«Дидардың» қонағы

Нәзира Рахманқызы, кинотанушы: – Көрермен экраннан өзін көргісі келеді

Нәзира Рахманқызы, кинотанушы: - Көрермен экраннан өзін көргісі келеді

Қазіргі қазақ киносы қандай деңгейде? Бұл салада нендей жетістіктер мен кемшіліктер бар? Осы және өзге де сауалдар төңірегінде өнертану кандидаты, Қазақ ұлттық Өнер университетінің доценты Нәзира Рахманқызымен сұхбаттасқан едік.

– Қазіргі қазақ киносы қай бағытта дамып келеді?
– Бүгінгі қазақ киносының негізгі екі бағытын айту керек. Бірі –жанрлық, екіншісі – авторлық кино бағытында түсірілген фильмдер деп айтуға болады. Бұл – кино өнеріндегі үнемі қатар келе жатқан бағыттар. Елімізде түсіріліп жатқан көркемсуретті фильмдердің дені, әрине, Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында, бірқатары жеке студияларда түсіріліп келеді. Соның ішінде «Қазақфильмде» түсіріліп жүрген фильмдерге тоқталайын.
Соңғы алты жылда бұл киностудияда елуден астам көркемсуретті фильм түсіріліпті. Олардан қазақ киносына көрерменді тарту жолында киностудияның көп еңбектенгенін көруге болады. Сол себептен киностудия жанрлық фильмдерге баса назар аударады. Өйткені, көрерменді қызықтыратын да осы жанрлық фильмдер. Осы ретте детектив, криминалдық драма, тарихи драма, комедия, мелодрама, балаларға арналған фэнтези жанрларына басымдық берген. Әрине, олардың барлығы үдеден шықты деп айтуға болмайды. Жанрлық фильмдердің бірқатары американдық фильмдерді еске түсіреді. Кейіпкердің сыртқы пошымы мен оқиға өтетін орын ғана фильмнің қазақстандық екенін аңғартады. Ал кейіпкерлердің жүріс-тұрысы мен өзін-өзі ұстауынан ешқандай ерекшелікті көре алмаймыз. Бұл жерде ұлттық мінез-болмыс туралы әңгіме қозғаудың өзі қиын. Туындылар таза коммерциялық фильмдердің заңдылығына жүгінген. Мысалы, «Виртуальная любовь» (2012, реж. Ә.Қарақұлов), «Препод» (2012), «Ликвидатор» (2011, реж. А.Сатаев), «Охота за призраком» (2014, реж. М.Құнарова), «Кенже» (2014, реж. Е.Тұрсынов), «Заговор Оберона» (2014, реж. А.Баталов) сияқты тағы басқа фильмдер бар.
Жоғарыда аталып өткен фильмдердің кейіпкерлерінің бейнесі бір-бірін қайталайды, олардың болмысында, мінез-құлқында, дүниетанымында қандай да бір ұлттық ерекшелік жоқтың қасы. Бұл шығармалардың барлығында әрбір фильм сайын қайталанып отыратын үйреншікті схеманы, яғни әділдік немесе махаббат жолында жалғыз өзі күресуден бас тартпайтын және міндетті түрде соңында жеңіске жететін кейіпкерлерді, шым-шытырық оқиғаларды көреміз.
«Армандастар» (2011, драма, реж. Е.Сағынов), «Қара шаңырақ» (2011, драма, реж. Асқар-Мұхит Нарымбетов), «Дорога домой» (2015, драма, реж. Р.Сүлейменов) сияқты жанрлық фильмдердің бірқатарында Отанға, туған жерге оралу, ұлттық тамырымен қайта қауышу тақырыбы көрсетіледі. Ал енді «Жиде. Кешіккен махаббат» (2010, «Қазақфильм», «Tanaris Produktion», мелодрама, реж. С.Құрманбеков), «Ирония любви» (2010, «Қазақфильм», мелодрама, реж. А.Черняев, Е.Рүстембеков, Қазақстан-Ресей), «Жерұйық» (2010, реж. С.Тәуекел, драма), «Возвращение в «А» (2010, реж. Е.Кончаловский, тарихи драма) т.б. сияқты жанрлық фильмдерде халықтар достығы тақырыбы көрініс табады.
Жанрлық фильмдердің бірқатары тарихи тұлғалардың өмірбаянына негізделген. Соңғы жылдары «Аманат», «Құнанбай» фильмдері түсіріліп, көрерменге ұсынылды. Жанрлық фильмдердің бірқатары фэнтези жанрында түсірілген. Шынын айту керек, бұрындары бұл жанрда фильмдер түсіріле қоймаған еді. Кинокомикс жанрында да фильм жарыққа шықты. Алайда, бұл шығармалардың көркемдік деңгейі туралы әңгіме бөлек, әрине…

