Денсаулық сақтау

Облыста 1,3 миллионнан астам ПТР тест жасалды

Айна Ескенқызы

Қазақстанда пандемия басталғалы коронавирустың рекордтық жаңа 13 874  жағдайы тіркелді. Бұған дейін 13 523 жағдай 15 қаңтарда тіркелген болатын. Біздің облыста анықталған ковидтің жаңа жағдайы 400-ге жетіп қалды.

        Омикрон әлемді жапырып келеді. АҚШ пен Ұлыбритания сияқты алпауыт елдерде тәулігіне коронавирустың сәйкесінше миллионнан астам және 85 мыңнан астам жаңа жағдайы тіркеліп жатыр. Қазақстанда да коронавирусқа қатысты санитарлық-зпидемиологиялық жағдай күрт нашарлап кетті. Соңғы тәулікте елімізде ПТР тест оң нәтиже көрсеткен 14 мыңға жуық ковид жұқтырғандар анықталды. Әдеттегідей көшті қалалар арасында Нұр-Сұлтан (4874) мен Алматы (1580) бастап тұр. Облыстар арасында Қарағанды облысында ең көп 2669 жағдай тіркелді. Біздің облыста анықталған ковидтің жаңа жағдайы 400-ге жетіп қалды. Пандемия басталғалы елімізде барлығы 1 085 004 адам ковид жұқтырған.

Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смаилов еліміздегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың ушығып тұрғанына баса назар аударды.

       – Барлық өңірлерде коронавирус инфекциясының күрт өршігені байқалады. Жыл басынан бері аурушаңдық деңгейі 21 есе өсті. «Сары» аймақтағы Түркістан облысынан басқа аймақтардың барлығы «қызыл» аймақта, деп атап өтті Премьер-Министр.

Отырыста денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният амбулаториялық науқастар санының өсуін ескере отырып, салалық министрлік өңірлердің жергілікті атқарушы органдарымен бірлесіп медициналық-санитарлық алғашқы көмек (МСАК) деңгейінде уақтылы медициналық көмекті нығайту және ұйымдастыру бойынша шаралар қабылдап жатқанын ескертті.

Министрдің сөзіне қарағанда, елімізде 3054 мобильді бригада, резервте 1622 бригада жұмыс істейді. КВИ бар науқастарды амбулаториялық емдеуге учаскелік медицина қызметкерлері де тартылған. Шұғыл медициналық көмекті 1486 жедел медициналық жәрдем бригадасы көрсетеді, резервте 150 бригада бар. КВИ жұқтырғандарға медициналық көмек көрсетуге барлығы 40 мыңға жуық медицина қызметкері тартылған, оның 7 239-ы дәрігер. Сонымен қатар резервте 4 556 медицина маманы тұр, оның ішінде 1217 дәрігер бар.

Салалық министрліктің мәліметі бойынша, желтоқсан айының соңында стационарларда үш мыңнан астам науқас емделсе, қазір бұл көрсеткіш жеті мыңнан асып кеткен. Емханаларда амбулаториялық ем алушылардың қатары 4,8 есе артқан. Егер індет бұдан ары өршісе, денсаулық сақтау жүйесіне үлкен салмақ түсері түсінікті.

Осыған орай министрлер кабинетінің басшысы Үкімет отырысында салалық министрлік пен облыс әкімдеріне бірқатар тапсырма берді.

      – Адамдардың көп жиналуына жол бермей, науқастарды дер кезінде оқшаулау керек, бұл вирустың таралуын азайтады. Денсаулық сақтау министрлігі мен әкімдіктер ауруханаларда қосымша төсек қорын орналастыруы қажет. Жүргізілетін ПТР-тестілеулердің деңгейі төмен өңірлерге олардың санын көбейту қажет. Жедел мониторинг жүргізіп, медициналық қызметкерлердің дайындығын, стационардағы төсек-орнын, медициналық бұйымдар мен дәрі-дәрмектің жеткілікті қорын қамтамасыз етуді тапсырамын.  Медициналық қызмет көрсететін мобильді бригадалардың жұмысын жандандыру, оларды тегін дәрі-дәрмекпен қамту қажет. Дәріханаларда дәрі-дәрмектің тапшылығына жол бермеудің шараларын қарастырған жөн, деді Әлихан Смаилов.

Оған дейін Үкімет басшысы Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай және Түркістан облыстарында тестілеу жеткіліксіз өткізіледі деген сын айтқан еді. Оның айтуынша, еліміз бойынша тестілеудің тәуліктік көлемі 3,5 есеге артып, тәулігіне 50 мың тестке жетті.

Премьер-Министр сонымен қатар бірінші кезекте коронавирусқа қарсы вакцинация мен ревакцинация қарқынын арттыру қажеттігін айтты. Соңғы мәліметтер бойынша, елімізде 9 миллионға жуық адам вакцинаның екі компонентін алса, 670 мың қазақстандық бустерлі дозамен егілді.

Бірінші жартыжылдықта шамамен 8 млн адам ревакцинация алуға тиіс. Қазіргі уақытта халықтың барлық топтарын ревакцинациялау Sinopharm және QazVac вакциналарымен жүргізіледі, 60 жастан асқан адамдарға, жүкті әйелдер мен медицина қызметкерлеріне «Pfizer» компаниясының «Комирнати»  вакцинасы пайдаланылады, деді отырыста Ажар Ғиният.

Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, қазіргі уақытта министрлік ревакцинация үшін QazVac, Sinopharm және «Комирнати» вакциналарын қосымша сатып алуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ қаңтар айының соңына дейін 150 мың доза «Спутник Лайт» жеткізілетін болады.

 

Осы айдарда

Back to top button