Денсаулық сақтау

Оңалту орталығынан оңалып шығады

Оңалту орталығынан оңалып шығады


Грехово кентінде мүгедектерге арналған оңалту орталығының салтанатты ашылуы болып өтті. Кезекті әлеуметтік нысанның іске қосылуы, мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін маңызды тарту болды. Облыстың түрлі өңірлерінен келген алғашқы науқастар әлеуметтік нысанның жоғары деңгейде жарақталғанына көз жеткізді.

Лента қию құрметі Зырян ауданының қоғамдық көшбасшысы Галина Денисоваға және Зырян тау-кен байыту комбинаты ардагерлер кеңесінің төрағасы Алексей Сычевке ұсынылды. Орталық қызметін алғаш рет пайдаланушыларды және ұжымды құттықтаған облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсүпова Шығыс Қазақстанда 59 мың мүгедек бар екенін атап өтті, олар ерекше қамқорлық пен назарды талап ететін адамдар. Греховода ашылған мекеме барлық заманауи стандарттарға жауап береді, соңғы үлгідегі техникамен жабдықталған. «Қазцинк» ЖШС 2013 жылы мемлекет меншігіне берген бұрынғы Грехов кенішінің әкімшілік тұрмыстық корпусын қайта жарақтандыруға республикалық және облыстық бюджеттерден 430 миллионнан астам теңге бөлінген.

Жуырда ғана орталық «сақалды» құрылыс нысаны болып саналған-ды. Аудан әкімі Айбек Кәрімов барлық проблемалық мәселелерді облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ қолдауы мен жеке бақылауы арқасында шешу мүмкін болғанын атап көрсетті. Аудан басшысы мекемені пайдалануға тапсырған мердігер Ниғмет Шаухинге («Нарын-Сервис» ЖШС) ризашылығын білдірді. Жұмыстардың бір бөлігі бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында атқарылған.

Ашылу рәсімінің құрметті қонағы болған қоғам қайраткері Светлана Ферхо Қазақстанның әлеуметтік мемлекет екенін атап өтті. Мұндай нысандарды іске қосу мүмкіндігі шектеулі адамдарға сенімділік береді, олар мемлекетке қажет екендіктерін және еліміздің теңқұқылы азаматтары болып табылатындарын сезінеді.

Ашылу салтанатында орталыққа келуші Қалымбек Мырзағалиев пен Наталья Рублева Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ атына жеке алғыстарын айтты. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Шығыс Қазақстанда жеті медициналық-әлеуметтік мекеме бар болатын, 25 жылдың ішінде арнайы әлеуметтік қызмет көрсету бойынша тағы сегіз аумақтық орталық ашылды. Әсем Нүсүпова жаңа мекемеге қажетті сыйлықтарды – 20-дан астам мүгедектер арбасы мен теледидар табыс етті.

Грехов оңалту орталығы 80 төсектік орынға шақталған, алғашқы күндері оңалтуға 76 адам жолдама алды, олардың ішінде 23-і – Зырян ауданынан. Мекеменің жұмысын жолға қою үшін Греховоға Елена Старенкова басшылық ететін облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасынан мамандар келді. Орталық директоры Айдын Ожаитов атап өткендей, оларда кадр мәселесі жоқ, штат толық қамтылған. Мамандар арасында терапевт, невропатолог, ортопед, реабилитолог және басқалар бар.

Орталықта психологиялық босаңсу бөлмесі, емдік денешынықтыруға арналған жаттығу залы, физиологиялық ем кабинеті жарақталған, сауна, монша және компюьтерлік сынып бар. Нұсқаушы Станислав Пастухов мекеме бойынша экскурсия жасап, шетелдік құрал-жабдықтардың мүмкіндіктері туралы айтып берді. Мәселен, орталықта бір сөзбен айтқанда, қай тадан жүруге үйрететін локомоциялық кабинет бар. Тренажердің әрекеті адамның табиғи жүрісінің имитациясына негізделген. Нысан интервалды вакуумды терапия аппаратымен, массажды-құйынды ваннамен де жарақталған.

Ұжымның ерекше мақтанышы – еліміздегі санаулы ғана вакумед аппараты. Ол жүрек-қан тамырлы ми қызметін жақсартады, жаралардың жазылуын жеделдетеді, булыққан немесе бітелген қылтамырларды кеңейтеді. Оны дененің төменгі жартысына арналған «қосымша жүрек» деп атайды. Ол кейбір жағдайларда аяқ-қолдарды ампутациялаудан алып қалады.

Орталықта облыс әкімінің орынбасары алғашқы науқастармен әңгімелесті.

– Орталықта тамаша жағдайлар жасалған. Біздер үшін керемет үй салыныпты. Мұнда жайлы, дәрігерлер әрқайсымыз үшін оңалту бағдарламасын әзірлеп, бізді күтіп-бағуда. Мен желтоқсанда 75-ке толамын, оңалту орталығына келу – мерейтойыма жасалған ең үздік сыйлық! – деген Семейден келген бірінші топтағы мүгедек Раиса Чакалиди Әсем Нүсүповадан ел Президентіне және облыс басшысына ұсынылып отырған оңалту мүмкіндігі үшін өзінің шынайы ризашылығын жеткізуді сұрады.

Оңалту орталығынан оңалып шығады

Оксана Сосновская
Зырян ауданы.

Осы айдарда

Back to top button