Америка, еуропа фильмдерін қайталайтын кинолардан жалықты

– Қазақ көрермені қай жанрдағы фильмдерді құп көреді деп ойлайсыз?
– Ежелден көрерменді аса қызықтыратын бірнеше жанр бар. Олар
– комедия, драма, криминалдық драма, тарихи драма, мелодрама, детектив. Бізде әзірге түсіріліп жүргені де – осы жанрлардағы фильмдер. Шынын айтқанда, қазіргі көрерменді америка немесе еуропа елдерінің нақышында түсірілген жанрлық фильмдермен «алдаусырату» қиын. Өйткені, бүгінгі технологияның дамыған заманында кез келген бейнеақпаратты алу күрделі емес. Әр көрерменнің үйінде компьютер бар, қолында ноутбук, телефон жүр. Кинотеатрға барып үлкен экраннан фильм көруге көп адам құлықсыз. Оның бірнеше себебі бар, әсіресе, үлкен қалаларда өмір сүру динамикасы тым жылдам. Уақыт тапшы, сондықтан, әркім өзіне тиімді уақытта қолындағы ноутбуктен немесе телефоннан фильм көреді. Алайда, фильмді кинотеатрдағы үлкен экраннан көру мен қолыңдағы телефонның алақандай экранынан көрудің арасы жер мен көктей. Үлкен экранда жақсы фильмнің әрбір деталі, бояу, дыбыс, актердің ойыны, т.б. барлығы анық көрінеді. Одан алатын әсерде мүлдем өзге. Ал телефонның экранынан жаңағы жақсы фильмнің жақсы дүние екені байқала бермеуі мүмкін. Сондықтан техниканың жылдам дамуы бір жағынан фильм көру мәдениетіне өзгерістер әкелді деуге болады.
Қазіргі көрермен америка немесе еуропа фильмдерін қайталайтын кино туындылардан жалықты. Көрермен экраннан өзін, жанындағы жүрген таныстарын, өзі куә болып жүрген тұрмыс-тіршілікті көргісі келеді. Ал режиссерлер оларға әлі де бала кезден көріп өскен америка немесе еуропа фильмдерінің кейіпкерлеріне немесе оқиғаларына ұқсас дүниені ұсынуда. Режиссерлеріміздің қателесетін тұсы да осы…
Дегенмен ауызды үнемі қу шөппен сүрте беруге де болмайды. Драма жанрындағы «Жаужүрек мың бала», «Шал» фильмдері көрерменнің көңілінен шықты. Жақында ғана комедия жанрында түсірілген «16 қыз» (реж. Қ.Мұстафин), драма жанрындағы «Анаға барар жолда» (реж. А.Сатаев) фильмдерінің тұсаукесері өтті. «16 қыз» фильмінің кинотеатрлардағы көрсетілімі басталып та кетті.
Ал жеке студияларда түсірілген «Осторожно, корова!», «Ғашық жүрек», «Он и она» т.б. фильмдердің барлығы сол мелодрама, драма, комедия жанрларында түсірілген фильмдер ғой. Сондықтан басында айтып өткендей, көрерменнің көретін жанры өзгере қойған жоқ.
– Кино саласында «Жаңа толқын» деп аталған буыннан кейін,
халық көңілінен шыққан режиссерлер деп кімдерді атар едіңіз?
– «Жаңа толқын» киносы 80 жылдардың соңында пайда болды. Олар
бірден қоғамға деген сыни көзқарасымен келді. Бұл бағыттың режиссерлері қазақ киносының алдыңғы буын өкілдеріне қарағанда стиль, идея тұрғысынан мүлдем өзге кино түсіргісі келді. «Жаңа толқынның» шығармаларын қоғам әрқилы қабылдады. Олардың шындығы біреудің намысына тиді, енді біреулер қолдады. Бірақ қалай десек те, сол режиссерлердің шығармаларында тұтас бір кезеңнің белгісі бейнеленіп қалды.
Өмір бір орында тұрмайды. «Жаңа толқын» режиссерлерінен кейін қазақ киносына Нариман Төребаев, Данияр Саламат, Ерлан Нұрмағамбетов, Әділхан Ержанов, Эмир Байғазин, Жасұлан Пошанов сияқты бірнеше жас кинематографистер келді. Бірақ бұл буын тұтас бір көркемдік ағымға айнала алды ма? Немесе оларға «ағым яки бағыт» деп айдар тағудың қажеті бар ма? Әрине, бұл жастар кино әлемінде шығармашылық әлеуетін көрсетті, десе де сәтті туындылары әлі алда деп ойлаймын.
