Облыста жиырма тоғыз дәрігерлік амбулатория бой көтереді
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының 2012 жылғы жұмыс қорытындысына арналған селекторлық режимдегі мәжілісті облыс Әкімінің бірінші орынбасары Ермек Көшербаев ашып, жүргізіп отырды.
Мәжілісте облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Вадим Овсянников өткен жылдың қорытындысы және биылғы жылдың міндеттері туралы баяндама жасады. Биыл бірінші қаңтардағы жағдай бойынша облыс тұрғындарына 92 аурухана ұйымы (мұның 13-і – жекеменшік, 79-ы – мемлекеттік, 262 амбулаторлық-емханалық ұйым (оның 68-і – жекеменшік) медициналық көмек көрсетіп жатыр. Сондай-ақ 58 фельдшерлік-акушерлік, 355 медициналық пункт тұрғындарға дәрігерге дейінгі көмек көрсетумен айналысып отыр.
Қазіргі уақытта медицина саласында хирургтер, акушер-гинекологтар, педиатрлар, терапевтер, анестезиолог-реаниматологтар жетіспейді. Өткен жылы облысқа 158 жас маман келді (2011 жылы 137 жас маман келген болатын). Солардың 63-і ауылдық жерлерге, 63-і Өскеменге, 32-і Семейге қызметке орналасты. Еңбек жолын бастаған 29 жас маман тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Солардың ішінде 25-і ауылдарда тұрақтап, баспаналы болды. 16 маманға тұрғын үй сатып алу үшін жалпы жиыны 37944,4 мың теңге сомасында несие берілді. 43 маман (мұның 35-і ауылды жерлерде) жалпы сомасы 8661,06 мың теңге көтерме қаражат алды.
2012 жылы жас мамандардың әрқайсысына берілген көтерме қаражат мөлшері 113 мың теңгеден 500 мың теңгеге дейін жетті. Мәселен, Риддер қаласында 500 мың теңге, Зырян ауданында 300 мың теңге, Зайсан ауданында 150 мың теңге болды.
Бүгінгі күні облыстық денсаулық сақтау басқармасы қалалар мен аудандардың әкімдеріне біздің облыстан еліміздің барлық медициналық жоғары оқу орнында оқып жүрген 628 студенттің тізімін жіберіп, оқуын бітіргеннен кейін бос орындар жәрмеңкесіне қатысу, жас мамандарды қызметке тарту, тиісті жағдайларын жасау мәселелерін қарастыруды ұсынды. Облыс Әкімінің гранттары есебінен Семейдегі медицина университетінде 410 студент оқып жатыр. Бес жылдың ішінде олар облыстағы дәрігерлер қатарын толықтыратын болады.
Баяндамашы медицина саласының материалдық-техникалық жағдайына да тоқталып өтті. Жыл сайын саланы қаржыландыруға бөлінетін қаражат көлемі де ұлғайып келеді. Өткен жылы 1463 миллион теңге бөлінді.
Облыста денсаулық сақтау нысандары салынып жатыр. «100 аурухана» бағдарламасы аясында екі нысан пайдалануға берілді. Семей қаласында 300 төсектік кең ауқымды аурухана бой көтеріп келеді. Келісімшарт бойынша биыл сәуірде құрылысы аяқталады. Өскемендегі қан құю орталығын биыл бітіру белгіленген. Семейде Сауд Арабиясы королдігі мен Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі арасында қол қойылған меморандум аясында 80 төсектік балалар туберкулезіне қарсы аурухананың құрылысы басталып, іргетасы қаланды, асхана мен кір жуатын орын салынды. Бұған қоса облыста мемлекеттік жобалардан тыс үш нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар «350 дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-акушерлік пункт, емхана құрылысы» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында біздің облыста 2013-2014 жылдары 29 дәрігерлік амбулатория, Өскемен қаласында күніне 500 адамды қабылдайтын емхана және Новоявленка ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт салу жоспарланған.
