Ауыл шаруашылығы

Облыс әлеуетін орынды пайдаланатын кез жетті

Өткен жылы мал шаруашылығын қолдау мен дамыту бағытындағы бағдарламалар бойынша Үржар, Бородулиха, Көкпекті, Жарма, Зырян аудандарына бөлінген субсидиялар 76-90 пайыз көлемінде ғана игерілген. Ал Үржар, Бородулиха аудандарына аусыл мен бруцеллезден өлген малдарға өтемақы ретінде республикалық бюджеттен бөлінген 400 миллион теңге мал сатып алуға, өлген малдың орнын толтыруға жұмсалмаған болып шықты. Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ қатысуымен өткен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының 2012 жылғы жұмыс қорытындысы мен биылғы міндеттері туралы кеңесте саланы өркендетуге кедергі болып келе жатқан өзге де проблемалар атап айтылды.

Облыс әлеуетін орынды пайдаланатын кез жетті

«Сыбағаның» орындалуы сылбыр


Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Дүйсембай Селихановтың кеңесте баяндағанындай былтыр аймақтың агроөнеркәсіп кешені тұрақты дамып, ауыл шаруашылығында өндірілген жалпы өнім көлемі өткен жылғы деңгейінен 11 пайызға көбейіп, 229,8 млрд. теңгені құраған. Осы көрсеткіш бойынша облыс 2011 жылы алтыншы орында тұрса, енді еліміздегі өзге өңірлердің алдыңғы сапынан орын тепкен.

Аймақтағы тамақ және қайта өңдеу өнеркәсіптерінің шығарып жатқан өнімдерінің көлемі едәуір ұлғайған. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан ауыл шаруашылығы дақылдарының барлық түрінен мол өнім алынды. Басқарма бастығы егін шаруашылығы саласы бойынша жалпы түсім деңгейі 111 пайыздан асып, аймақ бұл көрсеткіштен республика бойынша екінші орынға шыққанын жеткізді. Егін шаруашылығын дамыту үшін бөлінген 2064,4 млн. теңге қаржы толық игерілген. Ал мал өнімдерінің жалпы көлемі 103,3 пайызға жетіп, еліміздегі ең жоғары көрсеткішті құраған. Соның ішінде ет өндіру 2011 жылмен салыстырғанда 4,5 пайызға, сүт өндіру 2,2 пайызға көбейген.

Ірі қара, жылқы, құс саны да артып отырғаны байқалады. Ірі қара ішіндегі асыл тұқымды малдың үлесі – 6,9, марал – 72, жылқы – 7,1 пайызға жеткен. Облыс бойынша ауыл шаруашылығының барлық бағыты тұрақты дамып келе жатқанымен мал және егін шаруашылығы бойынша артта қалып келе жатқан аудандар аз емес.

Былтыр Ұлан ауданында қой мен ешкі саны 16,7 пайызға кемісе, Зайсан мен Катонқарағай аудандарында да бұл түліктің азайғаны тіркелініп отыр. Сонымен бірге, бірқатар аудандарда ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі де азайған. Үржар ауданында ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 5,2 пайызға төмендеген. Аталған ауданда егін мен мал шаруашылығы өнімдері көлемінің көрсеткіштері сәйкесінше 4,5 және 6 пайызға азайып кеткен. Бородулиха мен Шемонайха аудандарында да мал өнімдерінің көлемі айтарлықтай төмендеген.

Зырян, Бородулиха, Үржар, Көкпекті, Бесқарағай, Ұлан аудандары «Асыл тұқымды мал шаруашылығы» бағдарламасы бойынша бөлінген субсидияларды толық игермеген. Етті бағыттағы мал басын арттыруға бағытталған «Сыбаға» бағдарламасы былтыр 2,4 пайызға орындалмай қалған. Үржар мен Бородулиха ауданында сатып алынуға жоспарланған малдың сәйкесінше тек 13 және 83 пайызы ғана сатылып алынған. Бесқарағай, Күршім, Зайсан, Катонқарағай аудандары мен Семей қаласының шаруашылықтары да жоспарланған малды толық сатып алмаған.

Маман жетпей жатқанда
мал дәрігерлерінің санын қысқартқанымыз қалай?

Өткен жылы облыстың агроөнеркәсіп кешенінде 119 инвестициялық жоба жүзеге асқан. Солардың ішінде «Өскемен құс фабрикасын қайтадан жарақтандыру», «Бобровка +» ЖШС тауарлы-сүт фермасын құру», «Восток Бройлер» ЖШС құс фабрикасы өндірісін бройлер етін өндіретін өндіріс бағытына ауыстыру, Үржар ауданындағы «Батуа» ЖШС-інде соя өндіруге арналған суару жүйесін құру сияқты маңызды жобалар бар.

Қазіргі күні облыста 56 тауарлы-сүт фермасы жұмыс істеп тұр. Олардың төртеуі былтыр құрылған. «Бобровка+» ЖШС-нің автоматтандырылған тауарлы-сүт фермасында сүт өндіру көлемі жыл басынан бері 13,5 пайызға артқан.