– Өнер адам жанын ізгілендіруге қызмет етуі тиіс деген ой көп
айтылады. Кейінгі жылдары елімізде түсірілген фильмдерде өнердің бұл функциясы қаншалықты ескеріліп жүр?
– Оныңыз рас. Ізгілік деген ұғымның аясына үміт, сүйіспеншілік,
мейірім, парасат деген түсініктердің бәрі кіреді ғой. Онсыз адамзаттың өмірі құрдымға кететіні белгілі. Сол себепті, адам баласы өнер мен әдебиеттен ылғи да рухани тірек іздейді. Осы ретте бүгінгі қазақ киносы ізгілікті дәріптеп отыр ма деген сұрақ туындауы заңды да. Алайда, бұл мәселенің екі жағы бар. Бір фильмдер болады, нағыз өнердің туындысы деген талаптарға жауап беруі мүмкін. Бірақ олар тым ауыр, күрделі, тіпті пессимистік көңіл күйге тұнып тұруы да ғажап емес. Ол шығармалардың қантамырында шындық пен шынайылық «менмұндалап» тұрады. Ол шындық – біздің бүгінгі өміріміздің, көңіл күйіміздің көрінісі немесе адамзат өмірінің мәні туралы философиялық толғаныстар болуы мүмкін. Ондай фильмдер ойға, мұңға жетелейді. Сондықтан, тәтті қиял мен елеске қарағанда, шынайы сезімге құрылған осындай шығармалардың орны тым маңызды және олар кино тарихында үздік шығармалар болып қалатыны да белгілі.
Бастысы, ол шындық пен шынайылық қалай көрсетілді? Суреткердің өзі өмір сүріп жатқан қоғамға, адамдарға деген көзқарасы қандай? Мәселе осында ғой. Мысалы, Серік Апрымовтың «Бауыр» (2013), Дәрежан Өмірбаевтың «Студент» (2011) деген фильмдері бар. Екі фильмнен де менталитетіміздің, бүгінгі қоғамның белгілерін көреміз. Бастысы, ол фильмдерде әлдекімдерді кінәлау, қаралау, өмірдің күңгірт тұстарын тым қоюландырып, «байбалам салу» деген атымен жоқ. Бірақ екі фильм де өте мұңды. Екі режиссер де «тәтті қиялмен» өздерін де, бізді де «алдамайды». Елу жыл өткен соң, «ХХI ғасырдың екінші онжылдығындағы қазақтар қандай болды, қалай өмір сүрді, неліктен мұңайып немесе қуанды екен» деген сұрақтардың жауабын осындай фильмдерден табатынына кәміл сенемін. Бұл жерде фильмнің хроникалық-деректі шығарманың міндетін атқаруы керек деп отырған жоқпыз. Бастысы – бүгінгі қоғамның, ұлттық болмыс көрінісінің көркемдік шындығы.
Әлемнің кез келген классикалық шығармасын алып қараңыз, қандай жанрда, қандай стильде түсірілмесін, оның астарында суреткер өмір сүрген қоғамның, жалпы адам болмысының шынайы келбетін көреміз. Сол себепті, «Бауыр», «Студент» сияқты фильмдер өзінің көркемдік шындығымен құнды деп ойлаймын.
Немесе Данияр Саламаттың «Кішкентай» (2011) деген фильмі бар. Бұл фильмнің атмосферасы жоғарыда атап өткен фильмдерге қарағанда, мейірімділікке, лирикалық сарынға тұнып тұр. Тіпті, кейбір сәттерінде кейіпкерлерінің іс-әрекеті күлкі де тудырады. Фильмде келешекке деген үміт бар. Бірақ бәрібір астарында мұң жатыр. Қазақ қыздарының тағдырына деген мұң. Режиссер сол мұңның өзін мейіріммен көрсетеді. Мұнда жеңіл жүріспен күнделікті нәпақасын тауып жүрген қыз-келіншектер де бар. Оқимын, жұмыс істеп, карьера жасаймын деп жүріп, бір отбасының анасы бола алмаған, өмірдегі еншісіне жатақхананың тар бөлмесі ғана тигендері де бар. Өмірдің өзінен алынған кейіпкерлер ғой. Режиссер осындай кейіпкерлерді көрсету арқылы бүгінгі қазақ қоғамының «жарасын» білінер-білінбестей «тырналап» отыр. Бірақ «қан шығармайды». Яғни, бәрібір келешекке деген үмітін үздірмейді.

