Денсаулық сақтау

Обыр қатал үкім емес, бар болғаны дерт

Обыр қатал үкім емес, бар болғаны дерт


Обыр, қатерлі ісік, жаман ауру… Мұндай диагноз кез келген науқасқа бірінші сәтте төбеден жай түскендей әсер етеді. Алғашқы үрей өткеннен кейін диагнозын білген жандардың бірі қатал соққыдан салы суға кетіп, дүниеден баз кешсе, енді біреулері медицинаның бір орында тұрмайтынын ескеріп, алдағы күніне үмітпен қарайды. Біз өңірімізге танымал дәрігерлер әулетінен шыққан, облыстық онкологиялық диспансердің бас дәрігерінің емдеу жөніндегі орынбасары Арман Мұқажановпен кездесіп, әңгімелескеннен кейін, онкология қатал үкім емес, бар болғаны дерт екенін, оның құрығынан да құтылуға болатынын түсіндік.

«Қара, біз үшеуміз — мен, сен және дерт. Сен кім жағына шықсаң, сол жеңеді». Бұл қанатты сөздерді бір көздерде ортағасырлық парсы ғұламасы Әбу Әли ибн Синаға (Авиценна) телісе, тағы бір жерде ХІІІ ғасырда ғұмыр кешкен сириялық дәрігер, философ Абуль-Фараджтың айтқаны деседі. Қай ғұлама айтса да, біздің бүгінгі тақырыбымызға дөп келіп тұр.

Өкпе рагы өршіп тұр

47 әйелдің өмірін сақтап қалдық

Өкінішке қарай, біздің облыс қатерлі ісік ауруларының таралуы жағынан республикада алдыңғы үштікке кіреді. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, облыста обыр дертінің көрсеткіші бір жылда 0,4 пайызға өскен. Өңірде өкпе рагы ең жиі кездеседі. Одан кейін шығысқазақстандықтар асқазанның обырына, айналма ішектің жаман дертіне, әйелдердің омырау безі және тура ішектің қатерлі ісіктеріне жиі ұшырайды.

– Жаман дертке шалдыққандар қатарының көбею себебі – елімізде өмір сүру жасы ұзарды. Қатерлі ісіктің жасушалары ағзада көбінде егде тартқанда біліне бастайды. Осы орайда тұрғындардан өз денсаулықтарына сақтықпен қарап, обырдың алдын алу шараларын уақытында орындап отыру талап етіледі. Өңірде ағзада жаңадан пайда болған ісіктерді дер кезінде анықтау үшін алты бағытта скринингтік тексерулер бекітілген. Әйелдерге омырау безі мен жатыр мойнының қатерлі ісігіне, ерлерге қуық асты безінің ісігіне тексерілуге болады. Бұдан басқа бауырдың, жұтқыншақтың, тоқ және тура ішектің, қан айналымы дерттерінің обырларына скринингтік зерттеулер бар, – дейді Арман Мұқажанов.

Онкологтың сөзіне қарағанда, алғашқы сатысында анықталған қатерлі ісіктің 98 пайызы емге көнеді. Бүгінде обыр диагнозы қойылғандардың арасында бес жыл және одан да ұзақ өмір сүргендердің қатары көбейген. Жаман аурудың жолын кесу мақсатында онкологиялық диспансерде онкүндіктер, ашық есік күндерін өткізу жақсы дәстүрге айналған. Тұрғындарға қатерлі ісікті ерте кезде анықтаудың жолдарын түсіндірген ақпараттар интернет басылымдар, көшедегі көрнекі құралдар арқылы таратылады. Осындай кездерде тұрғындарды білікті онколог-мамандар ешқандай жолдамасыз-ақ қабылдап, өздерінің кеңестерін айтады, қажет болған жағдайда қосымша жан-жақты тексеруге жібереді.

