Облыс орталығының мектептері елімізде ұйымдастырылған экологиялық сағат акциясына бір адамдай жұмылды. Келешек ұрпақты қоршаған ортаны қорғауға баулитын шара аясында Өскемен қаласындағы №24-ші орта мектепке ат басын бұрған өңір басшысы Даниал Ахметов оқушылармен бірге самырсын көшеттерін отырғызды.
Облыстық білім басқармасы мен табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы бірлесе ұйымдастырған экологиялық сағат өңірдің барлық жалпы білім беретін мектептерінде бір мезетте өткізілді.
–Экологиялық жағдай бұл біздің әлеуметтік өміріміздің ажырамас әрі маңызды бөлігі болып табылады. Ғалымдардың айтуынша, экологиялық жағдай елдің тұрақты дамуының 20-30 пайызын қамтамасыз ететін көрінеді. Сол себепті сіз бен біздің ең бірінші міндетіміз айналамызға ағаш отырғызып, жасыл желектің санын көбейту, – деді облыс әкімі Даниал Ахметов.
Экологиялық жағдайдың қарапайым нәрселерден бастау алатынын айтқан өңір басшысы, әр адамның жеке тазалығы – экологиялық тұрақтылықтың басты кепілі екенін тілге тиек етті. Өңір басшысының айтуынша, биылғы сәуір айында облыстағы барлық мектептердің ауласына ұстаздар мен оқушылар 132 мыңнан астам ағаш көшетін отырғызған екен. Жақын арада мұндай жұмыстар Өскеменнің 19-шы тұрғын ауданы мен Күленов кентінде және Семейдің жаңадан бой көтерген Қарағайлы ауданында да жалғасын таппақ.
– Қай-қайсымыздың болмасын экологияны жақсартуға қосқан кішкентай ғана үлесіміз қаламыздың ауасын тазарта түсері анық. Ағашты сындырмай керісінше оның өсуіне жағдай жасағаның, табиғатқа қоқысты шашпай, оны жинап кеткенің – міне осындай қарапайым істер сенің экологиялық тұрақтылыққа қосқан үлесің. Ата-бабаларымыз ұлан-ғайыр алқапты бізге аманат етті. Сондықтан бабадан қалған мұраны сақтай білейік, – деп қосты Даниал Ахметов.
Келесі жылдың көктемінде аталмыш мектепке тағы бір мәрте ат басын бұратынын айтқан аймақ басшысы алдағы көктемде бүгінгіден де көп көшет отырғызылатынын алға тартты. Сондай-ақ бұл күні мектеп оқушыларымен бірге Қазақстанның төрт дүркін чемпионы, әйелдер клубтары арасындағы Азия чемпионатының жүлдегері «Алтай» волейбол клубының қыздары да самырсын көшеттерін отырғызуға атсалысты.
– Республикалық «Экологиялық сағат» акциясына біздің мектеп қызметкерлері мен оқушылары бір адамдай жұмылды. Таңертеңнен мектепалды даярлық сыныптарынан бастап 11- сыныпқа дейін сынып сағаттары ұйымдастырылып, онда экология мәселелеріне байланысты тақырыптар қозғалды. Келесі кезекте барлық оқушы тысқа шығып, мектеп маңына ағаш көшеттерін отырғызды. Жалпы, біз қоршаған ортаны қорғауда бір ғана акциямен шектеліп қалған емеспіз. Мұндай шаралар таңсық емес, білім ордасында қоршаған ортаны қорғауға арналған шаралар жиі өткізіліп тұрады, – деді №24-ші мектептің қазақ тілі пәні мұғалімі Сайра Құраубаева.
Қоса кетсек, бұл күні облыстағы барлық мектептерде ұйымдастырылған «Экологиялық сағат» акциясына 100 мыңнан астам оқушы мен жеті мыңға жуық ата-аналар, педагогтар және жергілікті атқарушы органдар өкілдері қатысты.
Азамат Темірбеков