Бүгін бағаланбаған туындылар ертең халықтың сүйіспеншілігіне бөленуі мүмкін

– Бір қарағанда елімізде кино бұрнағы жылдардан гөрі жиі түсіріле бастаған сыңайлы, бірақ, жалпы халықтық сүйіспеншілікке бөленгендері жоқтың қасы. Мұның себебі неде деп ойлайсыз?
– Сөзіңіздің жаны бар, әрине. Бірақ, кейбір шығармалар уақыт өте
келе өзінің бағасын алуы да ғажап емес. Кезінде «Қыз Жібек» фильмі туралы да сынның көп айтылғанын білеміз. Бірақ уақыт өте келе нағыз халықтық фильмге айналды. Кім біледі, қазір аса бағаланбай жүрген фильмдер ертең халықтың сүйіспеншілігіне бөленуі әбден мүмкін.
Соңғы бес-алты жылда түсірілген фильмдердің ішінен кемі үш-төртеуі көрермен жағынан жолы болды деп ойлаймын. Мысалы, «Қазақфильмде» түсірілген «Жаужүрек мың бала», «Шал», «16 қыз» фильмдері, жеке студияларда түсірілген біраз коммерциялық жобаларды айтуға болады. Өйткені, бұл фильмдер әу бастан-ақ көрерменді тарту мақсатымен түсірілген еді. Сондықтан, олардың жақсы жарнамасы, прокаты болды. Әрине, барлық фильм көрерменге арналуы керек, көрермені жоқ шығармадан не пайда деген сұрақ болуы мүмкін. Жақсы фильм бе, жоқ па деген таңдау болуы үшін, көрермен алдымен оны көруі керек қой. Ал бізде, әсіресе, мемлекеттік студияда түсірілетін фильмдердің көпшілігі көрерменге жете бермейді. Кинотеатрларда көрсетілмейді. Қуана-қуана көрсетіп жатқан телеарналарды да байқамадым. Тек тұсаукесермен ғана шектеліп қалатындары да бар. Біраз фильмдерді тек киноның айналасында жүрген мамандар ғана білуі мүмкін. Сондықтан басты мәселе – фильмдердің көрерменге жетпеуі.
– Жеке студияларда түсіріліп жүрген коммерциялық жобалар нағыз өнер туындысы ма, әлде соңғы онжылдықта телеарнаның өнімдерімен тәрбиеленген көрерменнің талғамына жауап беретін фильмдер ме? Жалпы, біздің көрерменнің жүрегін жаулап алатын фильм қандай болуы керек? Бүгінгі көрерменнің талғамы қандай?
– Меніңше, бүгінгі көрерменнің талғамы туралы әлі зерттеулер жүргізілген жоқ. Өйткені, бүгінгі көрермен әртүрлі. Оның басты себебі – аудио-бейнеақпараттың ғаламат тасқыны. Қазір кез келген адам интернетті ашады да, қалаған фильмін көре алады. Мұндай мүмкіндікке ие көрерменді бір жарым сағат залда тапжылтпай отыру үшін қандай туынды керек. Осы жерде тағы бір сұрақ туындайды: көрерменнің көңілін аулаймыз деп, «Осторожно, корова!», «Келинка Сабинка», «Побег из ауыла», «Кенже», «Виртуальная любовь» сияқты фильмдерді үнемі түсіре берсек, оның түбі қайда апарады? Ал, менің, сіздің, көршіміздің, ауылдағы туысқанның, қаладағы үйсіз-күйсіз, жұмыссыз жүрген таныстарымыздың немесе тарихи тұлғалардың өмірі туралы фильмдер қайда қалады? Ал түсіріле қалған жағдайда, ол фильмдерді көрерменге қалай жеткіземіз? Көрермен оларды көрмесе, білмесе, қалай таңдау жасайды? Байқағанымыздай, бір мәселе бірнеше мәселенің ұшын шығарды.
Біздің әзірге әңгімелеп отырғанымыз – көркемсуретті фильмдер ғана. Ал енді деректі кино, анимациялық кино деген де бар емес пе? Олардың жағдайы не болады? Қазіргі таңда қаншама деректі фильмдер түсірілді. Бірақ оларды көрерменнің көру-көрмеуі екі талай. Жолы болғандары телеарналардан бір-екі рет көрсетілуі мүмкін. Ал қалғандарының жағдайы белгілі. Әрі кеткенде, басшылық және сол фильмнің түсірілуіне қатысқан оншақты адам, одан қалса бір-екі сыншы білуі мүмкін. Болды. Сондықтан тек көркемсуретті фильмдер ғана емес, жалпы елімізде түсіріліп жүрген деректі, анимациялық фильмдердің көрерменге жетуіне жағдай жасайтын мықты жүйе керек. Ол жүйе мемлекет тарапынан жүзеге асуы тиіс. Сонда ғана көрерменді жаулап алған фильмдерді анықтай аламыз деп ойлаймын.
–Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан – Балауса Әбдіқайымқызы

Осы айдарда

Back to top button