Семей қаласында 138,6 мың тауыққа арналған, жылына 43 млн. дана жұмыртқа шығаратын құс фабрикасы салынып жатыр. Келер жылы толық қуатында жұмыс істеуге көшпек.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Дүйсембай Селиханов егін шаруашылығы мәселесінде егістікті әртараптандыруға баса көңіл бөлу қажеттігін атап айтты. Биыл күнбағыс алқабын 30 пайызға дейін азайтып, оның орнына рапс, соя сияқты мал азығындық, техникалық дақылдарды көптеп себуге көңіл бөлінбек. Бұл өнімдерді өсіруге бөлінетін субсидия көлемі де көбейтіліп отыр. Алайда басқарма бастығы олардың көлемін ұлғайтуға ден қойып отырған аудандар аз екенін, жергілікті жерде тиісті деңгейде жұмыс жүргізілмей жатқандығын, жұмысты жеделдету қажеттігін айтты.

Кеңесте ауыл шаруашылығы үшін үлкен мәселенің бірі болып келе жатқан маман тапшылығы проблемасы да айтылмай қалған жоқ. Мал дәрігерлері жетпей жатқанда Жарма, Көкпекті, Ұлан, Үржар аудандарынан басқа аудандардың бәрінде 20 мал дәрігері штаты қысқартылыпты. Бір ғана Семей қаласы бойынша төрт бірдей мал дәрігері қысқартылған. Ал аудандарда мал басын есепке алу жұмыстары дұрыс деңгейде жүргізілмей, барлық малдың 70 пайызға жуығы ғана есепке алынып отыр. Зайсан, Күршім, Катонқарағай, Бородулиха аудандары мен Семей қаласындағы тіркеу көрсеткіші бұдан да төмен.

Өлген малдың өтемақысына бөлінген
400 миллион теңге қайда кетті?

Кеңесті қорытындылаған облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ жалпы алғанда ауыл шаруашылығындағы көрсеткіштердің көңіл көншітетіндігін айтып, саланы одан әрі дамытуға облыстың әлеуеті жеткілікті екендігін, бір кездегі қол жеткен жетістіктерді қайтадан қайтарып, қарқынды дамуға мол мүмкіндік туып отырған сәт келгенін ерекше атап өтті.

– 1985 жылы 2 млн. 890 мың гектар егістік алқабы болыпты. Былтыр 1 млн. 217 мың гектар болған. Екі есе кем. Жер кеміп кеткен жоқ қой. Екі есе кем сеуіп жатырмыз. Себебі неде? Не болды? Жерге инвентаризация жүргізілді, «осынша гектар мынанша гектар мемлекетке қайтарылып берілді деп есеп берілгенімен нәтижесі қане? «Жайлау» бағдарламасы сәтті жүзеге асты дейміз, ал неге мал басы кеміп кетті? Бұл нақты, шынайы есептің жоқтығынан болар бәлкім? – деген облыс басшысы ұсақ шаруашылықтарды ірілендіріп, пайдаланылмай жатқан жерлерді айналымға енгізу қажеттігін, қысқасы, ауыл шаруашылығы саласының барлық бағыты бойынша есепке алу, тіркеу, талдау жұмыстарын шынайы жүргізу қажеттігін тағы да ерекше тапсырды.

– Кеңестер Одағы кезінде Шығыс Қазақстан мал басының көлемі жағынан республикада алғашқы орында, егін шаруашылығы бойынша үшінші орында болатын. Сол көрсеткіштерді қайтарып, өңірдің ауыл шаруашылығын алға бастыруымыз керек. Қазір шаруашылықтар үшін барлық жағдай жасалып, аса көп мөлшерде субсидия бөлініп жатыр. Мал шаруашылығын өркендетуге, қайта өңдеу кәсіпорындарын дамытуға орай да атқарылып жатқан іс-шаралар жетерлік. Басталған жұмыстың бәрін де қадағалап, кем-кетігін анықтап, жетілдіріп отыру керек. Облыста 8 мал өнімдерін дайындау пунктін құрдық. Ешқайсысы да жұмыс істемей тұр. Жәрмеңке өткізіліп жатыр дейсіздер, делдалдар жүрген жәрмеңкенің жұртқа тиер пайдасы қандай, оған аудандар емес, осы жәрмеңкені өткізуді ұйымдастыруға тиіс қала әкімдігі, өзіңіздің орынбасарыңыз кінәлі, – деген облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ саладағы толып жатқан өзге де өзекті мәселелердің түйінін тарқату бағытында ауыл шаруашылығы басқармасының бастығына, орынбасары В.Кошелевке нақты тапсырмалар берді.

Сонымен қатар, оларға қаржы басқармасымен бірлесе отырып Бородулиха, Үржар аудандарына өтемақыға бөлінген 400 млн. теңгенің қайда, қандай мақсатта жұмсалғанына тексеру жүргізуді тапсырды.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button