«Дидардың» қонағы

Оқырманды құдаңдай қарсы ал деп айтамын

  Кез келген саланы алға сүйрейтін өз майталманы болады. Өңірдегі кітапхана ісін алға сүйреп жүрген сондай майталмандардың бірі – Хабиба Ақжігітова. 28 жыл бойы А.Пушкин атындағы облыстық кітапхананы басқарған Хабиба Мырзаханқызының көргені де, көңілге түйгені де көп. Жақында кітапхана саласының білгірімен сұхбаттасудың сәті түскен болатын. Төменде сол сұхбатты оқырман назарына ұсынамыз.  

 Фонариктің жарығымен кітап оқитынбыз

-Хабиба апай, біздің оқырмандар сіздің өңірдің кітапхана ісін биік деңгейге көтергеніңізді жақсы біледі деп ойлаймын. Еңбегіңіз өте зор. Өзіңіз де сұхбаттарыңызда «Кітапхана – менің өмірім» дегенді жиі айтасыз. Десе де бүгінгі сұхбатымызды сіздің кітапханаға дейінгі өміріңізден бастасақ қалай қарайсыз? 

– Мен Катонқарағай ауылында туып-өстім, сондағы Ленин атындағы мектепті тәмамдадым.Үйде алты баламыз.  Ауылды жерді өзің жақсы білесің ғой, жазда   шөп шабамыз, оны жинаймыз. Сосын ол шөпті үйге жеткізу керек. Ол кезде ер адамдардың күші жетіспейді ғой.  Үйдегі шаруамен қатар сырттың жұмысын да өзіміз істедік. Анамыз кешке жарықтың бәрін өшіріп, ерте жатып қалады. Өйткені таңертең мал бар, жұмыс бар дегендей. Ал апайымыз екеуіміз  көрпенің астына тығылып, фонариктің жарығымен кітап оқитын едік.  Бір уақытта ыстықтап кетеміз. «Мына бетті сен оқып біттің бе?» деп сұрап, бірімізді-біріміз күтеміз. Біз солай кітап оқып өскен ұрпақпыз ғой. Өйткені күндіз кітап оқуға уақыт жоқ. Оның үстіне анамыз «ананы істе, мынаны істе» деп көп шаруаны бізге тапсырып кетеді. Әкем 12 жыл ауырды. Ол кісіге де күтім керек. Үйдегі алты баланы өсіріп-жеткізу анама оңай соқпағаны анық. Мектепті бітірген соң  Семей қаласындағы кітапханашылар техникумына оқуға түстім. Еңбек жолымды аудандық кітапханадан бастадым. Алғашында кітапханашы, сосын методист болдым.  Кейін Өскемендегі педагогикалық институтты сырттай бітіріп алдым.

– Кеңес заманындағы кітапханашының міндеті не еді?

– Ол кеңестік идеологияның дүрілдеп тұрған шағы ғой.  Коммунистік партия кітапханаға көп көңіл бөлетін. Тұрғындар «Правда» газетіне жазылмаса, онда  үлкен шу болатын. Біздің жазамызды беретін. Райкомның хатшысы не айтады, соның бәрін істейтінбіз. Партияның съезі өтсе, біз сол съезд материалдарын маралшыларға, қойшыларға, шөпшілерге барып, түсіндіреміз, насихаттаймыз. Съезд материалдары «Правда» газетінің бірнеше бетін алып жатады. Оқысаң, құр сөз және ешкім түсінбейтін құрмалас сөйлемдер.   Ауданның бірінші немесе екінші хатшысы бізді  маралшыларға немесе шөпшілерге алып барады да,  өздерінің жұмыстарымен кетіп қалады.  Біз жиналғандарға «Бұл съезде мына кісілер баяндама жасады. Қазақстаннан мынадай кісі қатысты,  сіздер осыны естеріңізге сақтап алыңыздар, ұмытпаңыздар, ертең партком сұраса, айтыңыздар» деп пысықтаймыз. Баяндаманы кейде  өзіміз де ұқпаймыз, жазылғанның бәрі құр сөз. Кеңестік өкімет 70 жыл бойы  құр сөзден осылай қуырдақ қуырды ғой.  Кітапханада қазақ тіліндегі әдебиеттер  өте аз болды. 1985 жылы Өскемендегі облыстық А.Пушкин атындағы кітапханаға методист болып ауыстым.

100 адамның бесеуі ғана қазақ еді

– А.Пушкин атындағы  кітапхана ұжымы сізді, яғни қазақ қызын қалай қарсы алды?

