Қоқысты қайта өңдеуден өткізеді
Қоқысты даралап жинау кәсібінен нәпақа тауып отырған кәсіпкерлер өңірімізде аз емес. Осындай кәсіпорындардың бірін әрі бірегейін осыдан төрт жыл бұрын Бородулиха ауданына қарасты Жезкент кентінің тұрғыны Валерий Акулов ашқан болатын. Жылына 200 тонна қоқысты қайта өңдеп отырған кәсіпкердің қызметін кент тұрғындары түгелдей дерлік тұтынуда.
Жезкенттегі қатты тұрмыстық қалдықтарды жеке жинау үрдісі жергілікті атқарушы органдар мен кәсіпкерлердің бірлескен жұмыстары нәтижесінде сәтті іске асуда. Бүгінде кент ішіндегі тазалықты «Трансэкосервис» ЖШС толықтай қамтамасыз етіп отыр.
– Қалдық шығару және оны экологиялық жағынан залалсыздандыру қазіргі заманның ең өзекті мәселелерінің бірі болып табылады, – дейді Валерий Акулов. – Мұндай проблеманы шешудің бірден-бір жолы – қатты тұрмыстық қалдықтарды жекелеп жинап, ары қарай оны екінші қайтара өңдеу. Біз кент ішіндегі қоқыс контейнерлері тұратын алаңқайларды қайта жөндеп, оларға пластик, қағаз және тағы басқа қалдықтарды тастайтын қосымша контейнерлер орналастырдық.
Бастапқыда жергілікті тұрғындар үшін қоқысты даралап тастау жат болып көрінгенімен, кейін мұның маңыздылығын түсінген олар бүгінде бұл іске бір адамдай жұмылған. Қазіргі таңда жезкенттік кәсіпорын жылына 200 тоннаға жуық қоқысты қайта өңдеуден өткізетін көрінеді. Төрт жыл бұрын Қазақстанда алғашқылардың бірі болып қоқысты даралап жинауды қолға алған кәсіпкер бүгінде он мың тұрғыны бар кенттің 6,5 мың адамына қызмет көрсетуде. 70 жергілікті тұрғынды жұмыспен қамтыған.
– Кәсіпорын қызметкерлері кентті күн артқан сайын тазарта түсуге талпынады, – дейді Валерий Акулов. – Десе де, бұл жұмыстың қиындығы да жоқ емес. Солардың бірі –кентіміздің облыс орталығы мен Семейден шалғай орналасуы. Тапсырыспен жұмыс істейтін техникаларымыз кей кездері шыдамай бұзылып қалады. Қосалқы бөлшектер алу үшін Өскемен мен Семейге сабыламыз.
Бұдан бөлек, аудандағы елді мекендер маңында пайда болатын заңсыз қоқыс алаңдары да қоршаған ортаға қауіп төндіруде дейді ол. Дегенмен бородулихалықтар бұл мәселеге дер уақытында көңіл аударуда. Атап айтсақ, мұнда қоқысты саралап өңдейтін зауыттың жобасы мақұлданып, орналасатын жері белгіленіп қойған. Ендігі кезек қаржыға келіп тірелген.
Кәсіпорын қызметкерлерінің айтуынша, бүгінгі таңда ел аумағындағы қоқыс алаңдарында құрамында темір, мыс, мырыш және тағы басқа сирек кездесетін металдары бар қалдықтар жиналған екен. Экологтар болса, мұндай қоқыс алаңдарындағы қалдықтардың өз кезегінде түрлі улы газдар бөлетінін әрі олардың жылдар бойына сақталып тұра беретінін айтып дабыл қағуда. Оларды өртеу одан да қауіпті – ауаға улы түтін тарап, адам ағзасының ауруларға қарсы тұру қабілетін жоғалтып, түрлі аурулардың пайда болуына жол ашады. Осы себепті қалдықтарды көміп, өртеуден гөрі қайта өңдеу үрдісінің әлдеқайда тиімді екені дәлелденуде.
Мақала Бородулиха аудандық ішкі саясат бөлімінің тапсырысы бойынша әзірленді
Азамат Темірбеков