Денсаулық сақтау

Облыс оташылары тың әдісті меңгерді

Айна Ескенқызы

Облыстық көпбейінді онкология және хирургия орталығының онколог хирургтері елімізде бұрын-соңды торакальді хирургияда қолданылмаған тың әдістерді меңгерді. Жергілікті мамандарға шеберлік оқуларын  Мәскеудегі №62 онкологиялық аурухананың торакальді хирургия бөлімшесінің жетекшісі Дмитрий Сехниаидзе өткізді.

Шығыстың онкологтары енді өңештің жоғарғы үштен бір бөлігінің қатерлі ісігін Маккеон әдісімен сылып алып тастайды. Сонымен қатар оң жақ өкпенің жоғарғы бөлігінің орталық қатерлі ісігін бронхопластикамен жою операциясын да меңгерді. Бұл екі ота да – аз инвазивті операциялар, жоғары технологиялық көмекке жатады.

– Бронхопластика дегеніміз – бұл өкпенің орталық бөлігінің рагы кезінде өкпенің қатерлі ісігі бар бір бөлігі алынып тасталады да,  өкпенің қалған сау бөлігі бронхқа бір пункция арқылы жалғанады. Мұндай бірпортты торакальді ота Қазақстанда алғаш рет жасалды, – дейді орталықтың торакальды онкохирургі Әділбек Баймұсанов.

Мәскеулік әріптестің көмегімен осы бірегей әдісті орталықтың онкохирургтары Қанат Қамзин, Тілеубек Нұрғалиев, анестезиолог-реаниматолог Ботагөз Тоқтарбекқызы, анестезиолог Камила Тұраханова, сонымен қатар операциялық медбикелер Ақерке Тоқтарбекова мен Айжан Отарбаева шеберлік оқу кезінде үйреніп алды. Осы екі әдіспен жасалған оталар сәтті аяқталды, екі науқас та қанағаттанарлық жағдайда.

Алдағы уақытта өңір тұрғындары үшін осындай бірегей операциялар облыстық көпбейінді онкология және хирургия орталығында қолжетімді. Енді науқастар үлкен қалалардағы республикалық клиникаларға сабылмай, жоғары технологиялық көмекті өзімізде ала алады.

 

Осы айдарда

Back to top button