– Ерте диагноз қою – сәтті емделудің басты шарттарының бірі. Көлемі 1 см жараны емдеу 10 сантиметрден асып кеткен ісікті емдегеннен гөрі жеңілірек. Мәселен, омырау безі ісігіне скринингтік зерттеуден өткен 550 қыз-келіншектің анализдері күдікті көрінгендіктен, қосымша биопсия жүргіздік. Олардың 47-сінен қатерлі ісіктің алғашқы сатысы анықталды. 47 әйелдің өмірін сақтап қалдық деуге болады. Өткен жылы жатыр мойны қатерлі ісігіне тексерілген 300 қыз-келіншектің үшеуінде жаман ауру белгілі болды. Бұл – барлық тексерілгендердің бір пайызы, өте көп. Осындай тексерулердің нәтижесінде науқастарға дерттерін асқынбай тұрып анықтап, тиімді ем-дом қабылдауға мүмкіндік туады, – деген мәлімет берді тәжірибелі маммолог-дәрігер.

Обыр қатал үкім емес, бар болғаны дерт

Еуропа мен Американың стандарттарымен емдейді

– Облыстық диспансер 170 науқасқа арналғанымен, бүгінгі таңда бұл жерде 185 адам емделіп жатыр. Бұдан басқа күндізгі стационарға 70 төсек бөлінген. Ал науқастардың саны одан екі есе көп, біз 150 адамды қабылдап отырмыз. Өте тығыз кестемен жұмыс істейміз. Егер тәулік бойы жататын науқастардың легі артса, онда күндізгі стационардың есебінен орын бөлеміз, – деп түсіндірді Арман Темірханұлы.

Қатерлі ісік дертін емдеудің үш түрлі жобасы бар. Оның біріншісі – оталау, яғни, операция жасау, екіншісі – химиялық жолмен емдеу, үшінші жоба – түрлі сәулелермен емдеу жобасы. Арман Мұқажановтың айтуынша, жалпы медицина саласында, оның ішінде біздің өңірде де осы үш бағытта айтарлықтай даму байқалады. Мысалы, шетелде білімдерін жетілдіріп келген шығысқазақстандық онколог хирургтер урологиялық және ЛОР органдарындағы обырларға жоғары технологиялы операцияларды өздері жасай береді. Онкология саласындағы соңғы жетістіктердің бірі – мамандар қазір науқастың ісігі бар органын мүмкіндігінше сақтап қалуға тырысады. Жерлес онкологтардың тіл мен таңдай, жұтқыншақ жараларына бес-алты сәтті операция жасағандары, шынында да, көңілге үміт ұялатады.

Химиялық терапияда еуропалық стандарттар енгізілген екен. Біздің науқастарға берілетін препараттардың 95 пайызы бүкіл әлемде, оның ішінде Еуропа мен Американың озық клиникаларында кеңінен қолданылады. Облыстық диспансерде қатерлі ісіктерді бірнеше жылдан бері таргетті химиялық терапия әдісімен емдейді. Таргетті терапия термині ағылшынның the target – нысана сөзінен шыққан. Пациентке тек кеселді жасушаларына дәл тиіп, оны құртатын, сау органдарына залалы тимейтін дәрі ғана беріледі.

-Дәрі-дәрмекпен емдеу терапиясының түрлері көп. Гормон терапиясы, иммунды терапия. Келесі жылдан бастап таблеткалармен емдеу терапиясына мүлде көшуді жоспарлап отырмыз. Бұл науқастарға үйден, амбулаторлы ем қабылдауға мүмкіндік бермек, – деп пысықтады онколог.

Облыста онкологиялық науқастарға жоғары технологиялық медициналық қызмет түрлері көрсетіледі. Бұл әсіресе сәулелі терапияда пайдаланылады. Мысалы, Еуропа елдері мен Американың клиникаларында қолданылатын емдеу әдісі енгізіліпті. Облыс орталығында жаман ісікті үш кескінді, ал Семейде төрт кескінді конформды сәулелі терапия әдісімен емдеу жақсы жолға қойылған. Ісік рентгендегі сияқты бір ғана жатағай кескінде емес, 3D, 4D өлшемінде көрінеді. Науқастың қан қысымы, жүрек қағысы ескеріліп тұрады. Сау жасушалар қорғалып тұрғандықтан, дәрігер сәулені дәл ісікке бағыттап, дозасын қажетінше көбейте алады. Семейде әзірге диагностикада пайдаланылатын ПЭГ-КТ аппаратын іске қосумен проблема бар көрінеді. Бұл жабдықтың кереметі – екі құрал біріккен. Адамның денесі толығымен сканерленеді, онда тіпті көлемі 0,5 см ісіктердің ошағы да айқын көрінеді.

