Денсаулық сақтау

Облыс медициналық сақтандыру жүйесіне дайын

 Денсаулық сақтау министрлігі облысымыздың МӘМС жүйесін енгізуге дайындығына аудит жүргізді. Өңірде қанша тұлға әлі өз мәртебесін анықтамаған? Сақтандырылмаған азаматтарға қалай тегін қызмет алуға болады? Төлем терминалдары қай жерлерде орналасқан? Аймақтағы медициналық ұйымдардың техникалық жабдықталуы қандай деңгейде? Бұл жолы осы және басқа да сауалдарға жауап беруге тырысамыз.

 Өңірдегі денсаулық сақтау субъектілерінің 2020 жылдан бастап енгізілмек әлеуметтік медициналық сақтандыруға дайындығымен Денсаулық сақтау министрлігі медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары  Гүлнар Жангарашева танысты.

Аймақтық штабтың отырысында  Г. Жангарашева шығысқазақстандықтарды медициналық сақтандыру жүйесімен толық қамтудың, барлық медициналық ұйымдардың ақпараттық жүйеге біріктірілуінің, облыстың әр тұрғынының  сақтандырылған-сақтандырылмаған мәртебесін анықтаудың маңыздылығына тоқталды.

-Облыстың әр тұрғынының МӘМС жүйесіне қатысу туралы ақпараттандырылуы маңызды. Сонымен қатар өзін-өзі қамтушылармен және жұмыссыздармен жұмысты ширата түсу керек, олардың ешқайсысы да дәрігердің көмегінсіз қалмауы тиіс. Қалған аз уақытта медициналық қызметкерлер мен емханалармен жұмысты күшейте түсу керек, – деп атап өтті министрліктің өкілі МӘМС жүйесін енгізудің аймақтық штабының мүшелерімен кездесу барысында.

Гүлнар Жангарашева  жаңа жылдан бастап әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізудің нәтижесінде медициналық көмекті қаржыландыру республика бойынша бір жарым есе немесе 1, 569 млрд. теңгеге дейін артатынын айтты.

Жаңа жүйеде оңалту ем-шаралары мен паллиативті көмекке басымдық беріліп отырғандықтан, әсіресе осы бағыттағы қызметтерді қаржыландыру еселене түспек.

-Қалпына келтіру және паллиативті көмекті қаржымен қамтамасыз ету 9 есе өседі, консультативті-диагностикалық қызметке 6,5 есе, стационарды алмастырушы көмекке 2,3 есе артық қаржы бөлінеді, –  деп жалғастырды министрлік өкілі.

Облысқа келетін болсақ, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының» облыстық филиалының директоры Ғалымжан Әбіловтің  айтуынша,  өңірде 2020 жылы денсаулық сақтау саласын қаржыландыру бюджеті  2019 жылмен салыстырғанда, 1,3 есе өсіп, 101,2 млрд. теңгені құрайтын болады. Талдап айтсақ, тегін кепілдендірілген медициналық көмектің көлеміне (ТКМКК) – 72 млрд. теңге,  ал МӘМС жүйесіне 29 млрд. теңге қарастырылған.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының таратқан мәліметтеріне сүйенсек, 2020 жылы алғашқы медициналық-санитарлық көмекке бөлінетін қаржы 24% өседі, биыл 22 млн. 731 мың теңге қарастырылса, келесі жылы 28 млн. 161 мың теңге бөлінбек. Алғашқы медициналық ұйымдарға қойылатын талаптар да күшейтілген. Мысалы, бір учаскелік терапевтің үстемесі 1700 адамнан аспауы керек.  Перзентханадан шыққан жас аналарды алғашқы үш тәулікте қадағалау, науқастарды оңалту шараларымен қамту, паллиативті көмекке зәру науқастардың қажеттіліктерін өтеу көрсеткіштері 100 %  орындалуы шарт.

Консультативті-диагностикалық қызметті қаржыландыру 356%  (!) артады деп күтілуде.  Ағымдағы жылы бұл бағытқа бар болғаны 2 млн. 206 мың теңге бөлінсе, келесі жылы қаржыландыру көлемі  10 млн. 62 мың теңге жетуге тиіс. Тұрғындарды МӘМС жүйесіндегі  медициналық қызметтермен қамту деңгейі еліміз бойынша 95 %  асады деген болжам бар (МӘМС жүйесін енгізу үшін бұл деңгей кем дегенде 80% болуы шарт).

-Аймақта әлеуетті жеткізушілер базасында  156 денсаулық сақтау субъектісі тіркелген.  «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» облыстық филиалы 2019 жылы ТКМКК шеңберінде қызмет көрсететін 127 жеткізушімен келісім-шарт бекітсе, олардың 65-і немесе 49%-ы мемлекеттік ұйым да, қалған 62-і, яғни 51%-ы жекеменшік клиника, – деді филиал директоры.