– Ол кезде мұндағы кітапханашылардың барлығы дерлік  орыс ұлтының өкілдері еді. Жүз адам қызмет істесе, соның бесеуі ғана қазақ болатын.  Әлі есімде аты-жөнін айтпай-ақ қояйын, бірде-бір кісі «На, подшивайте, только этого можешь наверно» деп бір құшақ газет-журналды алдыма әкеліп тастай салды.  Өзі Барнаулдан бітіріп келіпті. Ол кезде газет-журналдарды папкаларға тігетін.  Мен орнымнан тұрдым да  «Подшивай сама свою папку»  дедім. Кейін сол адам менің алдыма келді.  Зейнетке шығу үшін құжат жинап жүр екен. Сонда «Я преклоняюсь, я не знала что вы все можете» деп кешірім сұрағандай болды.  Бұл жағдайды әлі күнге дейін ұмытпаймын, ұмыту да мүмкін емес. Сол кездің өзінде мен кітапхана басшылығына  «Сендер ауылдағы кітапханадағылардың қандай жағдайда жұмыс істейтінін білмейсіңдер. Мен білем» деп жиі айтып отыратынмын.

1991 жылы  тәуелсіздік алдық. Ал 1992 жылдың 5  наурызында мен кітапхананың тарихында ең бірінші қазақ директоры болып тағайындалдым.

– Ол кездегі А.Пушкин атындағы кітапхананың жағдайы қандай еді?

– Ол кезде бұл кітапхана қорында қазақ тіліндегі кітаптар саусақпен санарлық қана болатын. Мысалы, Семейдің Абай атындағы кітапханасының сирек кездесетін кітаптар қорында мыңнан астам кітап болды. Бұл жерде ылғи орыстың сөздіктерін сақтаған  ғой. Қазақ тілінде сирек кездесетін кітаптар мүлдем жоқ. Тек  1945 жылы басылып шыққан  Жамбылдың кітабы ғана бар. Мен басшылық қызметке кіріскен соң қазақ тіліндегі  кітап қорын жинай бастадық. Ол үшін арнайы «Қазақ әдебиеті» деген бөлім аштық. Ауылды жерлерде жабылып жатқан кітапханалардағы кітаптарды алғызып, кітапханадағы қазақ тіліндегі кітаптардың қорын әжептәуір толықтырдық. Кітапханаға Ресейден келетін көптеген газет-журналдар тізімін қайта қарап, көпшілігін қысқарттым. Мысалы, бізге Ресейдің заңдары ендігі жерде мүлдем керегі жоқ. Тәуелсіз мемлекеттің  өзінің заңдары шығып жатыр. Әрине, бұл әрекетімді кейбіреулер  ұнатпады.  Кейде орыс ұлтының өкілдері алдыма келіп, «мен Кемеревтің, Харьковтің, Мәскеудің кітапхана  институтын бітіріп келдім, сен не істей аласың» дегендей әңгіме айтады немесе «Люда Федоровна так сделала» деп маған бұрын 25 жыл директор болған  әйелді үлгі етеді.  Ол кісі қазір Красноярскіде тұрады. Сондай кездерде «Люда Федоровна, Люда Федоровна, я не Люда Федоровна, будем так делать» дейтінмін.

– Сіз   кітапханаға ең бір қиын жылдары директор болып келдіңіз ғой. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары экономикамыз да шатқаяқтап жатты ғой…

– Иә, сондай қиын кездерді бастан өткердік. Тіпті кітапханашыларға уақытында жалақы төлеудің өзі үлкен мәселе болатын.

1995 жылы мен  Стамбулда өткен халықаралық конференцияға қатыстым. Халықаралық деңгейдегі конференция болған соң  140 мемлекеттен делегация келді. Жеті тілде баяндама жасалды. Сол сапардан кейін мен  180 градусқа өзгердім. Шетелдік озық мемлекеттердің кітапханаларынан үйренетініміз көп екенін түсіндім. Олжас Сүлейменовтің «Мыслить глобально, действовать локально» деген сөзін ойыма жақсылап түйіп алдым.

– Шетелдің кітапханаларынан нені үйренуге болады екен?