– ПЭГ-КТ аппаратының екеуі де Астанада орналасқан. Біз пациенттерді квотамен жолдаймыз, олар науқастардың легін қарап үлгеріп жатыр. Бірақ дертке шалдыққан жандар үшін мың шақырымға барып-қайту оңай емес. Егер биыл өзіміздегі аппаратты іске қоссақ, жерлестеріміз үшін оңтайлы болар еді, – дейді Арман Мұқажанов.

Қорқынышты диагноз қойылғаннан кейін, онколог-дәрігерлердің басты міндеті – науқасқа тиімді ем тағайындаумен қоса, оның өмірінің сапасын жақсарту, жасын мүмкіндігінше ұзарту болып табылады. Осы орайда диспансерде ауырсыну синдромына қарсы кабинет жұмыс істейді. Бұл онкологиялық науқастар үшін өте маңызды, өйткені басқа бірде-бір ауру дәл онкологиялық дерттей адам жанына батпайды. Бас дәрігердің орынбасары бұл орайда ауырсынуды басатын дәрілердің жеткілікті екенін, кабинетте арнайы мамандандырудан өткен дәрігердің қабылдайтынын айтты. Сонымен қатар қазір ауырсынуды басатын пластырь шығыпты. Оны иыққа үш күнге жапсырып қояды, обырдың кез келген түрінде қолдануға болады. Арман Темірханұлы онколог дәрігерлермен қатар мықты психолог маман болу керек деп санайды. Күніне қабылдауға 10-15 адам келеді, олардың әрқайсысына жылы сөз тауып, көңілін жайландыру қажет. Туысқандарымен жұмыс одан да көп күшті қажет етеді. Стационарда осыдан төрт жыл бұрын паллиативті бөлім ашылған. Мұнда жаман дерттің соңғы сатысына шалдыққан, құлан-таза жазылудан үміті жоқ науқастарға ерекше күтім көрсетіледі. Олардың соңғы күндерінің ауырсынбай өтуіне қолдан келген көмек жасалады.

Жерлес онкологтар Францияда операция жасапты

Облыстық онкологиялық диспансерде үш ұрпақтың өкілдері қызмет етеді. Жаңадан келген дәрігерлер 2-3 жылда-ақ бірінші категориялы хирургтар жасайтын операцияларды меңгеріп алады. Мамандар біліктіліктерін ұштау мақсатында шетелге де шығып жүр. Онкологтардың Еуропа мектебінде семинарларға, халықаралық конгрестерге қатысады. Омырау безі ісіктерін емдеуді химиятерапевтер Швейцариядан оқып келсе, урологтар білімдерін Германияда, ЛОР дәрігерлер Кореяда жетілдірген. Онколог дәрігерлер Париж, Стокгольм, Вена, Мәскеу, Санкт-Петербург, Қазан қалаларының, Израиль, Литва, Черногорья, Беларусь, Корея елдерінің клиникаларында дәріс алған.

– Шетел клиникаларында біздің мамандар тек сырттан бақылап қана тұрмайды. Мысалы, Францияда жерлес онкологтар ассистент ретінде операцияға да қатысып қайтты, – деп мақтанышпен айтады басшы.

Биыл облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ гранты бойынша 14 онколог маман Еуропа елдеріне оқуға аттанбақ. Олар қазір ағылшын тілін меңгеріп жатыр. Бағдарлама үш жылға арналғандықтан, келесі жылы тағы 11 дәрігер барады деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар медбикелер мен алғашқы көмек қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға да үлкен мән беріледі. Оларға облыстық онкологиялық диспансердің Семей медициналық университінің жанында ашылған курстарда қатерлі ісікті дер кезінде анықтау үйретіледі. Шетелдік дәрігерлерді шақырып, шеберлік сыныптарын өткізу де ойда бар.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button