Бүгінгі күні 13 жобаның жобалық-cметалық құжаттары дайындалып, мемлекеттік сараптама қорытындысы алынды. Солардың ішінде биыл жеті дәрігерлік амбулаторияны республикалық бюджеттен, екеуін жергілікті бюджеттен қаржыландыру жоспарланған. 13 жобаның жобалық-сметалық құжаттамасы мемлекеттік сараптама қарауына тапсырылған, үш жобаның жобалық-сметалық құжаттамасы мемлекеттік сараптамаға тапсыру үшін әзірленіп жатыр.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы халықаралық іскерлік байланыстарды нығайта түсуде. Екі рет шеберлік класы өткізіліп, оған 87 маман қатысты, бірлескен 86 операция жасалды. Дәрігерлердің біліктілігін көтеру курстары биыл да ұйымдастырылады. Биыл дәрігерлердің Израильде, Кореяда, Ресейде білімдерін жетілдіру шаралары жоспарланып отыр.
Баяндамашы биылғы жылдың міндеттеріне де тоқталып өтті. Жоғары мамандандырылған медициналық көмек түрлерін дамыту арқылы стационарлық секторды одан ары жетілдіру, Өскемен және Семей қалаларында екі инсульттық орталық ашу, стационарлық орналастыру технологиясын дамыта отырып, төсек қорын оңтайландыру, «Электрондық үкімет» бағдарламасы аясында медициналық көмек көрсетудің электрондық жүйесін ілгерілету, кредиторлық берешекке жол бермеудің алдын алу бағдарламасын жасау, халықаралық әріптестік бағдарламасын жалғастыру жөніндегі белгіленген іс-шаралары жөнінде айтып берді.
– Біздің облыста тұрғындарға қойылған сауалдардың қорытындысы бойынша ауыл және қала тұрғындарына медициналық қызмет көрсету жөнінен проблемалар баршылық, – деді облыс Әкімінің бірінші орынбасары Ермек Көшербаев. – Атап айтқанда, емханалар мен ауруханаларға қаралушылардың кезегі өте үлкен. Мамандардың тапшылығы, дәрігерлердің қабылдауына жазылудың өте күрделілігі, медицина қызметкерлерінің біліктілігін төмендігі, ақ халаттылардың сырқаттарға деген ықыласының жеткіліксіздігі, кезек күтушілерге жағдайдың жасалмауы, отыратын орындардың аздығы туралы жиі айтылады.
Әсіресе, ауыл тұрғындары наразылық білдіруде. «Ауруханалардың санитарлық жағдайы да қанағаттанарлықтай деңгейде емес» деген пікір де қалыптасып бара жатыр. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы мамандар тапшылығы мәселесін медициналық жоғары оқу орындарының түлектерін тарту арқылы жергілікті әкімдіктермен бірлесіп шешетін уақыт жетті.
Диагностикалық орталыққа сырқат адамдар таңғы сағат алтыдан келеді. Олар келушілердің көптігінен қинала жүріп, ұзынсонар кезекке тұрады. Кезегі сағат онда болса да көңілдерін сенімсіздік жайлап, тым ерте келеді. Ал кешкі сағат алтыдан кейін сол диагностикалық кешенде ешкім болмайды, қаңырап бос тұрады. Сонда қалай, дәрігерлер түске дейін мемлекеттік мекемеде кәртішке санын арттыру үшін сырқаттарды көбірек қабылдауға тырысып, олардың әрқайсысына өте аз уақыт бөлетін болған ба? Ал түстен кейін олар жекеменшік клиникаларда жұмыс істейді. Халық арасында осындай пікір қалыптасып кеткен. Сондықтан жеке клиникаларда кімдер жұмыс істеп жүр, алдымен соны анықтап, халыққа жеткізіп, жауап беру керек.
Қазіргі уақытта аудандардағы медициналық мекемелерді біріктіру, ықшамдау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мұның қаншалықты тиімді екенін алдымен дәрігерлерге және халыққа түсіндіру керек. Көтерілген мәселелердің бәрін бақылауға алып, жергілікті жерлерде нақтылы шешімін шығару керек. Бұл тұрғыда кәсіподақ ұйымдарының жұмысын жандандыру қажет.
Ардагерлерге медициналық қызмет көрсету мәселесі де жиі көтеріліп жүр. Дәрі-дәрмекке тендер кешіктіріліп өткізіледі. Жылдың басында және аяғында дәріханаларда жеңілдікпен берілетін дәрілер мүлде жоқ болып шығады. Бұл бағытта қаржы тұрақты бөлінеді. Әлде дәріханалар қысым жасап отыр ма? Бағаның қымбаттығына кім жауап береді?
Облыс Әкімінің бірінші орынбасары мәжілісте осындай мәселелерді атап өтіп, сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.