– Мысалы, Нью-Иоркте эмигранттар қаланың мэріне немесе мэрияға бармайды. Олар алдымен кітапханаға барады екен.   Кітапханада интернет тегін. Тіл үйренем десең, курсқа жазыласың, жұмыс іздеймін десең, тіпті резюмені қалай жазу керектігіне дейін көрсетіп, қол ұшын созады. Балаңды балабақшаға,  болмаса мектепке орналастыру керек пе, оның да жолын көрсетеді. Олар жұмыссыз жүрген адамдарды рухани-моральдық тұрғыдан қолдауға әрқашан әзір. Кейде әлі күнге дейін біздің кітапханашылардың көзқарасының өзгермегеніне қынжыламын. Мен үнемі кітапханашы қыздарға «Кітапханаға келген оқырманды құдаңдай қарсы алуың керек» деп айтамын. Сендер құдаларыңды қалай қарсы аласыңдар? Әрине, күліп, жадырап қарсы аласыңдар. Ал оқырман келсе, қасына жоламайсыңдар. Коммуникация деген мүлдем жоқ. Ана кісі қандай мақсатпен келді? Мүмкін бірдеңеден қысылып, қиналып келген шығар, оны  неге сұрамайсыңдар деп ренжимін. Диалог болған соң ол кісі ашылып  бәрін айтады ғой.

Қазір Ресейде «Библиотека нового поколения»   деген жоба қолға алынып, оған миллиардтаған қаржы бөлініп жатыр.  Неге бізде бөлінбейді? Өйткені біздің кітапханашылар өз жұмысын көрсете алмайды, не керек екенін айта алмайды.  Сондықтан да кітапханашылардың кәсіби деңгейін көтеруге көп көңіл бөлуіміз керек деп ойлаймын.

– А.Пушкин атындағы облыстық кітапхана директоры  болып тұрған кезіңізде сіз бюджеттен тыс қаражат көзін көп тарттыңыз ғой…

– Санап отырсам, 30-дан астам жоба жазып, жүзеге асырыппыз. Бұған қоса жыл сайын шетелде өтетін конференцияларға  өзім де қатысып, қыздарды да апарып отырдым.  Конференция дегеніңіз үлкен білім ғой. Ол жерде небір көрмелер болады. Көргендерімді, көңілге түйгендерімді өз кітапханамызға енгізуге тырыстым.

1997 жылы біздің кітапхана  бірінші болып халыққа интернетті пайдалануды үйрете бастады. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін тағы да грант ұтып алып, компьютерлер сатып алдық. Сөйтіп  «Жазғы интернет мектебі» 10 жыл бойы жұмыс істеді.  Жыл сайын 25 кісіден, бүкіл Қазақстанның кітапханашыларын оқыттық. Ол үшін Мәскеуден профессор шақырдық. Он жылдың ішінде  250 адам интернеттің қыры мен сырын біліп шықты. Кітапханада Америка бұрышын  ұйымдастырдық. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балалары үшін   екі жыл бойы ағылшын тілі тегін оқытылды. Кейін сол жердегі тіл үйренген балалардың көбі шетелге оқуға кетті.  БҰҰДБ-мен  бірлескен жоба жасап, 32 ауылда онлайн-орталық аштық. Айта берсек, мұндай жобаларымыз өте көп.

Кітапханашы жан-жақты болуы керек

-Айтыңызшы,  көңіліңізден шығатын кітапханашы қандай?

-Қандай дейсіз бе? Қазіргі кітапханашы ол – журналист, ол – аудармашы, ол – экскурсовод, ол –  педагог, ол – компьютердің тілін жетік білетін маман.  Қазіргі кітапханашы  жан-жақты болуы керек.  Кітапханашы үнемі ізденісте болуы тиіс. Өкінішке қарай, кітапханашылар даярлайтын оқу орындары әлі күнге дейін кеңестік заманнан қалған оқулықтарды пайдалануда. Меніңше, оқу бағдарламасын да қайта қарау қажет. Қазір шетелдік бір профессордың кітапханашыларға арналған жақсы бір оқулығын қазақ тіліне аударуды ойлап жүрмін. Онда 21 ғасырда кітапханалардың қалай жұмыс істеу керек екені туралы жан-жақты жазылған.  Мен А.Пушкин атындағы облыстық кітапхана директоры болып 28 жыл қызмет атқарыппын. Қазір О.Бөкей атындағы қалалық кітапхананың басшысымын. Бірақ әлі де ізденемін, әлі де оқимын.

– Кітапхана директоры қандай кітаптар оқиды екен? Сұрауға бола ма?

– Қазір Юваль Ной Хараридің «21 урок для ХХІ века» деген кітабын оқып жатырмын.

– Шаршамайсыз ба? Осыншама шаруаны атқару үшін күш-қуатты қайдан аласыз?

– Жоқ, шаршамаймын. Өйткені, кітапхана – менің өмірім. Кітапханаға ерте келіп, кеш қайтамын. Одан бөлек табиғат аясында демалғанды жаным сүйеді. Күнде таңғы алтыда тұрып,  далада серуендеймін. Жауын-шашынды, қыстың аязды күндері  болсын, далаға шығу әдетім.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан – Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button