100-ден аса медициналық техника сатылып алынды. Оның ішінде 128 тілім жасайтын компьютерлік томограф, 3D бейнехирургиялық кешен және тағы басқалар бар. Обырды анықтау мен емдеудің жаңа технологияларын енгізе отырып, жұмсалған қаржының нәтижесін көріп отырмыз, – деді Әсем Нүсіпова.
Әлбетте, ісіктерді ерте кезде анықтау маңызды. Бұл ретте бастапқы медициналық жәрдем мамандары басты рөль атқарады.

Бұлар – дәрігерлік, отбасылық амбулаториялар, емханалар және орталық аудандық ауруханалар. Алайда аудандарда онколог мамандар тапшылығы болды. Осы мәселенің шешілуіне онкологиялық жәрдем көрсету стандарттарына енгізілген өзгерістер септесті. Онкологиялық жәрдем көрсетуді үйлестіруші деген жаңа мамандық енгізілді. Бұл маман бастапқы медициналық-санитарлық жәрдем (БМСЖ) мен онкоорталық арасындағы көпір тәріздес.

– Үйлестірушілер қатерлі ісікті анықтауды меңгерген. Осылайша, аудандық ауруханаларда онкологтар жеткіліксіздігі мәселесі шешілді. Аталмыш мамандарға өз онкологтарымызды куратор ретінде бекіттік. Тоқсан сайын кураторлар аудандарға шығып, әдістемелік-тәжірибелік көмек көрсетіп тұрады, – дейді онкоорталықтың статистик дәрігері Жадыра Бөлекбаева.

Бастапқы медициналық ұйымдар дәрігерлерінің білімін көтеру үшін хирургия және онкология орталығында медициналық білім беру мекемелерінің қатысуымен бағдарлама бойынша бастапқы медициналық-санитарлық жәрдем саласының 825 маманы оқытылды, олардың ішінде ісікті ерте анықтау бойынша жалпы тәжірибе дәрігерлері, терапевтер, хирургтер, рентгенологтар, фтизиатрлар, аудандық және қалалық онкологтар, орта медициналық қызметкерлер бар.

– Өңірлік бағдарлама 2018-2020 жылдарға арналған онкологиялық ауруларға қарсы күрес жөніндегі республикалық жоспармен үндеседі. Оның мақсаты – ісік ауыртпалығын азайту. Жұмыс төрт бағытта жүруде – алдын алу, ерте диагностика, бастапқы медициналық-санитарлық жәрдем саласымен ынтымақтастық және кадрлық әлеуетті, ғылымды дамыту. Сондай-ақ биылғы наурызда облыс әкімінің тапсырмасына сай елдегі озық ғылыми-зерттеу институттарымен серіктестік орнатылды. Бұл облыс тұрғындары үшін жоғары технологиялық медицина қызметтерін қолжетімді етеді және мамандар біліктілігін арттырады. Айталық, Өскемендегі онкоорталық Алматы қаласындағы Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтымен жұмыс істейді. Орталықта институт мамандары шеберлік сыныптарын өткізіп тұрады, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Шоранов.
Облыстың бас онкологы Гүлмира Сағидуллинаның айтуынша, 15 жыл бойы орталық ерте диагностика бойынша қанатқақты жобалардың алаңы болып келеді, мәселенжобалар 2006 жылы сүт безі, 2008 жылы жатыр мойыны, 2012 жылы қуықалды безі обырының скринингі бойынша жүргізілді. Қанатқақты жобалар тиімділігін байқатып, республикаға таратылды.Сондай-ақ ол 2018 жылы Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтымен бірге төмен дозалы компьютерлік томографияны қолдану арқылы өкпе рагы скринингі бойынша жоба жүргізілгенін және ол үшін өңірлік бағдарлама аясында алынған құрал-жабдық қолданылғанын атап өтті. Қымбат құрылғы тиімді пайдаланылуда.

–Заманауи құрал-жабдықта жұмыс істеу үшін Еуропадағы онкоорталықтардың бірінде оқып келдім. Бұл орталығымызға виртуалды колоноскопия, бронхоскопия, төмен дозалы компьютерлік томография сияқты жаңа әдістерді енгізуге мүмкіндік берді. Былтырғы қазанда өкпе обыры скринингі бойынша қанатқақты жобаға қатыстым, өкпе рагы жиі кездесетін аудандардағы 906 тұрғын тексерілді. 28 адамда өкпе ісігі, 6 адамда өкпе обыры анықталды. Олар есепке алынып, қысқа мерзімді емдеуден өтті, – дейді рентгенолог Айжан Әділханова.

Сәуле орталығын аралап, жұмысымен танысу кезінде облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова науқастармен тілдесті.