Аймақтың техникалық дайындығы да жоғары деңгейде. Медициналық ұйымдардағы жұмыс орындарының барлығы компьютермен жарақтандырылған, барлық мемлекеттік денсаулық сақтау орындары қажетті ақпараттық жүйеге қосылды. Медициналық қызметтерді көрсетуші жеке клиникалардың ақпараттық жүйемен қамтылуы 100%-дықұрайды. Бұл бағыттағы жұмыстардың барлығы 2020 жылдың 1қаңтарына дейін толық аяқталуы тиіс.

– Бәсекелестікті қалыптастыру және тегін кепілдендірілген медициналық көмекті көрсетуге жеке клиникаларды тарту арқылытұрғындарға медициналық көмектің сапалы әрі қолжетімді болуына жағдай тудырылуда. Өңірде медициналық қызметтерді көрсеткісі келетін 156 денсаулық ұйымы тіркелген, олардың 73-і мемлекеттік, қалған 83-і жеке меншік клиника , – деді Ғалымжан Әбілов.

Гүлнар  Жангарашева  жыл соңына дейін барлық медициналық ақпараттық жүйелер қызметтерді жеке-жеке  есептеуге және әлеуметтік медициналық сақтандыру Қорынан мәртебе туралы ақпарат алуға  толық дайындығын көрсетуге тиіс екендігін еске салды. Өйткені ақпараттық жүйелердің қызметі – МӘМС жүйесін енгізудегі ең маңызды бағыттардың бірі.

Келесі жылдың алғашқы үш айында еліміздің барлық тұрғындары шартты түрде сақтандырылған болып саналады.

Барлық қазақстандықтар, оралмандар және ықтияр хаты бар шетелдіктер үшін  мемлекеттен кепілдендірілген тегін медициналық көмектің пакеті  қолжетімді болмақ.  2020 жылдан бастап тегін медициналық қызметтер пакетіндегі көмек Қазақстанда тұрақты тұратын тұрғылықты жері жоқ азаматтарға да көрсетіледі. ТКМКК пакетіне алғашқы көмек,  жедел және шұғыл көмек, кейбір созылмалы және әлеуметтік маңызы бар ауруларға диагностика жасау және емдеу, мемлекет бекіткен шеңберде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету кіреді.  Мемлекет сонымен қатар жеңілдіктері бар санатқа жататын 10 млн. қазақстандық үшін МӘМС жүйесіне жарна аударуды өз мойнына алып отыр. Олардың қатарында мүгедектер, зейнеткерлер, бала күтімімен отырған аналар, студенттер, 18 жасқа дейінгі балалар, барлығы 15 санаттың өкілдері бар.

Сақтандырылмаған азаматтарға қалай тегін қызмет алуға болады?

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметтері бойынша, жаңа жүйеде аймақ тұрғындарының 97%-ы шартты түрде сақтандырылған. Қалған  3%  немесе 39 мың адамның мәртебесін анықтау жұмыстары жалғасуда.           Сақтандырылмаған азаматтар да медициналық сақтандыру жүйесінде  тегін қызмет ала алады. Ол үшін сақтандыру қорына өз бетімен жарна аударса болғаны.  Ал сақтандыру жүйесіне қатыспаған адам ауруханаға түсіп қалса, науқас клиникада орнатылған терминалға бір мезетте үш айдың

жарнасы мен үстемеақыны бірден төлесе, оған  жоғары технологиялы қызметтерге тегін қол жеткізуіне мүмкіндік беріледі. Науқастың қай қызметке, қанша төлеуге тиіс екенін түсіндіріп беретін арнайы мамандар қазір әр клиникада даярланып жатыр.  Төлем терминалдары жүйеге қатысушы медициналық ұйымдардың барлығына да қойылады деп жоспарланған.

МӘМС жүйесіне төлемдер мен жарналарды екінші деңгейлі 25 банктің кассалары арқылы аударуға болады. Қазіргі уақытта тұрғындар төлемдерін «Казпочта», «Kaspi Bank», «Шинхан Банк Казахстан», «Bank RBK», «ДБ Банк Китая в Казахстане», «ДБ Казахстан Зираат Интернешнл Банк» акционерлік қоғамдарының, «Tengri Bank» интернет-банкингтері, сонымен қатар «Қазақстан халық банкі»   және «Казпочта» АҚ-ның өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдары арқылы төлеуге мүмкіндіктері бар.

Бұдан басқа жыл аяғына дейін барлық медициналық ұйымдардың ғимараттарына  QIWI, Касса24 өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдарын орнату, «Форте банк» және  «Банк ЦентрКредит» АҚ-ның интернет-банкинг мобильді қосымшаларын жүктеу жоспарланған.  Осы арналар арқылы сақтандырылмаған азамат көрсетілген медициналық қызметтердің ақысын   денсаулық сақтау ұйымының ғимаратынан шықпай-ақ төлеуіне болады, сол арқылы жүйенің сақтандырылған мүшесі бола алады.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button