Денсаулық сақтау

Облыс тұрғындарының дәрігерлік қызметке неге көңілі толмайды?

Өскемендегі №1 қалалық ауруханада облыстық денсаулық сақтау басқармасының кезекті коллегия мәжілісі өтіп, ағымдағы жылдың алты айында атқарылған жұмыстардың қорытындысы шығарылды. Облыстың қалалары мен аудандарының дәрігерлері бас қосқан алқалы жиынға облыс Әкімінің орынбасары Жақсылық Омар қатысты.

Облыс тұрғындарының дәрігерлік қызметке неге көңілі толмайды?2013 жылдың алғашқы жартысында атқарылған шаруалар жайында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Вадим Овсянников рет-ретімен баяндады.

Оның келтірген мәліметтеріне сүйенер болсақ, басқарманың, оған қарасты барлық денсаулық сақтау мекемелерінің биылғы жұмысы 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының алғашқы кезеңін жүзеге асыруға бағытталған екен. Биылғы жылдың 1 шілдесіндегі ақпарат бойынша облыста 90 ауруханалық, 267 амбулаториялық-емханалық мекемелер, 59 фельдшерлік-акушерлік, 355 медициналық пункт пен 72 медициналық қызметкер медициналық көмек көрсетіп келеді.

Құрамына ауылдық учаскелік ауруханалар, дәрігерлік амбулаториялар мен алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету орталықтары кіретін 11 қалалық, 15 орталық аудандық ауруханалар жұмыс істеп тұр. Облыста жалпы саны 1113 денсаулық сақтау ғимараты болса, оның 378-і типтік, баланста тұрғаны 825. Ал 19 ғимарат апатты жағдайда көрінеді. Дәрігер мамандар даярлайтын жоғары оқу орны өңірімізде болғанымен, қазіргі таңда облысқа 423 дәрігер қажет.

Басқарма басшысының айтуынша, соңғы жылдары облыста демографиялық ахуал біршама жақсарып, туу көрсеткіштері артқан, өңір тұрғындары мен ана мен бала өлімінің көрсеткіштері де айтарлықтай төмендеген. Алғашқы жартыжылдықта бала өлімі 1 мың балаға шаққанда 13,7 пайызды құрап, өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 20 пайызға азайған. Сонымен қатар ана өлімінің көрсеткіштері де айтарлықтай төмендеп, 9,2 пайызды құраған. Бұл – республикалық көрсеткіштен 4,2 пайызға төмен. Сондай-ақ, 2013 жылдың алғашқы алты айында облыста туберкулезбен науқастану былтырғы жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 10,1 пайызға азайған. Ең бастысы, облыс басшылығы тарапынан өңірдің денсаулық сақтау саласына бағытталған қаржылай және басқа да қолдау, көмектер жыл сайын еселеніп келеді. Ендігі кезекте ақ халатты абзал жандар тек халық үшін аянбай қызмет етуі тиіс. Мұны коллегия мәжілісіне қатысқан облыс Әкімінің орынбасары Жақсылық Омар өз сөзінде айтып өтті.

– Денсаулық сақтау саласы облыс халқы үшін аса маңызды салалардың біріне жатады. Сондықтан да бұл салаға әрдайым ерекше көңіл бөлінеді. Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ тікелей қамқорлығымен жыл сайын саланың бюджеті еселеніп келеді. Биыл нақтыланған бюджеті 42 млрд. теңгеден асып отыр. Жыл сайын ондаған ауруханалар мен медицина мекемелері тұрғындар игілігі үшін пайдалануға беріліп, құрал-жабдықтар сатып алынуда. Салаға қатысты түйткілді мәселелер тікелей өңір басшысының қадағалауында. Сондықтан бірінші кезекте облыс тұрғындарының денсаулығын түзетуге, медициналық көмек көрсетуге аянбай тер төгуіміз қажет, – деді Жақсылық Омар.

Облыс Әкімінің орынбасары жиында облыс орталығында орналасқан талдау және болжау институтының мамандары арнайы әзірлеген зерттеулер қорытындысын жиналғандар назарына ұсынды. Сауалнама қорытындысы бойынша сұралғандардың 38,4 пайызы облыста медициналық қызмет көрсетудің сапасы төмендігін алға тартса, 57,2 пайызы кезектің ұзақтығын, 39,8 пайызы дәрігерлердің жетіспеушілігін, 35 пайызы мамандардың кәсібилігінің төмендігін айтқан. Басқарма алдағы уақытта осындай кемшіліктерді түзетумен айналысқаны абзал.

Жақсылық Омардың айтуынша, көпшілік салауатты өмір салтын насихаттайтын орталықтардың немен шұғылданатынын да білмейді. Олардың көбі дайын плакаттарды қабырғаларға жапсырумен ғана шектеліп жүр. Осы орталықтардың жұмысын ширату қажет. Бақылауды күшейткен жөн. Өскеменде облыс Әкімінің тікелей бақылауындағы Семей мемлекеттік медицина университетінің филиалын ашу жұмысы да қыркүйекке дейін аяқталуы қажет. Ең бастысы, 2013 жылдың алғашқы жарты-жылдығында анықталған проблемалар мен кемшіліктер жылдың соңына дейін толықтай жойылуы тиіс.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button