–Еш жерім ауырған емес. Скринингтен өткен соң онкологиялық орталыққа тексеруге жіберді. Он күн ішінде диагноз қойып, емдеуді бастады. Әрине, бастапқыда қатты уайымдадым, бірақ орталық дәрігерлері мен психологтары қолдау білдірді, өмірімдегі ең қорқынышты күндерім артта қалды, – дейді 64 жасар Шемонайха ауданының тұрғыны Валентина.

Онкомаммолог Инна Чертищеваның айтуынша, бүгінде заманауи құрал-жабдықтар мен Еуропада, оның ішінде Англияда оқып келген білікті мамандар арқасында омырау рагын ерте анықтау үш есе өскен.

–Қазіргі кезде омырау обырына шалдыққан әр науқасқа ісіктің биологиялық сипатына, дәрі-дәрмекке сезімталдыққа қарай жеке ем таңдалады. Біздің орталықта маммологиялық орталық құрылған. Ісікті ерте анықтай отырып, біз органды сақтап қалу үшін пластикалық хирургияны да қолдана аламыз. Бұл 2013 жылы Франциядағы Густав Русси институтында, 2018 жылы Британияның емханаларында оқып келгенімнен соң мүмкін болды. Биылдың өзінде британиялық ұстазым Мұхаммед Абсармен бірге омырау обырының ерте формасы анықталған екі науқас әйелге онкопластикалық ота жасадық, – дейді орталықтың онкомаммологы.

Атап өтерлігі, Өскемендегі онкоорталықта елімізде тұңғыш рет сүт безіне ота жасатқан әйелдерді оңалту әдістемесі әзірленді. Ол науқастардың 70 пайызына тез арада жұмысқа кірісіп, қалыпты өмір сүруге мүмкіндік туғызады, мүгедектікті азайтады.

Ерлер денсаулығы да орталық онкологтарының назарында. Бұл мәселемен орталықта 10 жылдай қызмет істеген онкохирург-уролог Құсан Өмірзақов айналысады.Жыл сайын облыста қуықалды безі обыры 200-2200 еркекте анықталады. Олардың 46,8 пайызында – обырдың бірінші кезеңі.

2012-2017 жылдары қуық безі рагын ерте анықтау бойынша скрининг өткізілді. Бастапқы кезеңдегі емдеу әдісі безді алып тастау болып табылады. Соңғы 5 жылда орталықта 300-ден аса осындай ота жасалды. 2017 жылы 3D эндобейнехирургиялық таған сатылып алынған соң лапароскопиялық ота енгізілді, жыл ішінде осы құрылғымен 75 операция жасалды. Мұндай ота обырды емдеп қана қоймай, еркектік денсаулықты сақтауға мүмкіндік береді. Орталықта сонымен қатар бүйрек, қуық обырына да ота жасалады, олардың 80 пайызы лапароскопиялық әдіспен атқарылады.

Құлақ, мұрын, тамақ органдары ісіктері бар науқастарға жәрдем көрсету өзекті болатын, себебі мамандармен құралдар тапшы еді. Науқастар облыстан тыс жерлерге шығуға мәжбүр болатын. Осы мәселені шешу үшін онколог Жандос Мағзұмов Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтында және Сеул онкоемханасында (Корея) оқып келді. Қазір көмекей, жұтқыншақ, ауыз қуысы, тіл және өзге органдар қатерлі ісігі кезінде оталар сәтті жасалып жүр.

Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Шоранов облыс әкімінің тапсырмасы бойынша орталыққа МРТ сатылып алынып, дәрігерлер осы аппаратпен жұмыс істеуге оқытылатынын жеткізді.

– Облыстағы онкологиялық орталықтар медициналық қызметтердің барлық дерлік түрін көрсетеді. Обырды ерте анықтау жөнінен елімізде көш бастап келетініміз қуантады. Азаматтардың медициналық бақылаудан, скринингтен уақытында өтуіаурудың алдын алуға, оны ерте жеңуге көмектеседі, – деп түйіндеді Марат Шоранов.

Былтыр облыста 3942 қатерлі ісік анықталған, атап айтсақ, дәрігерлер тарапынан 472 тері, 454 сүт безі, 415 өкпе, 275 асқазан, 222 қуықалды безі обыры диагнозы қойылған.

Мамандарды оқытудың екінші деңгейі бойынша облыс дәрігерлеріне 10 шеберлік сыныбы ұйымдастырылып, 461 маман оқытудан өткен. Шеберлік сыныптарына 35,2 миллион теңге бөлінген. Үшінші деңгей бойынша 36 маман Англия, Жапония, Польша емханаларында 1,5-3 ай оқыды. Оқыту құны 264,5 миллион теңгені құрады.

«Дидар» – ақпарат

Осы айдарда

Back to top button